Қауіпсіз газ – тұрақты тіршіліктің тірегі

 

Елді мекенге көгілдір отынның жетуі – бір қарағанда тұрмыстық қолайлылықты арттыратын қарапайым инфрақұрылымдық жоба сияқты көрінуі мүмкін. Алайда табиғи газдың үйге дейін жетуімен бірге оны қауіпсіз пайдалану, желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тозған құбырларды жаңарту және әрбір абоненттің талапқа сай қосылуын бақылау секілді маңызды міндеттер де қатар жүреді. Яғни газдандырудың нәтижесін тек қосылған үйлердің санымен емес, қалыптасқан инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен тұрақтылығымен де бағалау қажет.

Бұл тұрғыдан алғанда, аудандағы жағдай назар аударуға тұрарлық. Бүгінде аудан елді мекендерінің басым бөлігі табиғи газ игілігін пайдаланып отыр.  «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығының директоры Жеңісбек Қабиевтің мәліметінше, қазіргі таңда аудан бойынша газбен қамту деңгейі 99 пайызға жеткен. Табиғи газды тұтынатын 5527 тұрғын, 234 заңды тұлға және 112 бюджеттік мекеме бар. Ал көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер саны – 11.

– Бұл көрсеткіш аудан бойынша газдандыру жұмыстарының едәуір ілгерілегенін көрсетеді. Дегенмен 99 пайыздық қамтудың артында мыңдаған абонент пен күрделі инфрақұрылым бар. Сондықтан басты міндет – қол жеткізілген нәтижені сақтап, газ желілерінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда ауданның барлық елді мекені табиғи газбен қамтылған деуге болады, алайда шалғай ауылдар мен шаруа қожалықтарын газдандыру мәселесі алдағы жоспарларда қарастырылуда. Елді мекендердің шалғай әрі шашыраңқы орналасуына байланысты бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – дейді Жеңісбек Қабиев.

Ауданда газ желілерінің техникалық жағдайын бақылауда ұстау, газ құбырлары мен газ тарату шкафты пункттерін (ГТШП) жаңарту және жөндеу, сондай-ақ жаңа абоненттерді қолданыстағы желілерге қосу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен 2024 жылы инвестициялық бағдарлама аясында 40 дана газ тарату шкафты пункті жаңартылса, биылғы жылы 21 ГТШП жаңартылып, 28 ГТШП-ға ағымдағы жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар газ тарату жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы жылдарға да ауқымды жоспарлар белгіленіп отыр. Инвестициялық бағдарлама негізінде 2027-2031 жылдар аралығында аудан аумағындағы бірқатар газ желілерін жаңғырту көзделуде. Атап айтқанда, жоғары қысымды Тұщықұдық – Х.Ерғалиев бағытындағы 16 078 метр жерасты газ құбырын, Тұщықұдық – Аққыстау бағытындағы орта қысымды 4600 метр жерасты газ құбырын жаңарту жоспарланған.

Сонымен бірге Исатай елді мекеніндегі әртүрлі қысымдағы 1720 метр жерүсті газ желісін жерасты құбырына ауыстыру және 93 дана ГТШП-ны жаңарту жұмыстары қарастырылуда. Бұдан бөлек, Исатай газ шаруашылығына арналған арнайы ғимарат салу да жоспарланып отыр. Газдандырудың басты мақсаты – елді мекендерге газ жеткізіп қана қою емес, қолданыстағы инфрақұрылымның қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Осы ретте газ желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп, қажетті учаскелер жөнделуде. Газ реттеу және есепке алу құралдарының жұмыс жағдайы бақылауда ұсталып, тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану талаптары түсіндірілуде.

Аудан үшін өзекті бағыттардың бірі – шалғай елді мекендерді табиғи газбен қамту. Бұл ретте тұрғындар саны, елді мекеннің маңызы, инфрақұрылымға жақындығы және жобаның тиімділігі ескеріледі. Газ желісі тартылған ауылдарда жаңа абоненттерді қосу жұмыстары да жалғасып, желілердің техникалық мүмкіндігі назарға алынады. Алдағы кезеңде газ инфрақұрылымын жаңғырту, желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және газдандыру аясын кеңейту басты міндет болып қала береді.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT