Кәсіподақ – жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы байланысты нығайтып, еңбек адамының құқығы мен әлеуметтік мүддесін қорғауға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт. Әр саланың өзіне тән ерекшелігі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ мәселе бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек» деген болатын. Ал еңбек адамына түсетін қиындықты жеңілдетуде, қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғауда кәсіподақтың атқарар жүгі жеңіл емес. Еліміз еркіндік алып, іргесі бекігелі қарапайым еңбек адамының кәсіподаққа сенімі арта түскендей. Тоқырау кезеңінде басқа қоғамдық ұйымдар тарап кеткенде, еңбек адамдарының қасында өз міндетін атқарып, тек кәсіподақ қалған болатын. Ол – еңбек адамының лайықты жағдайы, қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғалуы. 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтарының күніне орай әр саланың кәсіподақ ұйымдарының өкілдерін «дөңгелек үстел» басына жинағандай, еңбек ұжымдарының бүгінгі мәселелері мен кәсіподақтың қоғамдағы рөлі туралы ойларын ортаға салуды жөн көрдік.

ҚАРЛЫҒА ДҮЗБАЕВА
«Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Исатай аудандық комитеті» филиалы төрайымы
– Білім беру саласында педагогтердің еңбек жүктемесі, жұмыс уақыты, әлеуметтік кепілдіктері жиі сөз болады. Бүгінде мұғалімдердің қандай мәселелері кәсіподақтың назарында? Педагогтердің еңбек құқықтарын қорғауда кәсіподақ қандай нақты жұмыстар атқарып келеді?
– Білім беру саласында педагогтердің еңбек жүктемесі, жұмыс уақыты, еңбекақысы мен әлеуметтік кепілдіктері – кәсіподақтың тұрақты назарындағы негізгі мәселелердің бірі. Себебі мұғалімнің еңбек жағдайы оның кәсіби қызметінің сапасына ғана емес, жалпы білім беру жүйесінің тұрақтылығына да тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда білім бөліміне қарасты 16 мектеп, 12 балабақша және 6 қосымша білім беру ұйымы, жалпы саны 34 білім беру ұйымы жұмыс жүргізуде. Ал оның ішінде барлығы 1981 кәсіподақ мүшесі бар. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның 12-бабына сәйкес педагогтерге тиесілі әлеуметтік кепілдіктер бойынша әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Педагогтерді заңсыз жұмысқа тартуға, негізсіз тәртіптік жауапкершілікке тартылуға немесе қызметтік міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға жегуге қарсы құқықтық көмек көрсетеді. Аудандық ұйым осы жылы кәсіподақ қызметкерлері үшін Ел Президентінің Заң жобаларын, Жолдауларын мұғалімдер мен мектепке дейінгі, қосымша білім беру мекеме қызметкерлері үшін барлық ынталандыруды қарастырып, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында ұстаздар тарапынан болған ұсыныс-тілектерге орынды жауап беріліп, облыс орталығынан жан-жақты практикалық көмек көрсетіліп, 13 сұрақ пен өтініштерге жауаптар жазылып, жан-жақты түсініктер берді. Зейнеткер жасына шығатын қызметкерлерден көптеп сұрақтар келіп жатады.
Олардың жұмыстарын жалғастыру және өтемақы төлену туралы сұрақтарына жұмыс беруші тарапынан шешілетіні туралы түсіндірілді. Әлеуметтік желідегі кәсіподақ парақшасына жазбалар жүйелі түрде салынып отырады. Облыста «Ұстаздық еңбек» газеті арқылы «Сұрақ – сізден, жауап – бізден» айдары арқылы кәсіподақ заңгері Ю.А.Айбусынова өтініштер мен сұрақтар бойынша құқықтық-заңгерлік кеңестерге заң шеңберінде жауап береді. Еңбекақы төлеу тәртібінің, санаттар бойынша үстемақылардың (модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер) және сауықтыруға берілетін жәрдемақылардың уақытылы әрі толық берілуін бақылауда ұстайды. Облыстық кәсіподақтың жоспармен аудандық филиалдың қаражатын және бастауыш кәсіподақ ұйымдарына тиісті қаражатты мақсатты пайдалану және жұмсаудың кәсіподақ жұмысындағы нормативтік-құқықтық Жарғылық талаптарға сәйкестігін зерделеу бағытында бақылау-тексеру комиссиялары жұмыс жасайды. Кәсіподақ ұйымының жұмысында мүшелерімізден түскен арыз-шағымдар қашанда аяқсыз қалмайды. Солардың бірі – балабақшалардағы кір жуушылар мәселесі болды.
Ауданда барлық балабақшалардың және Ғ.Мәсәлімов, мектеп–гимназия жатақханаларының кір жуушылары Атырау энергетика және құрылыс техникалық колледжінде бір айлық курстан өткізіліп, нәтижесінде «кір жуу машиналарының операторы» мамандығына сертификаттар алды. Курс барысында тыңдаушылар жұмыс кезіндегі техника қауіпсіздігімен, химиялық материалдардың түрлерімен танысып, кір жуу машинасының құрылысымен және оның жұмыс жасау технологиясын меңгереді. Оқу дуалды жүйе арқылы жүзеге асырылады, яғни тыңдаушылар алғашқы екі аптада теориялық білім алса, соңғы екі аптада теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында мекемелерден кәсіптік тәжірибеден өтті. Нәтижесінде ҚР Үкіметінің 31.12.2015 ж. №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қаулысы 3 қосымшасының ескертпесіне сәйкес азаматтық қызметшілердің құрамына кіреді, яғни оларға лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі. Сонымен қатар биылғы жылы барлық кіші қызметкерлерге негізгі еңбек демалыстарына үш күн ақылы демалыстары қосылып берілді. Жас мамандар мен ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмайды. Облыстық «Жастар Кеңесінің» мүшелігіне мектеп гимназиядан жас маман Газизова Аружан мен Исатай орта мектебінен жас маман Азербаев Темірхан Серікұлы енді. Қазан айында Батыс Қазақстан облысында өтетін семинарға екі маман да жолдама алып отыр. Осылайша кәсіподақ мүшелерінің мүддесі үнемі басты назарда болмақ. Алдымызда бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жұмысты нығайту, бірлесе атқаратын жұмыстар-ды жалғастыру маңызды болмақ.

АЗАМАТ ХАЛЕЛ
«Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» облыстық қоғамдық ұйымының Исатай ауданы филиалының төрағасы
–Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбегі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың еңбек жағдайына қатысты қандай мәселелер жиі көтеріледі?
–Қазіргі таңда медицина саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің алдында бірқатар өзекті мәселелер бар. Бұл мәселелер тек медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына ғана емес, жалпы денсаулық сақтау саласының дамуына, білікті мамандарды ұстап қалуға және жастарды медицина саласына тартуға тікелей әсер етеді.Бірінші мәселе – медицина қызметкерлерінің еңбекақысы. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің еңбекақысы қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес лауазымдық жалақы негізінде есептеледі. Шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдарда да еңбекақыны есептеу жүйесінде базалық мөлшердің маңызы зор. Алайда базалық еңбек ақы мөлшері 2011 жылы 17 694 теңге болып белгіленген, әйтсе де уақыт өте сәл өзгеріс болатыны сөзсіз. Себебі осы уақыт аралығында еліміздің экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да, күнделікті өмір сүру құны да айтарлықтай өзгерді. Инфляция, азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің, тұрғын үйдің және басқа да қажеттіліктердің қымбаттауы халықтың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің тұрмысына тікелей әсер етуде.Әр жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысы белгілі бір деңгейде өсіп отырғаны рас. Дегенмен бұл өсімнің базалық еңбек ақы мөлшерін заман талабына сай қайта қарау мәселесін толық шешпейтіні байқалады.Сондықтан базалық еңбек ақы мөлшерін қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкестендіріп, қайта қарау қажет деп есептейміз. Медицина қызметкерінің еңбегі – адам өмірі мен денсаулығына жауап беретін аса жауапты еңбек. Осыған байланысты оның еңбегі лайықты деңгейде бағалануы тиіс.
Екінші мәселе – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы.Медицина саласында еңбек ететін мамандар үшін тұрғын үй, балабақша және жеңілдетілген несие мәселелері аса маңызды. Әсіресе жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және оларды сол жерде тұрақтандыру үшін тек жалақы көлемі ғана емес, әлеуметтік жағдайдың да қолайлы болуы қажет. Бұл бағытта аудан басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды ерекше атап өткен жөн. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауының арқасында медицина қызметкерлерінің арасында баспанасыз немесе балабақша мәселесіне байланысты қиындық көріп отырған дәрігерлердің жоқтығын айтуға болады. Ол жақсы көрсеткіш әрі жергілікті билік пен медицина саласы арасындағы өзара түсіністік пен қолдаудың нақты нәтижесі. Осындай тәжірибені әрі қарай жалғастырып, әсіресе жас мамандарға тұрғын үй, балабақша және жеңілдетілген несие мәселелері бойынша қолдауды тұрақты түрде қамтамасыз ету маңызды. Үшінші мәселе – медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен құқықтық қорғалуы. Бүгінде медицина қызметкерлері өздерінің күнделікті кәсіби қызметінде тек ауруды емдеп, адам өмірін сақтап қана қоймай, кей жағдайда науқастар мен олардың туыстары тарапынан түрлі қысымға да ұшырап жатады.
Медицина қызметкерін балағаттау, дөрекі сөйлеу, ар-намысына тиетін сөздер айту, қорқыту, кей жағдайда күш қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде медицина қызметкерінің беделіне нұқсан келтіретін ақпараттарды тарату фактілері кездеседі. Мұндай жағдайлар медицина қызметкерінің моральдық-психологиялық жағдайына кері әсер етеді. Ең бастысы – бұл мәселелер медицина саласының беделіне және жастардың осы мамандықты таңдауына да ықпал етеді.
Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін көтеріп, кәсіби қызмет барысында олардың ар-намысы мен қауіпсіздігін заңнамалық тұрғыдан күшейтіп қорғау қажет деп санаймыз. Қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің «Сенім» кәсіподағы осы мәселелерді көтеріп, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында жаңадан құрылып жатқан құрылтайға өз ұсыныстарын енгізуде. Медицина қызметкерін балағаттау, қорлау, қызметтік міндетін атқару кезінде оған қысым көрсету немесе күш қолдану әрекеттеріне нақты құқықтық жауапкершілік қарастырылуы тиіс. Бұл – медицина қызметкерлеріне артықшылық беру емес. Адам өмірі мен денсаулығын қорғап жүрген маманның еңбегін, ар-намысын және қауіпсіздігін қорғау. Бүгінде жастарды медицина саласына тарту біршама қиындап бара жатқаны жасырын емес. Мамандықтың жауапкершілігі өте жоғары, ал қызмет барысында кездесетін психологиялық және әлеуметтік қиындықтар жастардың мамандық таңдауы мен осы салада тұрақтап қалуына әсер етеді. Сондықтан медицина қызметкерінің еңбекақысын лайықты деңгейге жеткізу, әлеуметтік жағдайын жақсарту және құқықтық мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің ғана емес, денсаулық сақтау саласының болашағына бағытталған маңызды қадам.

МАРАЛ СҰЛТАНОВА
Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мемлекеттік мекемесінің кәсіподақ ұйымының төрағасы
–Мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қоғам тарапынан жеткілікті бағалана ма? Шығармашылық мамандардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда қандай ерекшеліктер бар?
– Мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қоғам үшін өте маңызды. Себебі олар ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, өнер мен тарихи мұраны сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Дегенмен олардың еңбегіне берілетін қоғамдық және материалдық баға әрдайым атқаратын қызметінің маңыздылығына сәйкес келе бермейді. Әсіресе еңбекақы деңгейі, еңбек жағдайы, кәсіби даму мүмкіндігі және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері өзекті болып қала береді. Менің ойымша, мәдениет қызметкерлерінің еңбегі қоғам тарапынан бағаланып келеді. Бірақ біздің жұмысымыз бірден көзге көріне бермейді. Күнделікті атқарып жүрген жұмысымыздың артында үлкен жауапкершілік бар. Әсіресе кітапханашылар оқырманмен жұмыс істеп, халықтың кітапқа, білімге деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосып келеді. Кәсіподақ төрайымы ретінде қызметкерлердің жағдайын, олардың құқықтары мен мүддесін қорғауға тырысамыз. Әрине еңбегіміздің одан әрі бағаланып, қолдау көрсетілгенін қалаймыз. Өйткені мәдениет – қоғамның рухани негізі деп ойлаймын. Шығармашылық мамандардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден олардың еңбегінің нәтижесі көбіне шығармашылық туынды түрінде көрінеді. Сондықтан еңбек құқықтарымен қатар авторлық құқықты қорғау маңызды. Автор өз туындысының авторы ретінде танылуға, оны пайдалануға келісім беруге және одан табыс алуға құқылы. Екіншіден шығармашылық саладағы жұмыс уақыты дәстүрлі жұмыс тәртібінен ерекшеленуі мүмкін. Мысалы, актерлердің репетициялары, концерттер, түсірілімдер немесе мәдени іс-шаралар кешкі уақытта, демалыс және мереке күндері өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда қызметкерлердің жұмыс уақыты, демалысы және еңбегіне ақы төлеу құқықтары сақталуы тиіс. Үшіншіден, көптеген шығармашылық мамандар жобалық немесе уақытша келісімшарттар бойынша жұмыс істейді. Бұл олардың тұрақты табыс пен әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуін қиындатуы мүмкін. Сондықтан еңбек шартының дұрыс рәсімделуі, әлеуметтік сақтандыру, демалыс және басқа да еңбек кепілдіктерінің қамтамасыз етілуі маңызды. Қорытындылай келе, мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау тек марапаттау немесе қоғамдық құрметпен шектелмеуі керек. Олардың еңбегі лайықты жалақымен, қауіпсіз еңбек жағдайымен, әлеуметтік кепілдіктермен және шығармашылық құқықтарын қорғаумен қамтамасыз етілуі қажет. Мәдениетке қолдау көрсету - ұлттық құндылықтар мен қоғамның рухани дамуына инвестиция жасау болып табылады.
Сағыныш ҚАЙЫР



