1980 жылы Гурьев педагогикалық институтында алғаш рет «Тарих, қоғам тану және кеңестік құқық негіздері» мамандығы ашылып, Атырау, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау, Торғай өңірлерінен келген 50 мектеп түлегі студент болып қабылданды. Бұл мамандық 115, 116-топ студенттерінен құралды. Бүгінгі әңгіме арқауы болғалы отырған Қалеш Тұқпатұлы Хамзин 115-ересектер тобында (1949,1955, 1957 жылы туған аға-әпкелеріміз болды) оқыды.
Қазіргі әлеуметтанушы ғалымдар адам бір ұжымға бейімделу үшін (адаптация) кемінде 18 ай керек деп дәлелдеп жүр. Бастапқыда, алғашқы алты айда өзін көрсете білу керек, екінші алты айда сол ұжымдағы отыратын өз орнын белгілеп алу керек, соңғы алты айда ұжымға өз пікірін еркін айта алатындай болуға тиісті деп көрсетеді. Ал, біздің Қалеш осы бейімделу кезеңдерінен толықтай өтіп келгендей болды. Асықпай жүреді, аптықпай сөйлейді, отыратын өз орнын біледі. Әрі ересектер тобында оқығандықтан Қалештің осы сапалық көрсеткіші нығыздала түскендей болды.
Бірінші курстан бастап жатақханада тұрды. «Қалеш тентек студенттермен жағаласып жүр. Қалешті жоғары курс студенттері гастрономға жұмсады» деген қысыр әңгімені естігеніміз жоқ. Екінші курсты бітірген соң, №17 ауылда (Махамбет ауданы, Алға селосы) студенттік құрылыс отрядында болдық. Мен №2 бригаданың бригадирі болып қызмет істедім. Қалеш пен марқұм Бақтияр екеуі (бір ауылдан) бригадамда болды. Асықпайды, баппен жүреді, істеген жерлерін екі шұқып, бір қарайды. Кейде көрші бригада алға озып бара жатқасын, «бүгін кешке дейін мына жерді бітіреміз» деймін. «Оу, Айдеке, былтырдан қалған жұмыс жоқ, жәйлап бітеді ғой» дейді Қалеш. Қарсы келмейді, әзілмен жауап береді. Курстастар болғандықтан, өзге студенттер алдында бірімізді біріміз жығып бермейміз. Қалайда айтылған жерді күн батқанша бітіріп кетеміз. Бұл екі эпизодтан шығатын түйін: Қалеш Тұқпатұлының дипломатиялық қабілеті, танымдық түйсігі, адами қарым-қатынасы жағымды қалыптасқан.
Қалеш Тұқпатұлымен қызмет бабында бір рет қана кездестім. 1992 жылы Исатай ауданында Қазақстан тарихы пәнінің берілу жайын Шахман Нағимовпен бірге тексеруге барғанда, мектеп директоры, білікті басшы, парасатты педагог Қалимов Тоқтарбай ағамыздың қарамағында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеп жүр екен.
Курстасымыз, педаго-гикалық бағыттағы әріптесіміз, ұстаз һәм басшы Қалеш Тұқпатұлының Исатай ауданындағы орта мектептерде 41 жыл еңбек етуі, оның ішінде 3 орта мектепте 20 жыл мектеп директоры болуын мен ешбір тырнақшаға алмай батылдыққа балар едім. Тап осындай биікке көтерілген курстастарымыз сирек. Өз өмірімнен деректер бере отырып, дәлелдеп көрейін. Кеңес армиясы қатарында болғаннан кейін, мектепке әскери жетекші болып жүрген маған 1991 жылы «мектеп директоры боласың» деген ұсыныс түсті. Мен «мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары болып қызмет істеп көрген жоқпын» деп директорлық лауазымнан бас тарттым. Ал, енді 1993 жылы конкурстық негізде Атырау педагогикалық институтына оқытушы болып қызметке ауыстым. Төрт-бес жыл өткен соң, білімді, білікті, педагогикалық шеберлігі әбден толысқан бір апайымыз кездесіп қалып, «Айдар, сен мектептен қашан кетіп едің» деп сұрады. Мен «орта мектепте 8 жыл қызмет істедім, содан соң 1993 жылы педагогикалық институтқа қызметке ауыстым» дегенмін. «Ой, Айдар, уақытында кеткен екенсің. Мектептен күй кетті» деп үш қайтара айтты. Ал, сол «күйі кеткен мектепте» мұғалім әрі директор болып қызмет істеген Қалеш Тұқпатұлын қалай бағаласақ та лайықты!
Шындығында мектептен де, мұғалімнен де күй кеткен жоқ. Мектеп сол білім мен біліктің, тәрбие мен тәжірибенің ортақ алаңы болып қала береді. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» дегендей, апайымыздың көп нәрсеге риза болмағандықтан айтқаны шығар деп ойлаймын.
Қазір жоғары оқу орындарында студенттер бакалавриатты, магистратураны бітіргеннен кейін, университетке оқытушы болып қызмет істей алады. Ешқандай педагогикалық өтілдің қажеті жоқ. Бес жыл қызмет істегеннен кейін аға оқытушы атанады. Дегенмен жас әріптестеріме ескертіп отырамын: «Педагогикалық бағыттағы университетте еркін қызмет істеу үшін, кемінде 5-10 жыл жалпы білім беретін орта мектепте «от пен судың ортасынан» өткендерің дұрыс болады». Студенттердің алдында беделің де, мәртебең де жоғары болатындығы айқын.
«Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады» дегендей, бір ойды бір ой қуалап кетіп жатыр, енді Қалешіме қайтып оралайын... Ол бүгін сол бір ұстаздық қызметімен зейнеткерлік белесіне де аман-сау жеткен шақта. Атақты сөз зергері Қадыр Мырза Әли «Пайғамбар жасы» атты әзіл-шыны аралас әлқиссасында:
«Түсінбеген туыстар аңырады,
Аңырады. Содан соң жамырады»
Зейнеткерлік жас емес әлеуметтік,
Зейнеткерлік - қол жетпес награда»,- деп жырлапты. Сол белесте ел ертеңін тәрбиелеудегі ісінде қажып көрмеген ұлағатты ұстаз Қалеш Хамзинге бақ-берекеге толы ғұмыр тілеймін!
P.S. Новобогат (Исатай) ауданына аты мәшһүр қайсар, қайраткер тұлға Қажен Зайыров хақындағы мақаласын әкем Ризуан Сабырұлы «Қажуды білмейтін Қажекең еді» деп атаған екен. Мен де бұл жазбамның тақырыбын «Қажуды білмейтін Қалеш» деп қойдым, жақсылардан шарапат болсын!
Айдар САБЫРОВ,
доцент, сеньор-лектор, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

