Қолдау бар жерде нәтиже де болуы тиіс

 

Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның қолдауға мұқтаж азаматтарын еңбекке тартып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік беретін кәсіп түрі. Бұл бағытта мемлекет жұмыс берушілерге бірқатар қолдау тетігін ұсынып келеді. Соның бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және жалақыны субсидиялау.

Аудан бойынша төрт әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Оның екеуі кәсібін тұрақты жүргізіп отыр. Олардың арасынан алғашқылардың бірі болып «Әлеуметтік кәсіпкер» мәртебесін алған көпбалалы ана Ақмарал Мәдиқызы өз кәсібі арқылы ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыса, кейін бұл қатарға «Айым» балаларды дамыту орталығының негізін қалаушы Назерке Құрмантайқызы қосылған. Екі кәсіпкер де кәсібін дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктерін, соның ішінде жалақыны субсидиялау мүмкіндігін пайдаланған.

 

 

Аудандық Мансап орталығының басшысы Ақтоты Балмулдинаның айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, жұмыс берушілерге қойылатын талаптар нақтыланған.

– №275 бұйрыққа енгізілген өзгерістер мемлекеттік қолдау қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге және субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібін нақтылауға бағытталған. Жеке меншік нысанындағы коммерциялық заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары және әлеуметтік кәсіпкерлер бірден беске дейін жұмыс орнын ұйымдастыра алады. Үкіметтік емес ұйымдар үшін жұмыс орындарының саны орналасқан жеріне қарай белгіленеді,-дейді орталық басшысы.

Жаңартылған тәртіп бойынша жұмыс берушілер Қазақстан аумағында тіркеліп, нақты қызмет атқаруы және өтінім бергенге дейін кемінде 12 айдан астам жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ олардың жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы, әлеуметтік төлемдерді уақытылы аударуы және бұрын жасалған келісімдер бойынша міндеттемелерін орындауы ескеріледі. Өзгерістердің тағы бірі – бұрын субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек етіп, кейін жұмыссыз қалған азаматтардың кемінде 10 пайызын, бірақ бір адамнан кем емес мөлшерде тұрақты жұмысқа орналастыру міндеті. Бұл талап мемлекеттік қолдау арқылы уақытша жұмыспен қамтылған азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беруді көздейді. 2027 жылға арналған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер 2026 жылғы 20–31 желтоқсан аралығында қабылданады. Ал еңбек мобильділігі орталығы алдағы қаржы жылына бөлінетін қаражат туралы ақпаратты жыл сайын 15 желтоқсанға дейін «Еңбек нарығы» автоматтандырылған цифрлық жүйесіне орналастырады.

 

 

Жаңа талаптар жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін күшейтуге бағытталған. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бұл – қолдауға мұқтаж азаматтарды жұмыспен қамтып, олардың тұрақты табыс табуына жағдай жасауға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі.

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT