Төтенше жағдай кезінде бір секундтың өзі шешуші мәнге ие. Өрт шарпыған үйде қалған адам үшін сол секундтар – үмітке, ал көмекке асыққан құтқарушы үшін үлкен жауапкершілікке толы уақыт. Бірі қауіптен құтылудың жолын іздесе, екіншісі сол қауіптің ортасына кіруге дайын тұрады. Өйткені құтқарушының міндеті – тілсіз жаумен күресу ғана емес, адам өмірін арашалап, қайғылы жағдайдың алдын алу. Құтқарушылар күні қарсаңында біз осы жауапты міндетті атқарып жүрген мамандардың бірі – Исатай ауданының №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Рауан Телжанұлы Макаримовтың еңбек жолына үңілдік.
1990 жылы Аққыстау ауылында дүниеге келген Рауан Макаримов 1997-2008 жылдары Абай орта мектебінде білім алды. Мектептен кейін әскери борышын өтеп, еңбек жолын әртүрлі салада жалғастырды. Ал 2013 жылдың сәуірінде Исатай ауданының №6 өрт сөндіру бөліміне жүргізуші болып жұмысқа орналасып, төтенше жағдайлар саласындағы қызметін бастады. Бұл саладағы алғашқы міндеті өрт сөндіру көлігін басқару болғанымен, уақыт өте келе оның кәсіби жолы жаңа кезеңдермен толықты. 2014-2020 жылдары өрт сөндіруші қызметін атқарып, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету, қауіп-қатерді бақылау және әріптестермен бірлесе жұмыс істеу тәжірибесін жинақтады. Ал 2020 жылдан бастап бөлімше командирі қызметіне тағайындалып, бүгінге дейін осы лауазымда еңбек етіп келеді. Жүргізушіден өрт сөндірушіге, одан бөлімше командиріне дейінгі жол – бір салада жылдар бойы шыңдалып, кәсіби жауапкершілігі артқан маманның еңбек белестері.
Өрт сөндірушінің жұмысы шақырту түскен сәттен басталғанымен, оның дайындығы күнделікті еңбектен қалыптасады. Кәсіби машықты жетілдіру, дене дайындығын сақтау, құрал-жабдықтарды меңгеру және әртүрлі жағдайға әзір болу – осы қызметтің ажырамас бөлігі. Себебі төтенше жағдай алдын ала ескертпейді, ал оқиға орнында асығыстыққа да, қателікке де жол беруге болмайды. Бөлімше командирі ретінде Рауан Макаримов ұжымның ұйымшылдығы мен әр қызметкердің өз міндетін жетік білуіне мән береді. Қауіп-қатерге толы сәтте бір-біріне сенім арту, нақты нұсқауды орындау және жағдайға қарай дұрыс шешім қабылдау жұмыстың нәтижесіне тікелей ықпал етеді. Мұнда кәсіби шеберлікпен қатар, психологиялық төзімділік пен тәртіптің де маңызы зор.
Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен қызметіне деген жауапкершілігі оның еңбегіне берілген марапаттардан да көрінеді. Ол әр жылдары полиция генерал-майоры Н.Оразбаевтың және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальға ие болған.
Қоғам алдындағы міндетін атқарып жүрген кейіпкеріміз үшін отбасының орны бөлек. Ол 2015 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде төрт баланың әкесі атанып отыр. Қызметінің ерекшелігіне байланысты кез келген уақытта жұмысқа әзір болуы қажет. Ал үйде оны күтіп отырған жақындары бар. Сондықтан кәсіби міндет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүру де өмірінің маңызды бөлігіне айналған.
Иә адам өмірін арашалау – кез келген жанның қолынан келе бермейтін, батылдық пен біліктілікті қатар талап ететін міндет. Рауан Макаримовтың еңбек жолы осы жауапкершіліктің мәнін аңғартады. Ең бастысы – қауіп төнген сәтте көмекке мұқтаж жанның жанынан табылу, бір отбасының амандығына араша түсу. Кейде бір адамның өмірін сақтап қалу үшін жұмсалған бірнеше минуттың өзі тұтас бір тағдырды өзгертуі мүмкін. Құтқарушы еңбегінің қадірі де осында.
Гүлнұр ӨТЕУ



