Апта сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Туған жер – өнер өлкесі» атты мәдени жоба бұл жолы Қамысқала ауылдық округінің өнерпаздарын аудан жұртшылығымен жүздестірді. Аққыстауда өткен концерттік бағдарлама туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеп, ұлттық өнердің қадірін арттырған тағылымды кешке айналды.

Жобаның басты мақсаты – ауыл өнерпаздарының шығармашылығына қолдау көрсету, талантты жастарды жігерлендіру, ұлттық өнерді насихаттау және ауылдар арасындағы рухани байланысты нығайту. Бұл бастама бүгінде аудан тұрғындарының асыға күтетін мәдени шараларының біріне айналып отыр.

Кеш шымылдығы Қамысқала ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Шашу» би тобының әсерлі қойылымымен ашылды. Ұлттық нақыш пен әсем қимыл үйлесім тапқан би көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, концерттің сәнін кіргізді.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Рашид Тасанұлы сөз сөйлеп, мұндай мәдени кездесулердің ел бірлігі мен рухани құндылықтарды дәріптеудегі маңызына тоқталды.
– Осындай тағылымы мол шаралар ауылдардың ынтымағын арттырып, өнердің өрісін кеңейтеді. Қамысқала ауылының өнерпаздарына шығармашылық табыс тілеймін. Өнерлеріңіз ауданымыздың абыройын асқақтата берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын, – деді ол ауыл әкімдігіне Алғыс хат табыстап.

Өз кезегінде ауыл әкімі Рафиғат Әнуарбекқызы ұйымдастырушылар мен көрермендерге алғысын білдіріп, ұлттық мәдениеттің қоғам өміріндегі орнына ерекше тоқталды.
– Бүгінгі концерт – жай ғана өнер кеші емес. Бұл – туған жерге деген құрметтің, ауылдар арасындағы достық пен татулықтың жарқын көрінісі. Қамысқала – еңбекқор халқымен, өнерлі жастарымен мақтанатын қасиетті мекен. Өнерпаздарымыз бүгін өз өнері арқылы туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін жеткізеді деп сенемін, – деді ауыл әкімі.

Содан кейін ауыл әкімі қамысқалалық ақын Жаңабай Қуандықовтың «Құт мекен Қамысқалам» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды. Өлең көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, концерттің рухани мазмұнын тереңдете түсті.

Мерекелік бағдарлама барысында ауыл өнерпаздары Талғат Сатыбаев, Ілияс Сейілханұлы, Назерке Тұрсынғалиқызы, Гүлза Сұңғатқызы, Зинагүл Мұхтарова, Динара Қайрошева, Асылжан Шаяхмет, Орынгүл Шонтыбаева, Нұрдәулет Ыбырайұлы, Амангелді Панабердиев, Айзере Сағидолла, «Көркем-ай» би ұжымы және Новобогат орта мектебінің оқушыларынан құралған «Шабыт» тобы өз өнерлерін ортаға салды.

Әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерттен ерекше әсер алған Аққыстау ауылдық округінің тұрғыны Гүлдана Меңдекен де өз пікірін білдірді.
– Осындай дәстүрлі кештердің жалғасып келе жатқаны қуантады. Бүгін жақсы демалып, әсем ән тыңдап, бишілердің өнерін тамашаладық. Балаларымыз да сахна алдындағы думанға араласып, көтеріңкі көңіл күймен қайттық. Осындай мәдени шаралар жиі ұйымдастырылса екен, – деді ол.

Осылайша, Қамысқала ауылдық округінің өнерпаздары өздерінің шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде танытып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

«Туған жер – өнер өлкесі» жобасы ауыл мәдениетін дамытуға, өнерпаздардың еңбегін дәріптеуге және аудан тұрғындарының рухани өмірін байытуға бағытталған игі бастама екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ж.СЕМБИЕВА


