Тәрбие төңірегіндегі сөз тінін тарқатқанда, алдымен ойға оралар жайттың бірі - отбасы-ошақ қасындағы, өмірдегі әке тәрбиесінің орны. Қазақтың осы тұрғыдағы «Әке көрген оқ жонар» деген керемет сөзі де бар. Бұл сөздің тікелей мағынасы – «әке қандай болса, ұл бала да сондай болып өседі» дегенге меңзейді. Шынын айту керек, соңғы жылдары отбасының қорғаушысы, қамқоршысы, қолдаушысы, сүйеніші, тірегі деп жүрген әкелеріміздің өздері күрт өзгеріп барады. Әсіресе олардың ішінде қылмыс жасап, қоғамның тәртібі мен тыныштығына қауіп төндірушілердің жылдан жылға көбейгені кім-кімді де ойлантса керек. Ұлына үлгі болар сол әкелердің қартайған әкесін аямай соққыға жығатын жағдайларының кездесуі де жақсылық емес. Бұдан ұрпағы қандай тәлім-тәрбие алады? Қатыгез балалар осыдан шығуы әбден мүмкін, өйткені бала көргенін істейді. Әкенің тәрбиесі түзу болса, оны көріп, біліп, ұғып өскен бала, яғни ұл да адами қасиеттерді бойына жиып жетілмек. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін заңдылық.
Иә, әр адам өз баласын өзі тәрбиелеуі керек. Мықты әке тәрбиелеген ұл қоршаған ортаның ығына жығылмай, жат қылық жасамай, тәртіпті болып өсері сөзсіз. Ұлының саналы болып өсуі әкенің берген тәрбиесі мен айтқан өсиетіне байланысты. Текті әкенің қанынан жаралған бала саналы, салиқалы, айбынды, айбарлы, асыл текті, ар-намысты болары анық. Баласының ез емес, ер болып қалыптасқанын қалайтын әке өзін көрегенді етіп көрсетіп, адаспайтын тура жолды нұсқағаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, әке түзу болса, бала да солай өседі.
Қоғам дамып, біз соның көшіне ілесу үшін өмір сүріп келеміз. Ал осы тұста біз – әкелер қауымы ең маңызды жауапкершілігімізден тайқып бара жатқандаймыз. Әрине, ол – өзіміз сөз қылып отырған бала тәрбиесі. Шыны керек, қазір қоғамда көбінесе бала тәрбиесімен, соның ішінде ұлының тәрбиесімен аналар айналысады. Көп жағдайда әйел қауымының аузынан «әкесі – жұмыста» дегенді естиміз. Жұмыстағы әкенің үйдегі баласына деген әкелік тәрбиесі ақсай бастағанына да біраз уақыт болды. Өмір сүру үшін, отбасын асырау үшін ер-азаматтардың үнемі жұмыста жүретініне біздің қоғам да үйренді.
Бала тәрбиесіне өмірлік тәжірибе мен мейірім-махаббат, хакім Абайдың сөзімен айтсақ «жылы жүрек, нұрлы ақыл» керек екені белгілі. Онсыз берілген тәрбие әлсіз һәм жеткіліксіз болмақ. Сол үшін де дана халқымыз ғасырлар бойы өз дәстүрінен айнымай, бала тәрбиесі ұлт болашағын қалыптастыратын ең маңызды міндеттердің бірі деген түсінікте болды. Көптеген ұлы тұлға өз өмірлік тәжірибелері мен даналықтарын бала тәрбиесіне арнап, осы бағытта маңызды ойлар қалдырды. Олардың өмір жолы мен ұстанымдары бізге балаға тек білім мен тәртіп үйретіп қана қоймай, оның рухани, моральдық қасиеттерін де дамыту қажет екенін түсіндірді.
Әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби тәрбие мен білімнің үйлесімділігі хақында және оның рөлі туралы «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені бәріміздің есімізде. Оның ойынша, балаға білім беруде оны тәрбие негіздерімен ұштастыру керек. Тек білімді ғана емес, адамгершілік, ізгілік, жауапкершілік қасиеттерін бойына сіңірген адам ғана қоғамға пайдасын тигізеді. Әл-Фарабидің бұл пікірі бала тәрбиесінде ақыл мен жүректің қатар қалыптасуында әкенің рөлі зор екенін көрсетеді.
Ал хакім Абай «Адамның жақсысы – адамға сүйіспеншілікпен қарайтыны» деп тәрбиенің басты мақсаты – баланы адамгершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу екенін жеткізеді. Мұнда дала данышпанының ойынша, бала ата-анадан көргенін қайталайды деген ұғым жатыр. Егер «заманына сай адамы» дегенді алға тартар болсақ, қазіргі балаларға әкенің құшағы, мейірімі, махаббаты, жылы сөзі мен шабыты, тіпті, қас-қабағы қажет екенін аңдаймыз. Лев Толстой бала тәрбиесінде махаббаттың және сенімнің ерекше орын алатынын жазады. Ол балаларды өз пікірін ашық айтуға және жауапкершілікті өз мойнына алуға баулуды ұсынған. Толстойдың педагогикалық көзқарасы бойынша, бала тәрбиесінде ұрыс-керіспен емес, махаббат пен мейірім арқылы тәрбиелеу тиімді. Балаға оның құндылығын сезіндіру, оған сенім арту – оның болашақта өзіне сенімді, жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Әлемді өзгерткен ғалымның бірі Томас Эдисон бала тәрбиесінде өз қателіктерінен сабақ алудың маңызын ерекше атап өткен. Ол өз анасының оның қателіктерін сынаудың орнына, әрдайым қолдау көрсетіп, жаңа нәрсені үйренуге ынталандырғанын еске алады. Эдисонның бұл көзқарасы баланы әр қателік үшін жазалау емес, оны тәжірибе ретінде қабылдауға баулудың бала тәрбиелеп отырған ата-ана үшін қажетті екенін түсіндіреді. Өйткені қателіктерден сабақ алу арқылы бала өмірлік маңызды дағдыларды меңгереді. Бәріміз білетін үнді көсемі Махатма Ганди әкенің бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айта келіп, әкенің өз баласына үлгі көрсетуі тәрбиенің ең мықты әдісі екенін алға тартады. Осындайда ойымызға қазақтың жоғарыда айтылып өткен «әке көрген оқ жонар» деген даналығы түседі. Махатма Ганди «Сен өзің көргің келетін өзгерістің үлгісіне айнал» деген қанатты сөзімен-ақ өзінің өмірлік тәжірибесін қорытындылайды. Пайымдасақ, оның пікірінде асқар тау әкелер балаларын әділеттілік, қарапайымдылық және мейірімділікке тәрбиелеуде өз мінез-құлқымен үлгі болуға үндейді.
Біз тілге тиек еткен ұлы тұлғалардың бала тәрбиесіне қатысты айтқан ойлары - ғасырлар бойына жинақталған өмірлік тәжірибе мен даналықтың жемісі. Тәрбие барысында тек білім беру ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтарды қалыптастыру, баланың жеке тұлға болып жетілуіне жағдай жасау өте маңызды екенін бүгінгі қоғамдық жағдайлар сезіндіріп отыр. Қазіргі балалардың мінез-құлқы, қызығушылығы, тәртібі, арманы мен мұраты, күнделікті өмірі бұрынғы заманға мүлде ұқсамайды. Технократтық қоғамда өскен баланың өміріне техникалар араласты. Біз қазір балалардың балалық шағын, қоршаған ортамен байланысын, рухани құндылықтарға деген ұмтылысын жоғалтып алдық. Ал осындай қоғамда бала тәрбиесі тіптен қиындап барады.
Әсіресе ұл бала үшін әке бейнесі нағыз азаматтың үлгісі мен өмірлік ұстазы болмақ. Бала біреуден жәбір көрсе немесе қиналса «әкеме айтамын» дейтіні соның дәлелі. Ол үшін әкесінен биік, әкесінен мықты ешкім жоқ. Ендігі біздің міндетіміз – әке ретінде балаларымызды жауапкершілікке, тәртіпке, еңбексүйгіштікке баулу. Ұл бала отбасындағы әкенің іс-әрекетін, сөзі мен қарым-қатынасын бақылау арқылы өмірлік құндылықтарды үйренеді. Мысалы, әкенің күнделікті еңбегі, отбасы мүшелеріне деген қарым-қатынасы, сабырлығы мен табандылығы баланың бойына көшеді, сіңеді. Психологтардың айтуынша, әкесімен жақын қарым-қатынаста өскен бала сенімді әрі батыл болып өседі. Ол өзіне жүктелген міндеттерді атқаруда еркін қимылдап, дұрыс шешім қабылдауға қабілетті келеді. Осы орайда біз әке тәрбиесінің рухани негіздері туралы да тоқтала кетсек болады. Ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, адалдық, шыншылдық және жақындарына қамқорлық көрсету – мұның бәрі әке арқылы балаға берілетін құндылықтар. Мысалы, ертеде әке баласына «төрт құбылаң тең болсын», «елге қызмет ет» деген сияқты өсиеттері арқылы оның азаматтық парызын түсіндірген. Әке тәрбиесінің заманауи талаптары қазіргі қоғамда әке тәрбиесіне қатысты көзқарастарды өзгертіп келеді. Әкелер бұрынғыдай тек асыраушы рөлінде қалып қоймай, баланың күнделікті өміріне белсене араласуы керек. Жалпы, әкенің ықпалы болмаған тәрбие жұмысы ақсақ, қанаты қайырылған құс сияқты шоқалақтап, жер бауырлап қалады.
Тәрбие жұмысы кешенді, ауқымды іс болғандықтан, тек бағып-қағумен, экономикалық тұрғыда қамтамасыз етумен әкенің міндеті бітпейді. Өкінішке қарай, қазір бізде әкенің міндетін анасы өз міндетіне қоса атқарып жүретін жайттар бар. Ана – бала тәрбиесіндегі маңызды тұлға. Алайда қаншалықты дегдар, қаншалықты білімді, өнегелі болса да әкенің орнын ана ешқашан баса аламайды. Осыдан кейін баланы мектепке апару, үй тапсырмасын қадағалау, қосымшаға беру сияқты бірқатар жұмыстарымен қоса, тәрбие жұмысының барлық жауапкершілігін ананың мойнына артып қоятын жағдайларды кезіктергенде еріксіз қынжыламыз. Тіпті, қай баласы қай сыныпта білім алатынын білмейтін әкелерді, тәрбиеден ақау шықса «не қарап отырсың?» деп жұбайынан кемшілік іздейтін отағасыларды да көріп жүрміз. Бала тәрбиесінде әкенің мұндай салғырттық, немқұрайдылық танытуы, жауапкершіліктен қашуы дұрыс емес. Бала тәрбиесінде әкенің таудай биік болмысы, кең мінезі, саф ауадай таза жүрегі, «бұлақ» пен «құрақтан» аласармайтын асыл қасиеті ерекше рөл ойнайды. Әке баланы белгілі тұлғалық қасиетке баулиды.
Бір байқағанымыз, әкелер өзара әңгімесінде қазіргі ұл балалардың қыз мінезділігін жиі сынайды. Бұл қоғамдық тенденцияның астарында әкелердің тәрбие ісінде өз рөлін толық атқармауы жатыр. Тұрмыстық қажеттілігі, интеллектуалдық жәрдемді былай қойғанда, мектептегі іс-шаралардың өзінде әкелерді өте сирек көреміз. Барлық жерде маңызды, жәрдемші, сыртқы көріністегі қамқоршы тұлға - анасы. Мұндайда ұлдар қыз мінезді болмай қайтеді? Бұл жерде әкенің бала өмірінде өз рөлін ашық орындауы, көз алдында болуы, бастамашы тұлға екенін көрсетуі аса қажет дүние. Ана беретін мінез бар да, әкеден даритын мінез бар. Анадан жұғатын іскерлік болғаны сияқты, әкеден көретін іскерлік бар. Сол сияқты әкенің балаға беретін тұлғалық қасиет, интеллектуалдық деңгей, психикалық күйді басқа адам бере алмайды. Әрбір әке осыны ескеріп, бала тәрбиесін ұлттық мәселе ретінде қарап, бір жағында өзі жүріп, қол соза кіріспесе тәрбие жұмысы толық болмайды.
Әке тәрбиесі – үлкен тәрбие, ол - баланың өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды фактор. Әкенің сөзі мен ісі, мейірімі мен талапшылдығы баланың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болады. Сөз басында келтіре кеткеніміздей, «әке көргеннің оқ жонатыны» бала бойына өмірлік тәжірибе мен құндылықтар әкесінің үлгісі арқылы сіңетінін нақтылайды. Әке атұстарына тек тәртіп пен жауапкершілікті үйретіп қана қоймай, оған сүйіспеншілік пен мейірім көрсетуді де ұмытпауы тиіс. Осылайша әке балаға өмірлік жолдама беріп, оның мықты, сенімді әрі рухани бай тұлға болып өсуіне ықпал етпек.
Өкінішке орай, қазір біз әке тәрбиесінің әлсіреуі туралы жиі ойлануға және оның зардаптарын ұғынуға мәжбүр болып отырмыз. Әке өміріндегі жұмыс бастылық, отбасы құрылымындағы өзгерістер немесе әке мен бала арасындағы шынайы қарым-қатынастың жетіспеушілігі жоғарыдағы сөзімізге дәлел. «Кез келген отбасындағы бала негізінен әкеге қарап өседі. Себебі бала үшін ең мықты, ең әділ, ең білімді адам, ол – әкесі. Ер бала әкесінің үйдегі, түздегі әр қылығын, істеген ісін қайталап жүріп есейеді. Қыз бала да бойжеткесін дәл өзінің әкесі секілді жігітке жолыққысы келетіні бар. Бұл әр отбасындағы әкенің рөлі қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек. Әттеген-айы сол, біздің қоғамда толық емес отбасылар көбейді. Оған көп жағдайда әйелді кінәлап жатамыз. Бірақ таяқтың екі ұшы болатынын да ұмытпауымыз керек. Отбасындағы жауапкершілікті өз мойнына ала алмайтын жігіттерді де ақтауға болмайды. Қазір жастардың көбі құмарлықты ғашықтық деп ойлап отбасын құрады да, құмарлығы басылған соң ажырасып тынады. Мұндай жағдайда екі ортада тірі жетім болып қалған балаға әке жауапты болуы керек еді. Бірақ біздің жағдайда бұл керісінше. Әкелер бар жауапкершіліктен басын арашалап, баласынан безіп кете барады. Осыдан кейін тәрбиесі нашар, үлкенді тыңдамайтын, айтқанға көнбейтін балалар өсері анық. Себебі ол балада өзіне үлгі тұтатын, еліктейтін тұлға болған жоқ. Сондықтан әрбір әке өз міндетін, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Әкенің қолдауы мен үлгісі баланың өмірінде маңызды рөл атқарып, оны толыққанды өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастырары – әр әкенің ешқашан ұмытпайтын ісі, бас тартпайтын міндеті болмағы абзалын осындай жайттар ұқтыра түседі. «Әке – асқар тау» деген сөз де баланың өміріндегі әкенің маңызды орнын көрсетіп беріп тұр емес пе? Әке - тек тәрбиеші ғана емес, баланың өмірлік ұстазы, жол көрсетушісі және тірегі. Әке тәрбиесінің күшеюі –ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.
Бұл жерде аттап өтуге болмайтын бір жайт - балаға ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді үйрету жағы да кемшіндеу болып бара жатқаны. Мысалы, атқа міну, асауды қолға үйрету, Отанды қорғауға баулу, үй шаруасына көмектесу, салауатты өмір салтымен айналысу, газет-журнал немесе кітап оқу, қонақ күту, үлкенді құрметтеу, аға, іні, қарындасты, ата-ананы сыйлау, суға жүзу, шешендік өнерді, шежірені үйрену дегенге көп мән бере бермейтініміз де шындық.
Жаңа технологиялардың бала тәрбиесіне әсері туралы айтпау да мүмкін емес. Қазіргі заман – жаңа технологиялардың дамып, күнделікті өмірімізге енуімен ерекшеленеді. Бұл өзгерістер бала тәрбиесіне де араласып кетті. Смартфондар, интернет, әлеуметтік желілер және білім беру платформалары тәрбие үдерісіне оң және теріс әсерін тигізіп жатқаны анық. Ендігі жерде біз технологияларды тәрбие құралы ретінде пайдаланып, балаға білім мен тәртіпті қатар сіңіре алатын қоғам мүшесі болуына құлшыныс танытсақ игі. Технологияларды дұрыс қолдану арқылы біз баланы тек заман ағымына бейімдеп қана қоймай, оны толыққанды тұлға ретінде қалыптастыра аламыз. Ал бұл ретте де әкенің рөлі өте маңызды. Қорыта айтқанда, әке – әкелік, ана – аналық рөлін атқарса, бала тәрбиесі бабында боларына сөз жоқ.
Аяпберген САЛИХОВ,
ардагер журналист,
Тұщықұдық ауылдық округі әкелер кеңесінің мүшесі



