Қол еңбегі мен қиялдың жемісі

 


Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген  тон пішер» деген тәмсілге тоқтамай кетпейміз. Әсіресе қыз баласының өмірінде ананың алар орны зор. Олардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі ана берген тәрбиеге тікелей байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе ине ұстатып, тігін тігуге бейімдеген. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Тамара Тұрғанқызы да тігін тігу өнерін анасынан үйренгенін айтады.

Ол – Тұщықұдық ауылының тұрғыны. Бүлдіршін кезінен қайшы мен жіпті жанына серік етуіне тірлігі қолөнермен біте қайнасып кеткен анасы себепкер болыпты. Анасының айналасында жүріп құрақ құрауды, киім тігуді үйренген кішкентай Тамара қазір қырықты еңсеріп, елуді алқымдаған. Әу баста ойнап жүріп анасынан көрген түлкі бөріктен басталған ісі бүгінгі таңда тасы өрге домалаған кәсіпке айналған кейіпкеріміз қолы қалт етсе тігін машинасының жанына баратын өз ісінің шебері болып, өскелең ұрпаққа өнегесін бөлісіп жүр. Тұщықұдық ауылы тұрғындарының арасында аты мәшһүр, абыройы асқақ Тамара апаның қолтаңбасы қойылмаған құрақ көрпе жоқ деуге болады. Өйткені ол – жылжыған жылдардың еншісінде жүріп тәжірибе жинақтаған тігінші. Кез келген адам бұйымтайын қысылмай айтып, күдіксіз сене алады.

– Анам Айсұлу қолы шебер жан еді. Әуез нағашы әжем де танымал тігінші болған. Әжем туралы дерек Құлсары музейінде сақталған. Арғы ата жағынан да зергерлер шыққан. Анамның бұл шеберлігі ұлдарына да дарыған. Қазіргі таңда ағам Зейін Құлсарыдан тігін цехын ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Бұл - біздің әулетке ортақ қасиет. Анамның қасында жүріп, көзбен көргенімді ойыма түйіп, алғашқы қадамымды 2009 жылы Аққыстау ауылындағы «Алима» тігін цехынан бастаған едім. Шешем о дүниелік болғаннан кейін, бұл істі қолға алдым. Қазақ бүгінге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді, көйлек пішіп, ою салады, – дейді ісмер.

 

 

Иә, қазақ елі ертеден киім тігумен айналысқан. Қазір бұл кәсіп тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Тоқыма өнеркәсібі, тігін тігу өнері еліміздегі жеңіл өнеркәсіпті дамытып отыр. Кез келген жерде ұлттық нақыштағы киімдеріміз сатылымға шығып, отандық бренд қалыптасуда. Сондай ілкімді істерде Тамара Тұрғанқызының да үлесі бар. Әсіресе, қазақ төл өнері санайтын құрақ құрау, бесік жабдығы, шымылдық жасауда да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған.

Ықылым заманда құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін қолға алынған. Ал қазір ол қыз жасауының көркіне, шаңырақтың шырайына айналды. Оны «Құдай құрастырсын» деп жас отауға сыйлайтын кәденің ішіндегі ең киелісі десе де болады. Бірақ  құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Бұл  турасында Тамара Тұрғанқызының да өз айтары бар.

– Құрақ жасау шыдамдылықты талап етеді. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек.  Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды. Себебі ол сүйкімсіздікке және салақтыққа әкеледі.
Көз майын тауысып, қара нардай қайратын арнап тігін тігумен айналысып келе жатқан Тамара апаға бүгінде балалары қолдау білдіріп жүр. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дүниеге әкелген үш баласы анасына көмектесіп, қолұшын созуда.

- Құрақ - менің ішкі тыныштығым. Іштей беймәлім бір сағыныш жетелегендей, матамен сырласатын болдым. Құрақ тіккенде барлық өкпе-реніш жіпке ілесіп кететіндей. Бұл - тек шеберлік емес, рухани тазару. Ол жай ғана мата емес, ол - ниет, тілек. Тігіншінің арнайы курсын оқымадым, әлеуметтік желіден де қарамадым. Тек анамның үйретуімен, қолыммен ұстап, көзбен көргеніммен жасап келемін. Қазір қолыма мата алсам, шабыт өзі келеді. Жасаған жұмыстарымды әлеуметтік желіге жарияламайды екенмін. Көп жағдайда көрмеге де қатыспаймын. Кейде сұраныс үсті-үстіне келіп, көбейіп кетеді, кейде сиреп те қалады,- дейді ол. 

Тамара Тұрғанқызы жуырда ғана Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласына барып, халықаралық «Аламан құрақ» жобасына қатысып, Global Best of Recordf, яғни Дүниежүзілік рекордтар кітабына енген болатын. Бұл кітапта әлемдегі ең ерекше, қызықты және таңқаларлық рекордтар жинақталған. Бұл жоба Қазақстанның 17 облысынан келген 789 құрақшы шебердің басын қосқан байқау еді. Жалпы, 8 мемлекеттен келген 800-ге жуық қолөнер шебері халық өнерінің, дәстүрі мен шабытының ерекше кеңістігін қалыптастырды.

 

 

Халықаралық байқаудан осындай жетістіктермен оралған қолөнер шеберін өткен жұмада аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

– Бұл жоба арқылы біз қазақтың құрақ көрпесін әлемге таныттық. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысты. Тек қана тігіншілер емес, мұғалімдер мен тәрбиешілер де барды. Әлеуметтік желіден көріп, намысым оянып «неге қатыспасқа?» деген ой келді. Кішкентай кезімізде анамның 6 құрақ көрпесі болатын еді. Оны тек қана қадірлі қонағына қолданатын. Неге олай жасайтынын былтыр қатысқанда мән-мағынасын түсіндім.Бұл сайысқа анамның рухы үшін қатысқан едім. Осыдан бір жыл бұрын оған өзім де қатысып, күміс медальмен оралдым. Биыл тағы да бақ сынап, құрақ көрпемді тапсырма бойынша сәтті аяқтап барып, қатысып келдім. Бұл жолы алтынмен апталып келген едім. Оған қоса Дүниежүзілік рекордтар кітабынан өз есіміңді көру бір ғанибет кой. Іс-шара аясында ұзындығы 2 шақырым аумаққа 789 құрақ көрпе төселіп, нәтижесінде «Record of West» рекорд жаңартылды. Фестивальдің халықаралық мәртебесін айқындай түскен алыс-жақын шетелдерден келген мәдениет өкілдері, қазылар алқасы мен қолөнер шеберлері де болды,-дейді ол.

Әрбір құрақ - тарих. Әрбір ою - ұлттың рухы. Бұл өнер - өткен мен бүгінгі және келешек ұрпақ арасындағы сырлы сабақтастық. 

 

Жұлдыз АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT