Х.Ерғалиевте жол белгілері жаңарып, 60 км/сағ тәртібі орнады

 

Х. Ерғалиев ауылында жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты маңызды өзгеріс енгізілді. Елді мекеннің басталуы мен аяқталуын білдіретін жол белгілері жаңартылып, жүргізушілер үшін қозғалыс тәртібі нақтыланды.

Атап айтқанда, ауылдың екі жақ кіреберісіндегі бұрынғы көк түсті паннодағы 5.24 және 5.25 белгілерінің орнына ақ түсті паннодағы 5.22 және 5.23 жол белгілері орнатылды. Бұл – елді мекен аумағына кіргенін және одан шыққанын білдіретін жол белгілерінің қолданыстағы талаптарға сәйкестендірілгенін көрсетеді.

Жол белгілерінің өзгеруі жүргізушілер үшін де маңызды. Ақ түсті паннодағы елді мекен белгілері қойылған аумақта жалпы белгіленген жылдамдық тәртібі қолданылады. Осыған сәйкес Х. Ерғалиев ауылының елді мекен аумағында көлік қозғалысының рұқсат етілген жылдамдығы сағатына 60 шақырым болып белгіленді.

 

 

Бұл талапты сақтау – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Әсіресе елді мекен ішінде жаяу жүргіншілердің, балалардың және басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Сондықтан ауыл аумағына кірген және шыққан кезде жол белгілеріне мұқият назар аударып, жылдамдық режимін сақтаған жөн. Белгі талаптарын елемеу тек әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, жол-көлік оқиғаларының орын алу қаупіне де әкелуі мүмкін.

Жол қауіпсіздігі – жол белгісінен басталып, әр жүргізушінің жауапты әрекетімен жалғасатын ортақ міндет.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT