Бірі ойыншық көлікке әуес, бірі ғарышкер болуды армандайды. Ал кішкентай Нұриман үшін көк шам жанған полиция көлігі – бала қиялының ең биік символы. Ол өзгелер секілді тәртіп сақшыларын сырттай қызықтап қана қойған жоқ. Бес жасында-ақ иығына форма іліп, өзін ел тыныштығын күзететін нағыз полиция қызметкеріндей сезінді. Бүгінде сол бала арманы уақыт өте келе үлкен мақсатқа айналып келеді. Осындай бала қиялынан басталған асқақ армандардың қоғам үшін маңызы зор. Өйткені әр баланың жүрегінде болашаққа деген сенім мен өзіне ғана тән мақсат жатады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні де дәл сол балғын арман мен бала көңілдің қадірін ұғындыратын ерекше мереке. Сол арманның жетегінде жүріп, кішкентайынанақ мақсатын айқындап үлгерген бүлдіршіндердің бірі – Нұриман Ғайнетұлы.
Бүгінде Абай орта мектебінің 4-сыныбын аяқтаған Нұриманның полиция мамандығына деген қызығушылығы ерте оянған. Төрт жасынан бастап тәртіп сақшыларына ерекше ықыласпен қарайтын баланың бұл әуестігі уақыт өте келе шынайы арманға айналған. Ұлының қызығушылығын байқаған анасы Надежда алғашында оған полицияның бас киімін сыйға тартыпты. Алайда кішкентай Нұриман үшін бір бас киім аздық еткен. Ол өзін толықтай нағыз полиция қызметкеріндей сезінгісі келді. Ал пандемия уақытындағы бір оқиға Нұриманның бала арманының көпшілікке танылуына себеп болды. Үстіне форма киіп алған ол мектеп маңынан өткен көліктерді тоқтатып, жүргізушілерден құжаттары мен бетперделерін сұраған. Баланың аңғал әрекеті жұртты сүйсіндіріп, әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Тіпті бұл әрекет жергілікті полиция қызметкерлерінің де назарынан тыс қалмаған. Кейін олар Нұриманды арнайы құттықтап, сый-сияпат табыстап, кішкентай тәртіп сақшысына ерекше құрмет көрсеткен. Сол сәттен кейін Нұриманның арманы бұрынғыдан да айқындала түсті. Бүгінде оның ең сүйікті дүниесінің бәрі полиция қызметімен байланысты. Ойыншық таңдаса да, әңгіме айтса да, тіпті болашағын елестетсе де өзін тәртіп сақшысы ретінде көреді. Бала қиялынан туған бұл арманның артында үлкен мақсат пен шынайы сенім жатқандай.
– Нұриман кішкентай кезінен тәртіп сақшыларына қызығып өсті. Көшеде полиция көлігін көрсе ерекше қуанып, олардың жұмысына қызығушылықпен қарайтын. Қазір де полиция қызметкерлерін үлгі тұтады. Баламның арманы орындалып, елге қызмет ететін азамат болса екен деп тілеймін,-дейді анасы Надежда Сүндетова.

Он бір жастағы кейіпкеріміздің арманы уақыт өте келе үлкен мақсатқа айналып келеді. Өйткені көрсетілген құрмет пен берілген марапаттар оған ерекше шабыт сыйлағаны анық. Нұриман республикалық басылымдарға шығып, Атырау облысы Полиция департаменті басшысының Алғыс хатына ие болған. Тіпті кейбір полиция қызметкерлері әзіл-шыны аралас: «Біз кіре алмай жүрген басшының кабинетіне сен қалай кірдің?»-деп таңданыстарын жасырмайды екен. Полиция күніне арналған шаралар мен балаларға арналған байқауларға да Нұриман үнемі белсенді қатысады. Жуырда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге рейдтік жұмыстарға да қатысып қайтқан. Бұл – оның арманына деген адалдығы мен ынтасының айқын көрінісі.
Бала кезде бәріміз де түрлі мамандық иесі болуды армандадық. Алайда уақыт өте кейбір арман көмескі тартып, ұмыт қалып жатады. Ал Нұриман таңдаған мамандық – өмірмен біте қайнасқан, жүзеге асыруға болатын шынайы арман. Ең бастысы – оның сол мақсатқа деген талпынысы мен жігері ерекше. Осындай арманшыл бүлдіршіндер ертең елдің тірегі, өз ісінің нағыз маманы болары сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

