Мәдениет – халық жадын сақтап, ұлт рухын ұлықтайтын мәңгілік мәйек. Сол руханияттың өзегінде жатқан театр өнері – уақыт пен кеңістікті жалғап, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізетін тылсым күшке ие. Сахнадағы әрбір образ, әрбір сөз бен қимыл – қоғамның тынысын танытып, адам жанының терең иірімдерін ашатын көркем айна. Осындай рухани құндылықтарды дәріптейтін, өнердің шынайы салтанатын айшықтайтын тағылымды шара – «Халық театры көктемі – 2026» облыстық театрлар байқауы биыл алғаш рет шымылдығын түрді. Көрерменге ой мен сезім сыйлайтын бұл өнер мерекесі Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен және театр жанынан құрылған Ғатау Рамазанов атындағы «Халықтық» театрдың ұйытқы болуымен жоғары деңгейде өтті.

Байқау аясында облыстың түкпір-түкпірінен – Атырау қаласы мен Құрманғазы, Мақат, Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарынан өнер ұжымдары арнайы ат басын бұрып, ауданға табан тіреді. Әр өңірден келген өнерпаздар бір сахна төрінде тоғысып, өздерінің таңдаулы қойылымдарын ұсынып, көрермен көңілінен шығуға бар шеберліктерін салды.
Аталған өнер додасы – тек бәсеке емес, шығармашылық байланыс орнататын, тәжірибе алмасатын, өнердің өрісін кеңейтетін маңызды рухани алаңға айналды десе болар. Екі күнге жалғасқан байқау барысында облыстың әр ауданынан келген халық театрлары сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сейсенбі күні шымылдығын түрген байқаудың алғашқы күні қонақтарды қарсы алудан бастау алып, салтанатты ашылу рәсіміне ұласты. Сахна төрінде Ғатау Рамазанов атындағы халықтық театр аудан топырағынан түлеп ұшқан ұлы тұлғалардың тағылымды бейнесін шебер сомдап, көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Тағылым мен тарих астасқан бұл қойылым меймандар жүрегінен орын тапты.
Салтанатты жиынның алғы сөзі аудан әкімі аппаратының басшысы Арманбек Махмутовқа беріліп, ол өз кезегінде өнер ұжымдарына ізгі тілегін арнап, шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі. Келесі кезекте сөз алған Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының басшысы Сағынтай Көпжасаров қоғам үшін мәдениеттің орны қашанда биік екенін ерекше атап өтті.

– Атырау өңірі – қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаларға бай өлке. Солардың басым көпшілігі бүгін осы сахна төрінде аталып өтті десек, артық емес. Нарынның наркескені Нұралы ағамыз, орны бір төбе Нариман сынды арыстарымыздың есімдері қазақ әдебиетінде мәңгілікке таңбаланды. Театр – қоғамның айнасы, өмірдің көрінісі. Кейде сіз бен біздің айта алмайтын ойымызды сахна арқылы жеткізіп, көрерменге ой салады. Жалпы облыс бойынша 16 халықтық театр бар, соның сегізі бүгінгі байқауға қатысып отыр. Алдағы уақытта осы 16 театрдың барлығын да осындай сахна төрінде, фестиваль аясында көру – біздің ортақ тілегіміз. Себебі «Театр – қас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп Ғабит Мүсірепов атамыз бекер айтпаған. Шынайы өнер – өмір шындығын жүрекпен сезініп, оны көрерменге жеткізу жолындағы маңдай тер мен табанды еңбектің жемісі. Көп жағдайда көрермен сахна сыртындағы тынымсыз тірлікті көре бермейді, ал ол – үлкен еңбектің нәтижесі. Біздің мақсатымыз – барлық театр ұжымдарының, мейлі кәсіби болсын, мейлі халықтық болсын, бір-бірімен тәжірибе алмасып, шығармашылық тұрғыда дамуына жол ашу,-деген ол сөз соңында мәдени шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Түстен кейін қойылым бас-талып, алғашқы боп сахнаға шыққан Индер ауданының «Жарсуат» халық театры Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасын сахналап, көрермен жанын тебірентті. Қызылқоға ауданының «Шұғыла» халық театры Ғ.Мұстафиннің «Алынған кек» қойылымын ұсынып, тартысты оқиғалар желісімен ерекшеленді. Ал Мақат ауданының «Мақат» халық театры А.Кенжеғалиеваның «Жұп-жіп» драмасын сахнаға шығарып, актерлік шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті. Сәрсенбі күні байқау өз жалғасын тауып, Жылыой ауданының «Жастар» халық театры Қ.Ысқақовтың «Мезгілсіз сөнген жұлдыздар» драмасын сахналады. Құрманғазы ауданының «Орлы» халық театры Қ.Ғұмаровтың «Тағдырдың төрт соққысы» туындысы арқылы көрерменге терең ой салды. Түстен кейін Атырау қаласының «Амангелді» халық театры Е.Домбаевтың «Біздің кластың қыздары» қойылымын ұсынып, өткен шақтың әсерлі көріністерін бейнеледі. Ал Махамбет ауданының «Алға» халық театры Ф.Бөлековтің «Күйеу іздеген кемпірлер» комедиялық драмасы арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл- күй сыйлап, залды күлкіге бөледі.
Екі күнге созылған өнер мерекесі марапаттау рәсімімен қорытындыланып, үздік өнер ұжымдары мен талантты актерлер лайықты бағаларын алды. Осылайша көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, шеберлігімен ерекше көзге түскен «Жарсуат» халық театрының ұжымы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып мерейі үстеді. Өзге де қатысқан халық театр ұжымдары жүлделі орындар мен қаржылай сертификаттарға ие болып, еңбектері бағаланды.

Сахна шымылдығы жабылғанымен көрермен көңілінде қалған әсер мен рухани байлық ұзаққа сақталары сөзсіз. «Халық театры көктемі – 2026» байқауы өңір өнерінің өрісін кеңейтіп, ұлттық мәдениеттің тамырына қан жүгірткен тағылымды шара ретінде есте қалды.

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

