Кітап оқуды дәстүрге айналдырған жас ұстаздар

 

Ұстаз – шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның талғамы мен танымын, ойы мен көзқарасын қалыптастыратын тұлға. Ал кітап – осы жолдағы ең сенімді рухани серік. Өйткені ұстаздың өзі кітаппен дос болса, оның шәкіртке деген ықпалы да тереңдей түседі. Кітап оқуды насихаттаудың ең әсерлі жолы – «оқы» деп айту емес, өзің оқып, өзің үлгі болу. Бүгінде жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте мектептегі ұстаздың орны айрықша. Себебі кітапқа құмар ұстаздың айналасында оқуға ынталы шәкірттің қалыптасуы заңды. Осындай ізгі ұстанымды берік қалыптастырып келе жатқан мектеп-гимназияның жас мұғалімдері арасында кітап оқуды ортақ дәстүрге айналдырған «Майдандастар» оқырман клубы жұмыс істейді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекарыс Қадыржанның бастамасымен құрылған ортаға әдебиет пәнінің ұстаздарымен бірге дене шынықтыру, өзге де пән мұғалімдері топтасқан. Әрқайсысының күнделікті сабақ жоспары, сыныптан тыс жұмысы, ұстаздық міндеті бар. Соған қарамастан, кітапқа келгенде олар уақыт табуды әдетке айналдырған.

 

 

Бұл – жай ғана кітап оқып, соңынан пікір алмасатын орта емес. Мұнда әр шығармаға әркім өз биігінен қарайды. Бірі автордың айтпақ ойын тарқатса, енді бірі кейіпкер әрекетіне үңіледі. Бір шығарма бір ұстазға ой салса, сол кітаптың басқа қырын екінші әріптесі ашып көрсетуі мүмкін. Осылайша кітап төңірегіндегі әңгіме кәсіби ортадағы еркін пікір алмасуға, рухани сұхбатқа ұласады. «Майдандастар» атауының өзі де кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені кітап оқу жолындағы ізденісте олар бір-біріне серік. 

– Кітап оқитын ортаны қалыптастыру үшін алдымен өзіміз үлгі болуымыз керек деп ойлаймын. Ұстаз шәкіртіне «кітап оқы» деп айтуы мүмкін. Бірақ одан да әсерлісі оқушының ұстазының қолынан кітап көріп, оның шығарма жайында қызығып әңгіме айтып отырғанын байқауы. Сондықтан «Майдандастар» клубын құрғандағы басты мақсатымыздың бірі – жас ұстаздардың арасында кітап оқуды әдетке, кейін мәдениетке айналдыру болды. Кітапқа деген қызығушылықты өзгелерге де жұқтыру мақсатында аудандық жас ұстаздар арасында буккроссинг ұйымдастырылып, қолдан қолға кітап берудің жақсы үрдісі қалыптасты. Ал Халықаралық кітап сыйлау күні қарсаңында әріптестер бір-біріне кітап тарту етіп, ән мен жырды, поэзияны тоғыстырған ерекше кеш өткіздік. Ең бастысы бұл бастаманың әсері мектеп қабырғасындағы жас ұстаздармен ғана шектелмей, оқушыларға да жетіп отыр. Ұстаздарының кітап оқып, шығарма талқылап жүргенін көрген шәкірттерден «Сіздерге қарап, кітап оқуға деген қызығушылығымыз оянды» деген жылы сөздің естілуі біз үшін ең үлкен жетістік деп есептейміз,-дейді Бекарыс Нысанұлы.

Өткен оқу жылында құрылған оқырман клубының бүгінде қалыптасқан өз дәстүрі бар. Жас ұстаздар облыстық кітап оқу сайыстарына қатысып, екі мәрте жеңімпаз атанған. Бұл – кітап оқудың нәтижесі тек жеке адамның рухани әлемімен шектелмей, ортақ жетістікке де ұласатынын дәлелдейтіндей. Мұның бәрі  кітапты тек сөреге қойылатын дүние емес, адамдарды жақындастыратын рухани көпір ретінде қабылдайтын ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.Өйткені ұстаздың оқыған бір кітабы кейде бір сыныптың кітапқа деген көзқарасын өзгертуі мүмкін. Ал бір адамның оқу әдеті тұтас бір ортаның мәдениетіне айналса, оның әсері одан да ауқымды. 

 

 

Сондықтан біз атаған «Майдандастардың» майданы – әдебиет әлемінде, қаруы – кітап, мақсаты оқу мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Бір кітапты бірге оқып, бір ойды бірге талқылаған жас ұстаздардың бұл бастамасы мектеп қабырғасында кітаптың қайтадан қадірін арттырып, оқитын ұстаз – ойланатын ұрпақ тәрбиелейді деген ұстанымның өміршеңдігін көрсетіп келеді.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT