Құқықтық тәрбие – уақыт талабы

 

Бүгінгі жас ұрпақ тек білім алып қана қоймай, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінуі тиіс. Осы тұрғыда  жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп: тұрақтылық кепілі» тақырыбында көшпелі консультациялық көмек көрсету іс-шарасы өтті. 

Жиын барысында аудан мектептерінің оқушылары үш топқа бөлініп, әр бағыт бойынша өз қабілеттерін танытты. Алғашқы топ арнайы шақыртылған мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, құқықтық және психологиялық тұрғыда кеңес алды.

Олардың қатарында Отбасын қолдау орталығының заңгері Гаухар Абдрахманова, психолог Ботакөз Ибраим, аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Мөлдір Мағазова, Исатай орта мектебінің педагог-психологі Құндыз  Кемелова  және Аққыстау орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алия Хайруллина бар. Мамандар жасөспірімдерді алаңдатқан түрлі мәселелерге жауап беріп, заң талаптарын сақтау мен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын түсіндірді. Екінші топ «Заң мен тәртіп: тұрақтылық кепілі» тақырыбында сурет салып, өз туындыларын көпшілікке таныстырды. Оқушылардың шығармашылық жұмыстары олардың заңға деген құрметі мен азаматтық көзқарасын айқын көрсетті. Ал үшінші топ халықпен сұхбат жүргізіп, шараның өту барысынан репортаж әзірледі. Бұл бағыт оқушылардың журналистикаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғаммен байланыс орнату дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

 

 

Жалпы, мазмұнды өткен іс-шара барысында оқушылар мен ересектер көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алып, құқықтық сауаттылықтарын арттырғанын әдістемелік кабинет меңгерушісі Қырмызы Сыдикова да растайды.

–Бұл жүздесуде оқушылардың белсенділігі, өзекті сұрақтар қоюы және түрлі форматта  ойларын жеткізе білуі бізді қуантты. Бұл олардың азаматтық көзқарасының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай кездесулердің тағы бір артықшылығы – оқушылар мен сала мамандары арасындағы тікелей байланыс орнауы. Заңгер, психолог және құқық қорғау саласының өкілдерімен еркін пікір алмасу арқылы балалар нақты өмірлік жағдайларға қатысты пайдалы кеңестер алды. Алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шараларды жалғастырып, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жүйелі түрде көңіл бөлу – біздің басты міндетіміз,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.

Осындай тағылымды кездесулер – жас ұрпақтың заңға құрметпен қарап, ел тұрақтылығын нығайтуға өз үлесін қосатын саналы азамат болып қалыптасуына жол ашады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР.
Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT