Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру – бүгінгі күннің өзекті бағыттарының бірі. Бұл үрдіс медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен аудан деңгейіндегі жағдай аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамыту қажеттігін меңзейді. Бір жағынан, анестезиолог-реаниматолог, невролог, рентгенолог, гинеколог сияқты маңызды мамандарға деген қажеттілік сақталып отыр. Екінші жағынан, медициналық мекемелерде қолданылатын цифрлық платформалардың жұмысы кей кездері кідірістерге ұшырап, қызмет көрсету үдерісіне белгілі бір деңгейде әсер етуде. Ресми түрде электронды денсаулық паспорттары, телемедицина және автоматтандырылған жүйелер енгізіліп жатқаны айтылғанымен, олардың тиімділігі барлық жерде біркелкі байқала бермейді. Кейбір жағдайда жүйедегі уақытша іркілістер дәрігер мен науқас арасындағы байланысты баяулатып, кезек күту уақытын ұзартып жататыны да жасырын емес.
Мұндай жайттар цифрландырудың нақты нәтижесі мен оның халыққа берер пайдасын жан-жақты қарастырудың маңызын арттыра түседі. Бұл мәселелер ауыл медицинасының жалпы жағдайымен де тығыз байланысты. Өйткені дені сау ұлт – ел дамуының негізгі тірегі. Осы тұрғыдан алғанда, денсаулық сақтау саласының жай-күйі кез келген мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бүгінде медицина тек ауруды емдеумен шектелмей, оның алдын алу, ерте диагностикалау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру сияқты кешенді міндеттерді қамтиды. Ал бұл міндеттердің тиімді жүзеге асуы, ең алдымен, білікті кадрлардың жеткілікті болуына, заманауи инфрақұрылымның дамуына және тұрақты жұмыс істейтін цифрлық жүйелердің қалыптасуына байланысты. Осы орайда біз ауыл медицинасының нақты ахуалына назар аударып, саладағы түйткілдерді саралап, олардың шешілу жолдарына үңіліп көрдік.
«Әлі күнге дейін аймақтарда қарапайым медициналық қызмет алуда қиыншылықтар бар. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек. Азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі әрдайым жіті бақылауда болуы тиіс». Бұл сөздер менің емес, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі. Мемлекет басшысының бұл сөздерінің дәлелі біздің аудандағы медициналық жүйенің дұрыс жолға қойылмауы да болып отыр. Расында, бұл пікірдің шынайылығын біздің ауданның мысалынан анық көруге болады. Соңғы жылдары өңірімізде медицина саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірқатар денсаулық сақтау нысандары күрделі жөндеуден өтіп, кейбірі жаңадан бой көтерді. Аудандық аурухана ғимараты жаңартылып, Тұщықұдық және Қамысқала дәрігерлік амбулаториялары, сондай-ақ Зинеден фельдшерлік-акушерлік пункті заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылды. Бұдан бөлек, соңғы үш жыл ішінде аудан орталығындағы Өркен елді мекенінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, Жасқайрат ауылында медициналық пункт ғимараты тұрғызылды. Қазіргі таңда олардың құжаттары рәсімделіп, халық игілігіне толықтай берілуі күтілуде. Бұл — ауыл медицинасының қолжетімділігін арттыру жолындағы нақты қадамдар. Материалдық-техникалық база да айтарлықтай нығайды. 2025 жылы мұнай компанияларының демеушілігімен аудан медицинасы заманауи құрал-жабдықтармен толықты: ультрадыбыстық зерттеу аппараты, жаңа туған нәрестелерге арналған кювездер, компьютерлік томограф, дезинфекциялық камера, биологиялық қауіпсіздік шкафы, қақырық жинауға арналған арнайы кабина, дефибриллятор, Холтер және ЭКГ аппараттары алынды. Сонымен қатар облыс басшылығының қолдауымен екі заманауи реанимобиль пайдалануға берілді. Қарап отырсақ, қолдау бар, жағдай жасалып жатыр, инфрақұрылым жаңарып келеді. Алайда осының бәріне қарамастан халықтың арыз-шағымы азаяр емес. Неліктен?
Бұл сұрақтың жауабы тек ғимарат пен құрал-жабдықта емес, ең алдымен қызмет сапасында жатқандай. Себебі медицина — тек техника мен қабырға емес, ол – адамға деген жанашырлық, кәсіби жауапкершілік, уақытылы әрі сапалы қызмет көрсету. Кейде науқастар дәрігерге жете алмайды, кейде ұзақ кезекке тап болады, ал кей жағдайда көрсетілген қызметтің сапасы күткен деңгейден төмен болып жатады. Осындай олқылықтар халықтың сеніміне селкеу түсіретіні айдан анық.
АДАМНЫҢ ӘР УАҚЫТЫ ҚЫМБАТ...
Бұл мақаламызға арқау болған өзекті мәселелердің бірі – Тұщықұдық ауылдық дәрігерлік амбулаториясындағы ұзын-сонар кезек. Таңсәріден емхана табалдырығын тоздырған тұрғындардың қолында – бір жапырақ қағаз, ал жүздерінде – үміт пен шаршаңқылық қатар өрілген. Алайда кезектің көптігі аздай медициналық базаның жиі істен шығуы халықтың жүйкесіне әбден тиіп, жағдайды тіпті күрделендіріп отыр. Бұл түйткіл тек ауыл ішінде ғана қалып қоймай, аудан, тіпті облыс әкімдерінің халықпен кездесулерінде де бірнеше мәрте көтерілді. Қарапайым медициналық тексерістен өтудің өзі қиынға айналған тұста шын мәнінде сырқаттанып келген жандар үшін бұл – үлкен сынақ. Ауруы жанына батқан адамдар уақытын сарп етіп, ұзақ күтуді көтере алмай, амалсыздан өз қаражатына қалаға барып тексерілуге мәжбүр. Осындай жағдайды бастан өткерген тұрғындардың бірі – Ж есімді азамат (аты-жөнін құпия ұстауды өтінді). Ол ауыл медицинасындағы қордаланған мәселенің салдарын өз басынан өткергенін айтып берді.
– Кенеттен сырқаттанып, ота жасау қажеттігі туындады. Сол себепті бастапқыда ауылдық дәрігерлік амбулаторияда тексерістен өтуіме тура келді. Ол кездері онда бар-жоғы бір ғана дәрігер қызмет көрсетеді екен. Бір адамның бәріне үлгеруі, әрине, қиын. Таңғы сағат тоғызда барсам да, түскі бірге дейін әрең кезегім келеді. Алдымда қарасы қалың кезек... Әркім өз дертімен әлек. Мұндай жағдайда, әсіресе науқас адамға күту оңай емес. Осы қиындықтар мені қалаға барып тексерілуге мәжбүр етті. Кейін Астанаға барып, өз қаражатыма толық тексерістен өттім. Сол жақтағы дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау керектігін айтты. Ауруым асқынып тұрған соң ауылдағы ұзақ кезекті күтпей, тез әрекет етуге бел будым. Портал арқылы тіркелгеннің өзінде екі айға жуық уақыт күтуге тура келді. Себебі бос орын жоқ, менің алдымда да көптеген пациенттер бар. Менің ойымша, олардың да осындай жағдайға ауылдағы кезектің кесірінен тап болғаны анық. Қуаныштысы – ақыры бос орын табылып, ота сәтті өтті. Дегенмен мені қынжылтқан бір мәселе бар. Кей жағдайда қалалық деңгейдегі дәрігерлердің өзінен де қателік кетіп жатады. Алғашқы тексерісте маған қате диагноз қойылып, тек Астанаға барған соң ғана нақты диагноз анықталды. Соның салдарынан бұрынғы тексерістерім пайдаға аспай, бәрін қайтадан өтуіме тура келді. Десе де, мен аудан дәрігерлерін білімсіз деп айта алмаймын. Олар – қарапайым ауылдың жанашыр адамдары. Мәселе – жеке мамандарда емес, жалпы жүйеде деп ойлаймын. Әсіресе базалық медициналық қызмет пен ауыл медицинасын дұрыс жолға қою қажет. Сонда ғана осындай түйткілдер шешімін тауып, халық сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізеді деген сенімім бар, – дейді ол.

Иә, расында да, бұл мәселелерді біржақты қарастырып, үстірт шешу жеткіліксіз. Әр түйткілдің түп-төркінін таразылап, жан-жақты зерделеу қажет. Осы орайда біз мәселенің мән-жайын толық ашу мақсатында аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Нұргүл Кабулованың да пікіріне құлақ түрген едік.
– Көпшілік тұрғындар қарайған кезек пен жұмыстың баяу жүруін интернеттің әлсіздігімен байланыстырады, алайда мәселенің түпкі себептері әлдеқайда басқаша екенін айқындай түскім келеді. Бұл жерде ешқандай интернеттің бұған қатысы жоқ. Бізде қолданылатын арнайы медициналық «Damumed» платформасы жұмысы тоқтаған кезде барлық медицина мекемелерінде деректерді енгізу және есеп жүргізу тоқтап қалады. Бұл, әсіресе, Тұщықұдық ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияда айқын байқалады. Мұнда тіркеуде тұрған тұрғындардың саны көп болғандықтан платформа істен шыққан сәтте олар ұзақ уақыт бойы кезекте тұрып қалуға мәжбүр болады. Нәтижесінде науқастарға көрсетілетін алғашқы медициналық көмек кешігеді, профилактикалық тексерулер мен скринингтік шаралар уақытында жүргізілмеуі мүмкін, ал бұл тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Бұл түйткіл бірнеше рет аудан әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілді. Қазіргі таңда шешім ретінде барлық медициналық мекемелерді оптикалық интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мүмкіндік платформаның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді, науқастардың кезек күту уақыты қысқарады, ал медициналық қызмет сапасы айтарлықтай артады. Сонымен қатар бұл шара ауданның сандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, цифрландыру саясатын жүзеге асыруға маңызды үлес қосады, – дейді аурухана басшысы.
АУРУЫН ЖАСЫРҒАН ӨЛЕДІ...
Аудан көлемінде денсаулық сақтау саласы біршама дамып, халыққа медициналық қызмет көрсету сапасы артып келе жатқанына қарамастан ауылдық жерлерде шешімін күткен бірқатар өзекті мәселелер әлі де бар. Бұл мәселелердің басым бөлігі кадр тапшылығы мен материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігіне келіп тіреледі. Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Нұргүл Измайлқызы да бұны жасырмады. Қазіргі таңда аудандық ауруханаға анестезиолог-реаниматолог, невролог, рентгенолог, гинеколог сияқты маңызды мамандар жетіспейді. Бұл – тек Исатай ауданына ғана тән емес, еліміздің көптеген аймақтарына ортақ мәселе. Медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен жыл сайын келіссөздер жүргізіліп, ауданға жұмысқа шақыру жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Дегенмен жас мамандардың ауылға келуге деген қызығушылығы әлі де төмен.
Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті билік тарапынан нақты қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, ауданға келген жас мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленеді. Бұл – жас дәрігерлерді тартуға бағытталған маңызды ынталандыру тетігі. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, келіссөздер жүргізіле бермек. Жекелеген ауылдық округтерде де кадр тапшылығы айқын сезіледі. Мысалы, Жанбай ауылында акушер-гинеколог маманының жоқтығы – халық үшін аса өзекті мәселе. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан жаңа автокөлік пен компьютерлік техникаларға сұраныс жоғары. Нарын ауылында да жағдай осыған ұқсас. Мұнда акушер маман жоқ, ал қолданыстағы автокөлікке 6 жылдан астам уақыт өткендіктен оның техникалық жағдайы ескірген. Сондықтан жаңа көлік қажеттілігі туындап отыр. Исатай дәрігерлік амбулаториясында акушерка, тіс дәрігері және мектеп медбикесінің жетіспеуі қызмет сапасына әсер етуде. Сонымен қатар бұл мекемеде де компьютерлік техникаға деген сұраныс бар. Қамысқала дәрігерлік амбулаториясында қазіргі таңда кадр мәселесі уақытша шешімін тапқанымен болашақта қосымша бір дәрігерге қажеттілік туындайтынын жасырмады. Ал Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясында кадр тапшылығы жоқ болғанымен материалдық база тұрғысынан компьютерлер жетіспейді. Бұл мәселе бойынша тиісті сұраныс беріліп, шешу жолдары қарастырылуда.
Жалғасы газеттің №14 (4279) санында
Еркебұлан УАЛИТХАН

