ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты тағылымды шара өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Семей ядролық полигонының зардабын көрген ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерлігі мен азаматтық ұстанымын кейінгі ұрпаққа үлгі ету, сондай-ақ ядролық сынақтардың адамзат пен табиғатқа тигізген зардабын ұмытпау. Шара барысында алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқановқа берілді.

 Ол өз сөзінде қасіретті кезеңді бастан өткерген азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, ел тарихындағы маңызды оқиғалардың мәнін жас ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ардагерлерге аудан басшысының Алғыс хатын табыс етті.

Келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Жәнібек Ещанов та шараның маңыздылығына тоқталып, Семей ядролық полигонының жабылуы – ел тарихындағы айтулы оқиға екенін атап өтті. Бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыстады.

 

Тағылымды басқосу концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермен назарына қасіретті кезеңнің ауыртпалығын бейнелейтін көрініс ұсынылып, ел тарихын, бейбітшіліктің қадірін дәріптейтін әндер шырқалды. Шара соңында Атырау облысы Семей ядролық полигоны төрағасы Самиғолла Қартмағанбетов аудан әкімдігіне ардагерлерге көрсеткен құрметі мен ұйымдастырылған тағылымды шара үшін алғыс білдіріп, ардагерлерге Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай мерекелік медаль табыс етілді.

 

Семей ядролық полигонының тарихы – халқымыздың жадында мәңгі сақталуға тиіс қасіретті кезең. Оны ұмытпау – өткенге тағзым ғана емес, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырудың маңызды жолы.


Еркебұлан ЗИНЕДЕН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT