Қолдауға өтінім бермес бұрын нені ескеру керек?

 

Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұржан Ермұхановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаға қатысуды жоспарлаған кәсіпкер ең алдымен өз жобасының қай санатқа жататынын анықтап алуы қажет. Өйткені әр бағдарламаның өзіндік лимиті, қатысу талаптары, рұқсат етілетін қызмет түрлері мен қаржыландыру шарттары бар. Осы талаптарды алдын ала зерделеу кәсіпкерге өз жобасына сәйкес келетін бағдарламаны дұрыс таңдап, мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.

Сонымен бірге кәсіпкердің экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің коды, бизнес субъектісінің санаты, жобаның орналасқан өңірі, қаржы ұйымының ішкі талаптары және өңірлік қаржыландыру лимиттері ескерілуі мүмкін. Сондықтан жоғарыда көрсетілген сомалар мен мөлшерлемелерді бағдар ретінде қарастырған дұрыс. Нақты өтінім берер алдында тиісті бағдарламаның сол күнгі қолданыстағы қағидаларын, лимиттерін және талаптарын міндетті түрде тексеру қажет. Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – кәсіпкерге дайын ақша ұсыну ғана емес, оның бизнесін тұрақты дамытуына жағдай жасау. Сондықтан кәсіпкер үшін ең маңыздысы – өз жобасына сәйкес келетін құралды дұрыс таңдап, оның талаптарын алдын ала зерделеу.

Солардың бірі – шағын және микробизнесті қолдауға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы. Бұл бастама кәсіпкердің кәсібін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеруіне жол ашатын маңызды құралдардың біріне айналып отыр. Бағдарлама аясындағы қаржы инвестициялық мақсаттарға да, айналым капиталын толықтыруға да бағытталуы мүмкін. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін жетеді. Субсидиялау мерзімі үш жылға дейін қарастырылып, кәсіпкер үшін соңғы мөлшерлеме кемінде 12,6 пайыз деңгейінде қалыптасады.

Бұл мүмкіндік әсіресе өндіріс саласында жұмыс істейтін шағын кәсіпкерлер үшін маңызды. Мәселен, шағын жиһаз цехының иесі кәсібін кеңейтіп, жаңа станоктар сатып алуды жоспарлады делік. Мұндай жағдайда кәсіпкерге жобасының көлемін, қызмет түрін, ОКЭД кодын, банк талаптарын және қолындағы кепілзатын саралап, «Іскер аймақ» бағдарламасының мүмкіндігін қарастыруға болады. Бір қарағанда шағын көрінетін мұндай жобаның артында бірнеше адамның тұрақты жұмысы, жергілікті жерде өндірілетін өнім және отбасының әл-ауқаты тұр. Сондықтан шағын бизнестің әрбір қадамы өңір экономикасы үшін маңызды. Ал өндірісін әлдеқайда кең көлемде дамытуды көздейтін кәсіпкерлер үшін «Өрлеу» бағдарламасының мүмкіндігі назар аударуға тұрарлық.

«Даму» қоры арқылы жүзеге асырылатын бұл жеңілдетілген қаржыландыру тетігі инвестициялық жобаларға 7 млрд теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд теңгеге дейін қаржы тартуға мүмкіндік береді. Инвестициялық қаржыландыру мерзімі 10 жылға дейін созылуы мүмкін, ал соңғы қарыз алушы үшін мөлшерлеме 12,6 пайыздан аспайды.

Ірі инвестицияның қайтарымы да уақытты талап етеді. Сондықтан 10 жылға дейінгі мерзіммен қаржы алу мүмкіндігі бизнестің қаржылық жүктемесін біршама жеңілдетуге ықпал етеді. Атырау облысы үшін мұндай қолдаудың мәні айрықша. Мұнайлы өңірдің экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жергілікті өнім көлемін арттыру және жаңа кәсіп түрлерін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, өндіріс орындарын ашуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуге бағытталған жеңілдетілген қаржы экономикалық өсімнің нақты тетігі бола алады. Дегенмен кәсіпкер үшін несие алудағы басты кедергілердің бірі – кепілзатының жеткіліксіздігі. Жобаның болашағы бар болғанымен, банк талап ететін кепіл көлемі жетпей жататын жағдайлар аз емес. Осындай кезде «Даму» қорының кепілдік тетіктері көмекке келеді. Кепілдік кәсіпкерге берілетін қосымша ақша емес. Оның мәні – банк алдында қаржыландырудың белгілі бір бөлігін қамтамасыз ету. Яғни кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкердің жобасы белгіленген талаптарға сай келген жағдайда, қордың кепілдігі оның банк қаржысын алу мүмкіндігін арттыра алады. Бірінші кепілдік қоры 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру көлеміндегі жобаларға бағытталса, екінші кепілдік қоры 7 млрд теңгеден жоғары ірі инвестициялық жобаларды қамтиды.

Бұл жерде ең маңыздысы – кәсіпкер мемлекеттік қолдауды жай ғана қаржы көзі ретінде емес, бизнесті дамытуға арналған мүмкіндік ретінде қарауы керек. Себебі кез келген несие – жауапкершілік. Кәсіпкер жобасының табысын, шығынын, несие төлемін, өндірістің болашақ көлемін алдын ала есептеуі қажет. Қай бағдарламаға сәйкес келетінін анықтау үшін қызмет бағыты, ОКЭД, жоба көлемі, инвестициялық мақсат, айналым қаражатына қажеттілік және кепілзат мүмкіндігі түгел ескеріледі.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT