Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітілді. Бұл құжат - мемлекетіміздің даму бағытындағы маңызды қадам. Біздің басты мақсатымыз - әрбір азамат өзін қауіпсіз, әділ және заң үстемдік ететін ортада сезінетін парасатты қоғам құру.
Тұжырымдаманың негізгі қағидаты - заң үстемдігі және заңның жалпыға бірдейлігі. Заңда бөле-жару жоқ, ол бәріне бірдей және оның талабын әрбір азамат пен ұйым міндетті түрде орындауы тиіс. Бұл - заң алдындағы теңдікті білдіреді, яғни мемлекеттік органдар лауазымдық жағдайына немесе сіңірген еңбегіне қарамастан, заңдардың барлығына бірдей әділ қолданылуын қамтамасыз етеді. Осы қағида қоғам үшін сезілетіндей болуы тиіс: кез келген бұзушылыққа, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмысына мемлекет тиісті түрде ден қоюы қажет. Мұндай тәсіл халық арасында әділеттілік салтанат құрған, яғни заңды сақтау дұрыс әрі тиімді деген сенімді қалыптастырады.
Алайда бүгінгі таңда заң идеологиясын нығайтуға кедергі келтіретін өзекті проблемалар әлі де сақталуда. Ең алдымен, бұл лауазымды адамдар тарапынан орын алатын сыбайлас жемқорлық фактілері мен қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану жағдайлары. Мұндай теріс пиғылды әрекеттер қарапайым азаматтардың «қоғамда заң салтанат құрады» деген сеніміне тікелей нұқсан келтіреді. Сондықтан тұжырымдаманың маңызды әлеуметтік нәтижесі — қоғамда сыбайлас жемқорлыққа және кез келген көлеңкелі тәжірибелерге деген қатаң теріс көзқарасты қалыптастыру.
Біздің ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар жаңа деңгейге көтеріледі. Мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру — әрбір басшы мен қызметкердің күнделікті міндеті. «Заң мен тәртіп» идеологиясының негізі — кез келген құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділікті» көрсету.
Біз ашық үкімет қағидаттарын ұстана отырып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.
Құрметті аудан тұрғындары! Біз бірлесе отырып, парасатты қоғамды қалыптастыра аламыз. Әрбір азаматтың адалдығы, көлеңкелі жолдардан бас тартуы және заңды сыйлауы — еліміздің дамуының іргетасы.
Нұрым МУСИН,
аудан әкімі



