IT саласы – тек жоғары сұранысқа ие мамандық қана емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Мемлекеттің цифрлық әлеуеті ең алдымен білімді, жаңашыл ойлайтын, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандармен өлшенеді. Солардың бірі – Зинеден ауылында дүниеге келген Айдос Жеңісов. Оның білімге деген құштарлығы туған ауылындағы Юрий Гагарин атындағы мектеп қабырғасында қалыптасып, кейін Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар қазақ-түрік лицейінде жалғасын тапты. Мектеп кезінен-ақ математика мен информатика пәндеріне ерекше қызығушылық танытқан Айдос күрделі есептерді шешуге құмар, логикалық ойлау қабілеті жоғары оқушы ретінде танылған. Уақыт өткен сайын бұл қызығушылық саналы таңдауға ұласып, ол өз болашағын ақпараттық технологиялар саласымен байланыстыруға нық шешім қабылдады.

Мектепті сәтті аяқтаған Айдос жоғары білімін Қазақ-Британ техникалық университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша алып, ақпараттық технологиялар саласындағы берік теориялық негізді қалыптастырды. Кейін білім көкжиегін кеңейтіп, Satbayev University-де «Software Engineering» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, ғылыми дәреже иеленді.
Еңбек жолын жас маман ретінде Алматы қаласында бастаған ол алғашқы қадамын Codebusters компаниясында Frontend Developer қызметінен бастаған. Қысқа уақыт ішінде өзінің кәсіби қарым-қабілетін дәлелдеп, еліміздің цифрлық кеңістігіндегі маңызды жобалардың жүзеге асуына үлес қосты. Солардың қатарында ай сайын 50 мыңнан астам тапсырыс өңдейтін Kinopark.kz кинотеатрлар желісінің билет сату жүйесі мен миллиондаған азамат пайдаланатын Gov.kz мемлекеттік порталы бар. Бұл жобалар оның тек бағдарламашы ғана емес, қоғамға қажетті цифрлық шешімдерді жүзеге асыра алатын білікті маман ретінде қалыптасуына жол ашты.

– Ұзақ уақыт бойы мамандық таңдау мен үшін қиын шешімдердің бірі болды. Дегенмен, көп ойлана келе, өзіме ұнайтын және қызығушылығыма сәйкес келетін мамандықты таңдадым. Менің бала кезден келе жатқан қызығушылығым компьютерлер ішіндегі бағдарламалармен жұмыс істеуге байланысты болды. Бұл қызығушылығымды ата-анам да байқап, мамандық таңдауыма үлкен қолдау көрсетті. Сондықтан ата-анамның бағыт-бағдарын және өз қызығушылығымды ескере отырып, «Ақпараттық технологиялар жүйелері» мамандығын таңдадым. Бұл мамандық өзінің артықшылықтарымен менің қызығушылығымды одан әрі арттырды. Нақты мамандығымды таңдағаннан кейін, Қазақстандағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі — Қазақ-Британ техникалық университетінде білім алуды шештім. Ақпараттық технологиялар қазіргі қарқынды дамып келе жатқан әлемде маңызды рөл атқарады. Сол себепті IT саласы ең сұранысқа ие және болашағы зор бағыттардың біріне айналып отыр. IT мамандығын таңдау туралы шешім қабылдағанда, бұл саланың көптеген мүмкіндіктер ұсынатынын түсіндім. Біріншіден, IT саласы технологиямен айналысатын адамдар үшін үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл үнемі дамып отыратын, күн сайын жаңа әрі қызықты міндеттерді ұсынатын сала. Бағдарламалық жасақтама әзірлеу, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және жасанды интеллект сияқты бағыттарда өзін дамытуға болады. Үнемі білім алу және жаңа дағдыларды меңгеру мамандарға кәсіби тұрғыдан өсуге және мансаптық жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, IT мамандарына деген сұраныс жоғары және бұл саланың еңбек нарығындағы тұрақтылығы байқалады. Соңғы жылдары IT секторы ең жылдам дамып келе жатқан салалардың біріне айналды және оның дамуы алдағы уақытта да жалғасады деп күтілуде. Кәсіпорындар өз қызметінде технологияларды кеңінен қолданатындықтан, олардың жүйелерін басқару және дамыту үшін білікті IT мамандары қажет. Бұл жағдай мамандардың жалақысының өсуіне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етеді. Үшіншіден, IT саласы әр адамның қабілеті мен қызығушылығына сай көптеген мамандық бағыттарын ұсынады. Бағдарламалаудан бастап жобаларды басқаруға дейін түрлі кәсіби мүмкіндіктер бар. Әр адам өзінің қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келетін бағытты таңдай алады. Сонымен қатар IT саласының халықаралық деңгейде дамуы адамдарға әртүрлі елдердің мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуге және әлемдік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді,-деген ол осы саланы таңдағаны үшін еш өкінбейтінін жеткізді.
Кейіпкеріміз үшін кәсіби жолындағы елеулі белестердің бірі – 2021 жыл. Осы жылы ол 1Fit.app халықаралық фитнес-стартапында Frontend Team Lead қызметіне көтеріліп, цифрлық өнімді дамыту ісіне жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен 3 елдің 5 қаласындағы 1000-нан астам спортзалды біріктірген, ай сайын 100 мыңнан астам адам пайдаланатын онлайн фитнес-жазылым платформасы жаңа деңгейге көтерілді. Бұл – жас маманның халықаралық ІТ индустриясындағы қарымды еңбегінің нәтижесі десек те болады.
Иә, өз саласының озық маманы бүгінде көпшілікке қолжетімсіз саналатын қызметте еңбек етіп жүр. Бұл жұмыстың өзіндік қиындықтары бар. Дегенмен шынайы ниет, үздіксіз ізденіс пен табандылық болса, кез келген кедергіні еңсеруге болатынын кейіпкеріміз әңгіме барысында атап өтті.– Басында, әрине, бұл салада әсіресе шетелдік компаниялармен жұмыс жасау бәрі өзгеше әрі қиын көрінеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған, түрлі мәдениет пен әртүрлі ойлау жүйесінің өкілдерімен бір командада жұмыс істеу – мен үшін үлкен тәжірибе. Әр елдің өзіндік жұмыс стилі, қарым-қатынас мәдениеті бар. Алайда уақыт өте келе бәріне бейімделіп кетесің. Біздің ортақ жұмыс тіліміз - ағылшын тілі. Жобаларды талқылау, код бойынша пікір алмасу, жиналыстар өткізу - барлығы ағылшын тілінде жүреді. Алғашында бұл қиын көрінуі мүмкін, бірақ кейін біртіндеп қалыпты жағдайға айналады. Қазір Snoonu компаниясында жұмысымды жалғастырып жатырмын, әлі де көп жоба алда. Компания Катардан тыс Кувейт және Оман нарықтарына да шығып, аймақта белсенді түрде кеңейіп келеді, сондықтан жаңа өнімдер мен жаңа технологияларды меңгеруге мүмкіндік көп болады. Мақсатым осы өсу үдерісінің ішінде болып, тәжірибемді тереңдету, күрделі жобаларда жауапкершілігімді арттыру және кәсіби деңгейімді одан әрі көтеру. Болашақта білімім мен тәжірибемді елімізге, отандық IT саласына да пайдалы етіп қайтаруды армандаймын - деді ол бізбен болған әңгімесінде.
2022 жылдан бері Айдос Жеңісұлы еңбек жолын Катардағы жетекші технологиялық компаниялардың бірі – Snoonu платформасында Senior Frontend Developer ретінде жалғастырып келеді. Әлем назарын аударған FIFA World Cup турнирі кезінде жүздеген мың адамның сұранысына қызмет көрсеткен клиенттік веб-қосымшаны жетілдіруге қатысып, 200 мыңнан астам пайдаланушыға тұрақты әрі қолайлы қызмет ұсынуға үлес қосты. Сонымен қатар 2300-ден астам серіктес мейрамхананың жұмысын бір жүйеге келтіретін тапсырыстарды басқару платформасын әзірлеуге атсалысты. Мұндай ауқымды жобаларға қатысу – жерлесіміздің кәсіби білігі мен халықаралық деңгейдегі тәжірибесінің айғағы. Бүгінде ол әлемдік ІТ саласында бәсекеге қабілетті қазақстандық мамандардың жаңа буынын танытып жүрген кәсіби инженерлердің бірі.
Ол JavaScript, TypeScript, ReactJS және NextJS секілді заманауи IT-технологияларды терең меңгерген замандасымыз – ауылдан шыққан жас мамандардың да әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман атанып, халықаралық компанияларда табысты еңбек ете алатынын дәлелдей білді. Ауылдың қарапайым ортасынан басталған еңбек жолы бүгінде жаһандық IT кеңістігіне ұласқан Айдос өз еңбегі арқылы туған жердің жастарына үлкен мүмкіндік пен биік белестердің бар екенін көрсетіп келеді.
Бүгінде оның тәжірибесі мен жетістіктері ауыл жастарына жаңа бағыт-бағдар көрсетіп, IT саласына қызығушылық танытқан өскелең ұрпаққа сенім мен жігер сыйлап келеді. Сондықтан қазіргі заман талабына сай сұранысқа ие салаларда еңбек етіп, жаңа мүмкіндіктерден қорықпай, түрлі жобалар мен ұсыныстарға батыл қадам жасау маңызды. Ізденіс пен үздіксіз даму арқылы әр жас өз қабілетін шыңдап, биік мақсаттарына жете алады.
Сағыныш Қайыр



