Қоғам қайраткері жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді

 

Сәрсенбінің сәтті күнінде ауданымызда елге еңбегі сіңген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашұлы Мақашевтың 80 жас мерейтойына арналған «Тағдыры бөлек нар тұлға» атты тағылымы терең, мазмұны бай кездесу өтті. Бұл – бір ғана адамның мерейі емес, тұтас бір өңірдің рухани қуанышы, елдік пен ерлікті ұлықтаған айрықша сәт болды.

 

 

Мерекелік шара аудан шекарасындағы «Қош келдіңіздер» белгісінен бастау алып, қазақы дәстүрдің айшықты көрінісіне ұласты. Атыраудан арнайы келген мерейгерді аудан басшылығы мен ел ағалары сән-салтанатпен қарсы алып, ақ ұсынып, бауырсақтан дәм татқызды. Бұл – ұлттың ұлы құндылығы – қонақжайлықтың жарқын үлгісі еді.

 

 

Туған топыраққа тағзым ету – әр азаматтың парызы. Осы жолы да Нұрпейіс Мақашұлы Х.Ерғалиев ауылындағы «Қамысқала» мешітіне барып, дұға бағыштады.

 

 

Жамағатпен жүздесіп, өткенге шүкіршілік айтып, бүгінге тәубе еткен сәт жүректерді жылытты.

 

 

Мешіттің бас имамы Азамат Қалиев өз сөзінде Қамысқала мешітінің бой көтеруіне ықпалдасқан, ел игілігі жолындағы еңбегін атап өтіп, ризашылығын жеткізді.

 

 

Кештің негізгі бөлігі Аққыстау ауылындағы «Жалын» мәдениет үйінде жалғасын тапты.

 

 

Кеш жүргізушісі Сайпеден Сидеғалиев мерейгердің өмір жолын әсерлі әңгіме арқауына айналдырып, көрерменді тағылымды тарихқа жетеледі.

 

 

Ән мен күй әуелеп, сахна сәні келісті.

 

 

Аудан әкімі Нұрым Мусин жүрекжарды лебізін білдіріп, ел ағасына шапан жауып, ат мінгізді.

– Бұл – жай ғана мерейтой емес, өнегелі өмірдің өнегесін дәріптейтін ерекше күн. Осындай тұлғалардың ғұмыры – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін шамшырақ, – деді ол.

 

 

Кеш барысында ел ағалары – Мұрат Өтешов, Мақсым Ізбасов, Зұлбұхар Сүйінішов сынды азаматтар сөз сөйлеп, мерейгердің елге сіңірген еңбегін тебірене жеткізді. Әрбір лебіз – жүректен шыққан шынайы алғыс пен құрметтің белгісі еді.

 

 

Сонымен қатар сахна төрінде сөз алған сыныптасы Күлән Әженова балалық шақтың бейкүнә күндерін еске алып, достықтың, адалдықтың, қарапайымдылықтың қадірін әсерлі жеткізді. Оның естелігі сыныптасы жөніндегі пікірі кешке ерекше жылылық сыйлады. 

 

 

Сондай-ақ ембілік мұнайшылар атынан Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысы Жасұлан Жанайұлы ақжарма тілегін білдіріп, кеш қонағына ат мінгізіп, сыйлығын тарту етті.

Сол кештің куәгері ретінде, еңбек ардагері қамысқалалық Жайдарбек Зайдуллинді сөзге тарттық.

– Бүгін Аққыстау ауылы үшін ерекше, тәрбиелік мәні зор күн. Елге еңбегі сіңген азамат, қадірлі тұлға Нұрекеңнің 80 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Мен Нұрпейістің жеделдес інісімін, сондықтан бұл қуаныштың мен үшін орны бөлек. Ол кісі елге адал қызмет етіп, көп еңбек сіңірді. 1990-жылдары қаланы басқарған білікті басшылардың бірі болды. Сол кезеңнің өзінде халық үшін аянбай еңбек етіп, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Көп жағдайда талай адамның еңбегі уақыт өте елеусіз қалып жатады. Ал Нұрекеңнің еңбегі ел жадында сақталып, әлі күнге дейін құрметпен аталып келеді. Бүгінгі мерейтой – тек бір ауылдың ғана емес, бүкіл өңір жұртшылығының ортақ қуанышы. Бұл – оның ел алдындағы абыройының айқын белгісі, – деп атап өтті ол.

Кеш соңында мерейтой иесіне арналған ақ дастархан Х.Ерғалиев ауылындағы «Сән-Жұлдыз» тойханасында жайылды. Онда замандастар мен жақын жандар бас қосып, өткен күндерді еске алып, ақжарма тілектерін арнады.

Бұл күн – бір адамның өмір жолын ғана емес, елге адал қызмет етудің шынайы үлгісін ұлықтаған, ұрпақ санасына ізгілік пен парасаттың дәнін сепкен тағылымды күн болып тарихта қалды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT