Бала – қоғамның ең нәзік әрі ең құнды байлығы. Оның қауіпсіздігіне сызат түссе, болашаққа да көлеңке түседі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары балаларға қатысты түрлі қауіп-қатер, құқық бұзушылықтар мен әлеуметтік мәселелер жиі айтылып жүр. Мұндай жағдайда «баланың қауіпсіздігі – кімнің жауапкершілігі?» деген сауал қоғамды бейжай қалдырмайды. Шын мәнінде, бұл – тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті.
Осы өзекті мәселені кеңінен талқылап, жас ұрпақтың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды шара ауданымызда ұйымдастырылды. Шәмшиден Шәріпов атындағы заманауи өнер мектебінде «Заң мен тәртіп – Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында ауқымды форум өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткен тағылымды басқосуда балалардың құқықтық қорғалуы, қауіпсіз орта қалыптастыру және олардың жарқын болашағына берік негіз қалау мәселелері жан-жақты сөз болды.
Форум қарсаңында мектеп оқушылары қылқаламмен салған суреттер көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Балалардың кіршіксіз арманы мен әділетті қоғамға деген сенімі суреттелген туындылар жиынның мазмұнын әсерлі ете түсті. Ал жиынның шымылдығы мектеп оқушылары сахналаған «Баланың бәрі бақытты болуға лайықты» атты әсерлі көрініспен ашылып, көрермен көңіліне ой салды. Негізгі бөлімде арнайы шақырылған спикерлер сөз алып, бала құқығы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасы тәрбиесінің маңызы жөнінде мазмұнды пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, Исатай ауданы прокурорының орынбасары Сұлтанбек Қайратұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Едіге Қажымұқанұлы, аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнара Саматқызы және Хамидолла Наубетов атындағы орта мектеп психологі Гүлзада Кадыржанқызы өз салалары бойынша нақты деректер мен пайдалы кеңестер ұсынды. Форумға балабақша меңгерушілері, мектеп директорлары, психологтар мен әлеуметтік педагогтер, тәлімгерлер, ата-аналар кеңесінің төрағалары және мектеп парламентінің бала құқығы жөніндегі уәкілдері қатысты. Жиынға қатысқан Аққыстау орта мектебі ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлбану Кабулова бала тәрбиесінің ең алдымен отбасынан басталатынын ерекше атап өтті.

– Бала тәрбиесі тек мектепке, заңға немесе қоғамға ғана байланысты емес. Ол ең алдымен отбасынан басталады. Әрбір ата-ана өз баласының қайда жүргенін, қандай ортада жүргенін, кіммен араласатынын білуі тиіс. Өйткені бүгінгі қоғамда ажырасатын отбасылар саны артып келеді. Бала екі ортада қалып, өзін қайда қоярын білмей, кейде теріс жолға түсуі мүмкін. Тіпті ажырасу болмаса да, отбасындағы тұрақсыздық пен кикілжіңнің өзі бала психологиясына әсер етеді,-деді ол.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, соңғы екі жылда жасөспірімдер арасында қылмыс тіркелмеген. Бұл – алдын алу жұмыстарының нәтижесі. Дегенмен, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне қатысты 323 дерек анықталып, 315 ата-анаға ескерту берілген. Қайталанған 8 жағдай бойынша ата-аналарға айыппұл салынған. Бұл көрсеткіштер ата-ана жауапкершілігінің әлі де өзекті екенін аңғартады. Форум барысында залдан қойылған көкейкесті сұрақтарға спикерлер тұшымды жауап беріп, бірқатар ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Жиын қорытындысында бала қауіпсіздігі баршаға ортақ міндет екені тағы бір мәрте айқындалды.
Баланың құқығын қорғау – тек заң талаптарын орындаумен шектелетін міндет емес, бұл – әрбір азаматтың жүрекпен сезінетін адамгершілік парызы. Бала қауіпсіздігі – бір ғана отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр бала өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінетін орта қалыптастыру – болашаққа жасалған ең маңызды қадам. Өйткені бақытты балалық шақ – саналы қоғамның берік негізі.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

