Қоғамдық пікір көпке ортақ десек те...

 

Кейде бір ойды бір ой жетелеп кете беретіні рас. Баспасөзге жазылу науқаны аяқталуға аз уақыт қалған шақта сол газеттің қоғамдағы орны турасында толғанып отырып, оның қоғамдық пікірлердің мінбері боларлық қызметі бары да еске түсті. Өйткені газеттегі қоғамдық пікір әр уақытта көпке ортақ болып келетін. Әрине оның бәрі бірден жарияға беріле салмайтыны да белгілі еді.

Ойды ой жетелейді дедік қой. Қоғамдық пікірдің көпке ортақ дүние екендігі бұрын да жиі айтылатын. Басшы болсын, қосшы болсын, қоғамдық ұйымдар болсын, тіпті өзін қоғамнан тысқары санамайтын жекелеген адамдарға дейін сол қоғамдық пікірлерге оң көзқарас танытып тұратын. Ал ол пікір жақсыны айтсын, жаманды көрсетсін, кемшілікті сөз етсін бәрі де нақты дәлелдерімен түйінделіп жататын, солай болуы керек деп есептелетін.

Мәселен, мемлекеттегі әлеуметтік-саяси үдерістердің қалыптасуында қоғамдық пікірдің алатын орны зор екендігін екшейтіндер аз емес. Ол өз бойына дәстүрлер мен өмірлік тәжірибені сіңірген әлеуметтік құбылыстардың қатарына жататындықтан, қоғамдық санаға да ықпал ете алады. Бұл институттың саяси процестерді заңдастырудағы маңызы да үлкен дейді мамандар.Өкінішке қарай, қазір сол пікірлерді ойланып та, ойланбай да айтушылар мен жазушылар көбейді. Тіпті, біреумен сұхбаттасып отырып, өз пікірін ойланбай білдіріп тастайтындар кездеседі. Ал сол пікірлердің оны тыңдайтын, не оқитын әркімге, яғни кез келген қоғам мүшесіне қалай, қандай әсері болатынын ойланып жатпайтынына қайран қаласың.  

Жалпы айтқанда, қоғамдық пікір – көптің пікірі, яғни көпке ортақ дүние екеніне дау жоқ. Бұрын да осылай қабылдадық, бүгін де солай қабылдаумен келеміз. Алайда қазір қоғамда, дәлірек айтқанда қоғамға бағыштай айтқан сөзінде біреуді мақтаса айдан шығаратындар, біреуді даттаса істен алғысыз қыла салатындар көбейді. Бұл және тек саясатта емес, күнделікті қарапайым тірлік көшінде де көптеп кездесетін болып алды.

Қоғамдық пікір... Ол осы қоғамда ашық айтылғасын да маңызды, алайда ол нақты дәлелімен айтылып жатса, қорытындысында одан оң нәтиже шығып жатса құптарлық. Ал, «тисе терекке...» дегендей пікірлердің қашан да пайдасынан зияны басымдау болмағы анық. Қоғамдық пікір көпке ортақ дегенмен ойландырар жайт - осы.


Жоламан ОТАРҒАЛИҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT