Қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыру – әділетті әрі өркениетті мемлекеттің басты негіздерінің бірі. Заң үстемдігі орнаған елде азаматтардың құқықтары қорғалып, міндеттері айқындалады. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі.
Осыған орай ауданымызда Исатай аудандық прокуратурасы қолға алған халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәріхана» атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастама 2025–2030 жылдарға арналған «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында іске асырылып, бүгінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен құқықтық жәрмеңкеде прокуратура мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ мемлекеттік және коммуналдық мекеме өкілдері тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берді. Көршілес ауданнан келген Құрманғазы ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің басшысы, мемлекеттік сот орындаушысы Жанар Нажиева бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Мұндай жәрмеңкелердің басты мақсаты – тұрғындарға қолжетімді әрі түсінікті құқықтық көмек көрсету. Кез келген азамат еш қысылмай, өз мәселесімен келіп, кеңес ала алады. Біз әрдайым көмектесуге дайынбыз, себебі күнделікті жұмысымызда да азаматтарға тегін құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осындай шаралардың арқасында халықтың құқықтық сауаттылығы артып келе жатқанын байқаймыз. Қазіргі таңда құқықтық түсінбеушіліктер мен даулы жағдайлардың саны біртіндеп азайып келеді, - деді ол.
Жалпы мұндай игі бастамалар халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, сенімді арттыруға ықпал етеді. Тұрғындардың заңға деген құрметін қалыптастырып, құқықтық мәдениеттің дамуына жол ашады. Ал бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылық пен әділеттіліктің берік орнығуына негіз болады. Осындай жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете беретіні сөзсіз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

