Кітап – өткеннің шежіресі, болашақтың шамшырағы

 

23 сәуір – Ұлттық кітап күніне арналған апталық аясында 21 сәуір күні Ұлттық кітап мерекесі мен кітапханашылар күніне орай «КІТАП. ТАРИХ. ШЕЖІРЕ» тақырыбында кітап және фото көрмеден тұратын мазмұнды шара ұйымдастырылды.

Аталған шараға Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ мәдениет үйінің қызметкерлері белсене қатысты. Бұл рухани кештің негізгі мақсаты – кітаптың адам өміріндегі маңызын насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру және кітапханашылар еңбегін дәріптеу болды.

Іс-шара кіріспе сөзбен ашылып, онда кітаптың құндылығы, оның адамзат тарихындағы орны, сондай-ақ кітапханашылардың қоғамдағы рөлі кеңінен сөз етілді. Кештің шымылдығы балғын бишілердің әсем биімен түріліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара барысында оқушылар поэзия әлеміне саяхат жасап, көркемсөз оқу арқылы өз өнерлерін көрсетті. Атап айтқанда, Наргиза Асхатқызы Р. Сұлтанәлиеваның «Жатқа оқылған кітап туралы» балладасын мәнерлеп оқыса, Жайдарлы Ерболатқызы Б. Тіленшинаның «Кітапхана» өлеңін, ал Әсем Нұрланқызы Б. Ынтықбаевтың «Кітапхана шырақшыларына» атты туындысын әсерлі жеткізді. Оқушылардың бұл өнері кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани әсерін арттыра түсті.

Сонымен қатар іс-шара аясында «Кітап – тарих айнасы», «Шежіре – ұрпақ мұрасы», «Қаламгерлер мұрасы» атты мазмұнды кітап көрмелері ұйымдастырылып, қатысушыларға мол мағлұмат берілді. Көрмелер арқылы кітаптың тек білім көзі ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаушы рухани көпір екені айқын көрсетілді.

Шараны жандандыру мақсатында «Сұрақтар фуршеті», «Білім құдығы» атты сұрақ-жауап бөлімдері өткізіліп, оқушылар өз білімдерін сынады. Сонымен қатар «Кітап пазлы», «Сөзден сөйлем құрастыр», «Жасырын сөз» секілді қызықты ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар ерекше белсенділік танытты.

Кеш соңында кітаптың адам өміріндегі орны мен рухани маңызы тағы бір мәрте атап өтілді. Осындай мазмұнды шара арқылы кітаптың – өткеннің шежіресін сақтаушы, бүгіннің бағыт-бағдарын айқындаушы, болашақтың шамшырағы екені дәлелденді.

Кітап – ұлт руханиятының алтын қазығы болса, кітапханашы – сол қазынаны ұрпақ санасына жеткізуші жанашыр тұлға. Жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығының артуы, білімге деген құштарлығының оянуы – бұл шараның басты жетістігі болды.

Рухани байлықтың қайнар көзі – кітапқа деген құрмет әрдайым жоғары болып, оқырман мен кітап арасындағы байланыс ешқашан үзілмесін деген ізгі тілекпен шара өз мәресіне жетті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT