Қолы шебер Қарлығаш

 

Еңбек күні – өз ісіне адал болып, маңдай терімен тіршілігін түзеп, еңбегі арқылы айналасына пайдасын тигізіп жүрген жандардың жолына үңілетін сәт. Еңбек адамды тек нәпақамен қамтамасыз етіп қоймайды. Кейде ол адамның бойындағы бейімділікті танытып, бала күнгі қызығушылықты кәсіпке айналдырады. Мұндай еңбектің нәтижесі күнделікті өмірден көрініп тұрады. Қамысқала ауылындағы Қарлығаш Мырзагерееваның еңбек жолы да осындай ізденіспен өрілген. Негізгі мамандығы – бағдарламашы. Алайда өмірлік кәсібін басқа саладан тапты. Бала күнінен мата қиып, түрлі бұйым жасауға әуес болған Қарлығаштың қолөнерге деген қызығушылығы жылдар өте келе тігіншілікке бет бұруына себеп болды. Сөйтіп бала күнгі ермегі кейін кәсібіне айналды.

 

 

Тігіншілікпен айналысқанына он жылға жуық уақыт өткен шебер бұл жолға бірден келген жоқ. Алғашында өз қаражатына қажетті заттарын алып, үй жағдайында тапсырыс орындаудан бастады. Тапсырыс көбейген сайын тәжірибесі де артып, бұйым түрі көбейді. Бүгінде үйіндегі бір бөлме шағын шеберханаға айналған. Жолдасы Асқардың қолдауы да кәсібін қалыптастыруына сеп болды. Төрт баланың анасы отбасы тіршілігі мен жұмысын қатар алып жүр.

– Бала кезден қызығушылық болатын. Нағашы әжем үнемі көрпе жасайтын. Қасында жүріп, көмектесетінмін. Ол кезде қазіргідей құрал-жабдық жоқ. Қолға оймақ киіп, қолмен тігетінбіз. Қызығушылығым артқаны соншалық, 45 жыл еңбек өтілі бар тігіншінің шеберханасында тегін жұмыс істедім. Алғаш келгенімде әйел адамның ескі сырт киімін беріп, қасына жаңа мата ұстатты. Ескі киімді ұқыптап сөгіп, орнына матаны бастырып, қайтадан жаңа сырт киім шығаруды тапсырды. Мен үшін ақысы емес, тігіншіліктің қыр-сырын үйрену маңызды болды. Тапсырманы орындап, ескі киімнен су жаңа сырт киім шығардым. Қазір әмбебап тігіншілердің қатарындамын. Қандай тапсырыс түссе де орындауға тырысамын. Соңғы уақытта би үйірмелерінің костюмдерін де тігіп жүрмін, – дейді Қарлығаш Серікбайқызы.

 

 

Шебердің сөзінен оның бұл кәсіпке кездейсоқ келмегені аңғарылады. Алғашқы тәжірибесін тегін жұмыс істеуден бастап, кәсіби машығын еңбек үстінде қалыптастырған. Бүгінде ұлттық нақыштағы киімдерден бастап, қыз жасауына арналған бұйымдарға дейін тапсырыспен тігеді. Сонымен қатар түрлі ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық бұйымдар дайындайды.

Қарлығаштың жұмысында ұлттық нақыш пен қазіргі заман талғамы қатар үйлеседі. Қазақтың дәстүрлі оюларын заманауи үлгіге енгізіп, күнделікті қолдануға ыңғайлы дүниелер әзірлейді. Соңғы уақытта қолдан жасалған, арнайы тапсырыспен дайындалатын бұйымдарға сұраныстың артуы да осы бағытқа серпін беріп отыр.

 

 

Дайын бұйымның бағасы оның көлемі мен тігілу күрделілігіне қарай белгіленеді. Мәселен, жастық тыстары 2500-3500 теңге аралығында. Ұлттық және күнделікті киімдерді тігу құны матасы дайын болған жағдайда 8000 теңгеден басталады. Ал алты көрпе мен жастықтан тұратын қыз жасауына арналған жиынтықтың орташа бағасы 150-350 мың теңге шамасында. Мұнда материалдың ғана емес, шебердің уақыты мен еңбегінің де бағасы бар.

Кәсібін кеңейту мақсатында кейіпкеріміз мемлекеттік қолдауға да жүгінді. Бизнес-жоспарын әзірлеп, жобасын қорғап, 1 миллион 730 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Қаражатқа А3 форматындағы DTF түсті принтері, Silhouette Cameo 4 режу плоттері, Lenovo ноутбугі, Epson L805 сиялы принтері және 5 в 1 әмбебап термопресс секілді қажетті құрал-жабдықтар алды. Осының арқасында бұрын сырттан жасатуды немесе қолмен орындауды қажет ететін кейбір жұмыстарды енді өз шеберханасында атқара алады. Яғни бастапқыда өз қаражатына басталған шағын кәсіп жаңа құралдармен толықтырылып, жұмыс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл ретте грант жаңа кәсіп бастауға емес, қалыптасқан істі дамытуға жұмсалды.

Шебердің еңбегін тұтынушылары да бағалайды. Солардың бірі – Эльназ Нұрымжанқызы. Ол ұзату тойына арналған сырға салу және ұзату көйлегін Қарлығашқа тіктірген.

– Әр қыз баланың ұзату тойы – ең маңызды күндерінің бірі. Сол ерекше күнімде сырға салу және ұзату көйлегімді Қарлығашқа тіктірдім. Көйлек дәл ойымдағыдай шықты. Тігісі өте ұқыпты, матасы мен үлгісі бір-біріне үйлескен. Ең бастысы – өлшемі дәл келіп, кигенде өзімді ерекше сезіндім. Өзіме қатты ұнады,-дейді Эльназ.

 

 

Қарлығаш үшін тұтынушының ризашылығы – еңбегінің нәтижесін сезіндіретін басты көрсеткіштердің бірі.

– Еңбек адамды өсіреді, мақсатына жетелейді, қанаттандырады. Алдымен ерінбей, алға қойған мақсатыңа қарай қадам басу керек. Қол қусырып отырмай, еңбек еткен адам оның жемісін көреді. Тігіншілік өміріме үлкен өзгерістер әкелді. Өз қолымнан бұйым жасап, еңбегімнің нәтижесін көру арқылы өзіме деген сенімім артты. Үйде отырып, бала тәрбиесімен қатар сүйікті ісімді кәсіпке айналдыруға мүмкіндік алдым. Алдағы уақытта кәсібімді дамытып, сапалы бұйымдар тігіп, еліміздің мәдениеті мен тігін өнерін әлемге танытқым келеді, – дейді ол.

Еңбек күнінде Қарлығаш Мырзагерееваның еңбек жолын сөз етуіміздің мәні де осында. Еңбек адамы дегеніміз – міндетті түрде үлкен өндірісте немесе ірі мекемеде жұмыс істейтін маман емес. Өз кәсібін адал атқарып, еңбегінің берекесін көріп, отбасына нәсіп етіп, айналасына қажет дүние жасап жүрген жан да – еңбек адамы. Қарлығаштың бір бөлмелік шеберханасы осының қарапайым әрі нақты мысалы.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT