Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург, Махамбет сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына арналған «Қара сөздің дауылпазы» атты көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті.
Әдебиетсүйер қауымның басын қосып, қатысушылардың шығармашылық қабілеті мен сахналық шеберлігін танытуына мүмкіндік берген байқаудың басты мақсаты жазушының прозалық және драмалық туындыларын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру болатын. Аталған байқауда аудан намысын қорғаған Аққыстау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы Рысгүл Сабит жоғары нәтиже көрсетіп, Бас жүлдеге ие болды.

Рысгүл байқау барысында Рахымжан Отарбаевтың «Аяқталмаған хикая» шығармасынан үзінді оқып, көркем сөз оқудағы шеберлігін көпке паш етті. Шығарманың мазмұнын терең түсініп, автордың айтар ойын тыңдарманға жеткізуге ұмтылған оның өнері жоғары бағаланды. Жерлесіміздің бұл жетістігі – әдебиетке деген сүйіспеншілік пен ізденістің, көркем сөзге деген құрметтің жемісі.
-Ең алдымен, бұл жеңісім мен үшін ерекше қуаныш әрі үлкен мотивация деп айта аламын. Жас маман ретінде алғашқы жетістігімнің осындай шығармашылық бағытта болуы өте маңызды. Жалпы, мен мектеп қабырғасынан бері көркемсөз оқуға ерекше қызығушылық танытып келемін. Өлеңді мәнерлеп оқып, автордың ойын, шығарманың ішкі сезімі мен терең мағынасын тыңдаушыға жеткізгенді жаным сүйеді. Бұл қызығушылығым университет қабырғасында да жалғасын тапты. Студенттік жылдары көптеген ақындардың шығармаларын жаттап, көркемсөз оқып, өзімді осы бағытта шыңдауға тырыстым.Сондықтан көркемсөз мен үшін жай ғана мәтінді оқу емес, ол — сөздің құдіретін сезіну, қаламгердің жан дүниесін түсіну және сол сезімді көрерменмен бөлісу. Бұл жетістігім осы жылдар бойы қалыптасқан қызығушылығымның, ізденісімнің алғашқы жемісі деп білемін. Алдағы уақытта да өзімді осы бағытта дамытып, шәкірттеріме үлгі болып, олардың бойындағы өнерге деген қызығушылықты оятқым келеді. Бұл — мен үшін бастама ғана. Ең бастысы, өзім жақсы көретін іспен айналысып, сол арқылы жетістікке жету,-дейді жеңімпаз Рысгүл.

Рысгүлдің облыстық байқаудан Бас жүлде иеленуі – ауданның мәдени-рухани өміріндегі сүйінішті жайттардың бірі болумен бірге ауданда көркем әдебиетті насихаттауға, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға серпін бермегі де сөзсіз.
Жұлдыз СЕМБИЕВА



