Елордамыз Астана қаласында футзалдан әуесқой командалар арасында өтіп жатқан Қазақстан Республикасының X біріншілігінде қамысқалалық аяқдопшылар жарқын нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 80 команда бақ сынап жатқан тартысты додада жерлестеріміз өз тобынан бірінші орынмен шығып, 1/32 финалдағы қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, енді 1/16 финалында бақ сынамақ.
Турнир барысында Қамысқала құрамасы А тобына түсті. Алғашқы ойында олар “Металист-Қызылжар” командасын 6:0 есебімен ойсырата жеңіп, жарысты сенімді бастады. Екінші кездесуде ақмолалық “Ұзынкөл” командасымен өткен матч аса тартысты болды. Ойын барысында 1:4 есебімен жеңіліп жатқан жерлестеріміз қайсарлық танытып, керемет камбэк жасап, матчты 5:4 есебімен өз пайдасына аяқтады. Топтағы соңғы ойында павлодарлық “Сұңқар” клубына 1:3 есебімен есе жібергенімен, жинаған ұпайларының арқасында Қамысқала командасы өз тобында бірінші орынды иеленді.

Жерлестеріміз мұнымен тоқтап қалмай, плей-офф кезеңінде де жақсы ойын өрнегін көрсетті. 1/32 финалда ақтөбелік “Стандард” командасын 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Бүгін, яғни 22 наурыз күні сағат 18:30 да, қамысқалалық футболшылар павлодарлық “Арман” командасымен 1/16 финалда кездесіп, келесі кезеңге өтетін жолдаманы сарапқа салмақ. Еске сала кетсек ойындарды “LLFkzAstana” YouTube арнасынан тамашалай аласыздар!

Жерлестерімізге алдағы кездесуде сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көріне берсін деген тілек білдіреміз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

