Исатай ауданында көктемгі өр суы тасқынының алдын алу, оларды жою, жағалаудағы қорғаныс бөгеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпті жағдайда жұмылдырылатын техникалардың дайындықтарын тексеру мақсатында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Бұл жердегі мақсат – аудан көлемінде азаматтық қорғау қызметінің құрылымдарын жоғары әзірлікке келтіру, ықтимал төтенше жағдайларды дер кезінде жою, көктем кезіндегі төтенше жағдайда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тартуға жан-жақты жәрдем және көмек көрсету жұмыстарын жүргізу болды.
Осылайша, аудан орталығындағы вокзал маңы алаңында саптың әзірлігі, оқу-жаттығу барысы қаралды. Саптық тұрғызылуға аудан көлеміндегі Азаматтық қорғаныс оқу-жаттығуына тартылған жеке құрамның жалпы саны 87 қызметкер және 39 түрлі техника қатысты.
Исатай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахат Ахбалин мен рапорт қабылдаған аудан әкімі Нұрым Мусин сапта тұрғандардың дайындықтарын тексерді.
Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде жергілікті атқарушы органдарға бағынысты азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару бойынша іс-қимылдар мен өзара әрекеттесу үйлесімділігін жетілдіру қажеттігі айтылды. Әрбір құрылым өздеріне тиісті жұмыстарды уақытылы үйлестіріп, кез келген жағдайға дайын болу керектігі ескертілді.
Саптық дайындық аяқталған соң мекемелер оқу-жаттығудың практикалық бөліміне кірісті. Бекітілген күнтізбеге сәйкес «Көктем-2026» оқу-жаттығуы Аққыстау ауылдық округіндегі Тайманов көшесінде өтті. Онда қар және жаңбыр суларынан жиналған шалшық суды тазалау жұмыстары жүргізілді.



