Қоңыр күй күмбірлеген күн

 

Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде дарынды жас күйші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жанарыс Оспанның шығармашылығына арналған әсерлі кеш өтті. «Жүректегі қоңыр күй» деп аталған бұл рухани кешке жиналған көрермен қарасы қалың болып, зал лық толды. Күй өнерін бабадан мирас етіп, ұлттық мұраға сусындаған жұртшылық концерт басталғаннан аяқталғанға дейін тапжылмай отырып, әрбір күйді ерекше ықыласпен тыңдады. Кеш көрерменге рухани серпіліс сыйлап, ұлттық өнерге деген құрметтің биіктігін тағы бір мәрте айқындады. 

Кеш иесі  2007 жылы  Ш.Шәріпов атындағы өнер мектебіне қабылданып, алғашқы ұстазы Ербол Бауыржанұлының сыныбынан білім алған. Сол кездің өзінде талантымен  көзге түскен ол республикалық «Күншуақ» байқауында   бірінші орын алса, ал халықаралық «Ақкөгершін» байқауында бас жүлдеге ие болған. 2013 жылы Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясына түсіп, Гүлнар Әбділдиева сыныбында білімін одан әрі жалғастырады. Аталған білім ордасында оқып жүргенде де халықаралық, республикалық байқауларда да бірнеше мәрте лауреат атанады. Оқуды бітірген соң алғашқы еңбек жолын «SARMAD» этно-фольклорлық ансамбльден бастаған. 2018 жылы Англия,Австрия, Германия, Түркия, Италия, Швейцария секілді елдердің сахналарында өнер көрсетіп, қазақтың қара домбырасын әлем жұртшылығына танытты.

 

 

Дәстүрлі күй мен заманауи орындаушылық шеберлікті тоғыстырған бұл кеш ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Әрбір шығарма домбыраның қос ішегінен төгілген сырлы әуен арқылы тыңдарман жүрегінен жол тапты. Күйші сахна мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі арқылы ұлттық өнердің қадір-қасиетін тереңінен танытты. Оның әрбір қағысы мен иірімі қазақ даласының кеңдігін, халықтың тарихы мен тағдырын бейнелегендей әсер қалдырды. Кештің шымылдығы «Көңіл толқыны» күйімен түрілді. Кеш барысында Жанарыс Оспан Құрманғазы Сағырбайұлының «Кішкентай», «Төремұрат», «Терісқақпай», Махамбет Өтемісұлының «Қайран Нарын», «Жауға шапқан», «Жұмыр Қылыш», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Асылбек Еңсеповтің «Әке толғауы» күйлерін нақышына келтіре орындап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ кеш иесінің өнеріне қолдау білдірген «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуі де ерекше үйлесім тапты. Ансамбль Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғұлы» мен «Қасымхан» күйлерін шеберлікпен орындап, көрермен көңілінен шықты. Кеш барысында көрермендер Ш.Шәріпов атындағы өнер мектебі ұстаздарының әуелете салған халық әндеріне, «Ғажап-бэнд» орындауындағы халық композиторларының күйлеріне, сондай-ақ Бақытбек Сәрсеновтің жыр-толғаулары мен Т.Меңдігереевтің Шәмші Қалдаяқов әндерінен құралған поппурилеріне зор ықыласпен қол соғып, қошемет көрсетті. 

 

 

Ансамбль сүйемелдеуімен орындалған «Алаш аманаты» күйімен түйінделген кеш соңында ақын Адайбек Есекешов жас домбырашы Жанарыс Оспанға арнаған жырын оқыды. Сонымен қатар Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Арслан Амиров пен мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат Алғыс хат табыс-тап, құм өңірінің шаруагерлері атынан талантты өнерпазға ат мінгізді. Осылайша Жанарыс Оспанның шығармашылық кеші өнерсүйер қауымның көңілін бір серпілтіп, ұлттық өнерге деген құрметті одан әрі арттыра түсті.

 

Аяпберген САЛИХОВ, 
ҚР Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT