Қоңыр үнмен қайта қауышқан Жанарыс

Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні, ғасырлар қойнауынан жеткен рухани мұрасы. Қос ішектен төгілген әр күйде халықтың тарихы, тағдыры, қуанышы мен қасіреті, ерлігі мен елдігі сақталған. Сондықтан да 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісінде елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтіп, ұлттың ұлық мұрасына ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Биыл қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтайтын Ұлттық домбыра күні 5 шілдеге сәйкес келеді. Бұл күн – қос ішектен төгілген күй арқылы ұлттың рухын асқақтатып, атадан балаға жеткен асыл мұраны дәріптейтін мереке. 

Алайда домбыраның тарихы бұл мерекемен ғана өлшенбейді. Ғалымдардың зерттеуінше, шертпелі аспаптардың тарихы кем дегенде мың жылдан аса уақытты қамтиды. Демек, домбыра – уақыт сынынан сүрінбей өткен, тұтас ұлттың рухани болмысын арқалаған баға жетпес мұра. Осындай қасиетті өнердің тамыры терең жайған өңірдің бірі – Тұщықұдық ауылы. Бұл – қоңыр үнді домбыраның қадірін терең түсініп, күйдің киесін ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп келе жатқан киелі мекен. Осы топырақтан қазақ күй өнерінің көрнекті тұлғалары – Ғибатолла Мәсәлімов, Нариман Үлкенбайұлы, Қаршыға Ахмедияров, Айгүл Үлкенбаева сынды дәулескер күйшілер түлеп ұшып, қазақтың қасиетті күй өнерін әлемге танытты. Сондықтан Тұщықұдық бүгінде өнердің алтын бесігі, күйдің қара шаңырағы аталады. Сол өнегелі мектептің үзіліп қалмаған алтын арқауын бүгінгі жас буын жалғастырып келеді. Солардың бірі – күй өнеріне қайта оралып, тыңдарманымен қайта қауышқан жас күйші Жанарыс Оспан. Ұлттық домбыра күні қарсаңында өнер жолы, күйге деген сағынышы мен шығармашылықтағы жаңа белесі жайында өнерпазбен арнайы сұхбаттасқан едік.

 


Жас күйші Жанарыс 1998 жылы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Отбасындағы төрт ұлдың үшіншісі. Әкесі Теміржан мұнай саласында еңбек етсе, анасы Қаламқас – сауда саласының маманы. 2005 жылы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білім алған. Бір қызығы, олардың шаңырағында домбыра тартатын жан болмаған. Дегенмен атасы Ізмұханбеттің айтуынша, үлкен әжесі Жаңыл шебер домбырашы болған екен. Бәлкім, өнердің киесі сол кісіден дарыған болар. Әйтеуір кішкентай Жанарыстың жүрегі қос ішектің қоңыр үніне ерте елтіді. Сол қызығушылық оны 2008 жылы Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің домбыра сыныбына алып келді. Осында ол алғашқы ұстазы Ербол Ахтановтан тәлім алды. Оның өнер жолындағы ең алғашқы орындаған шығармалары халық күйлері – «Кеңес», «Жастар» болды. Кейін Дәулеткерейдің «Қосалқасын» үйренген. Жанарыстың айтуынша, ұстазы өте талапшыл. Домбыра тартудың қыр-сырын ғана емес, сахна мәдениетін, көрермен алдындағы жауапкершілікті де сол ұстазы үйреткен. Жас күйші алғашқы үлкен сахнасына үшінші сыныпта оқып жүргенде шыққан. 2011 жылы аудандық жас музыканттар байқауына қатысып, өнердегі алғашқы қадамын нық басты. Ал алғашқы ірі жетістігі Алматы қаласында өткен «Күншуақ» республикалық байқауында келді. Бұл додада Құрманғазының «Төремұрат» және Айтқали Жайымовтың «Шаттанамын» күйлерін орындап, жүлдегер атанды. Тоғызыншы сыныптан кейін Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының Атырау музыка колледжіне домбыра-тенор бөліміне оқуға түсіп, кәсіби білім алды. Кейін облысқа белгілі «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің құрамында өнер көрсетті. Ол жылдары «Сармад» халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атанып, шығармашылық өрісі кеңейіп келе жатқан ұжым болатын. Жанарыстың алғашқы жеке концерті 2018 жылы Аққыстау ауылындағы «Жалын» мәдениет үйінде өтті. Алайда өмірдің түрлі себептерімен ол біраз уақыт өнерден қол үзіп қалды.

Жанарыстың алғашқы ұстазы, Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің директоры Ербол Ахтанов:

– Ауданда үш саз мектебі жұмыс істейді. Соның ішінде Шәмшиден Шәріпов атындағы балалар саз мектебі – тарихы жарты ғасырға жуықтаған қара шаңырақ. Қазір мұнда 398 шәкірт білім алады. Өткен жылы жаңа өнер мектебінің ғимараты пайдалануға берілді. Бүгінде көптеген шәкірттеріміз республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Дегенмен «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Жанарыстың орны ерекше. Оның зеректігі, еңбекқорлығы, өнерге деген адалдығы өзгеше еді. Өнерден уақытша алыстағанына қынжылғаным рас. Бірақ қазақта «ат айналып қазығын табады» деген сөз бар. Жанарыстың қайтадан домбырасын қолына алып, тыңдарманымен қауышқаны мен үшін үлкен қуаныш. Оның өнері әлі талай биіктерді бағындырады деп сенемін.

Арада сегіз жыл өткен соң Жанарыс Оспан сахнаға қайта оралып, «Жүректегі қоңыр күй» атты жеке шығармашылық кешін өткізді. Тұщықұдық ауылындағы Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен концертте ине шаншар орын болмады. Көрермен сүйікті күйшісін сағына күткендей ерекше ықыласпен қарсы алды. Кеш барысында Жанарыс жеке орындаушылық шеберлігін ғана емес, облысқа танымал «Ғажап бэнд» ансамблімен бірге қазақ күйлерін заманауи үлгіде ұсынып, тыңдарманға жаңа әсер сыйлады. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі өнерпаз өзінің шығармашылық жолындағы алғашқы әріптестері – «Сармад» этно-фольклорлық ансамблімен бірге рухты күйлерді орындап, көрермен ықыласына бөленді.

 – Араға сегіз жыл салып, сахнаға қайта оралу мен үшін ерекше сезім болды. Осы уақыт ішінде домбырадан алыстағандай көрінгенімен, жүрегім өнерден бір сәтке де ажыраған емес. Қайта сахнаға шыққан сәтте күйге деген сағынышымның қаншалықты терең екенін сезіндім. Көрерменнің ықыласы мен домбыраның қоңыр үні маған өз орнымның дәл осы өнерде екенін тағы бір мәрте ұқтырды. Домбыра – мен үшін жай ғана аспап емес, жанымның ажырамас бөлігі. Әр күйді орындаған сайын халқымның тарихын, рухын, тағдырын жеткізіп тұрғандай күй кешемін. Сондықтан өнерден ешқашан қол үзбей, күйді насихаттап, ұлттық мұраны кейінгі буынға жеткізу – менің басты мақсатым,-дейді Жанарыс.

Сол кеште бір нәрсе анық сезілді ауыл халқы Жанарысты ғана емес, оның домбырасынан төгілетін қоңыр үнді де сағынған екен. Күй басталған сәттен-ақ көрерменнің ықыласы ерекше. Қос ішектен төгілген әрбір әуен ауылдың өткенін, бүгінін, ұлттық рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды. Өнердің қадірін білетін ел үшін бұл кеш жай концерт емес, ұлттық мұрамен қайта қауышқан ерекше рухани мереке болды. Ал Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнеріне тағзым етіп, ұлттың рухани құндылықтарын ұлықтайтын айрықша мереке. Осындай өнерпаздар барда қазақтың қоңыр күйі ешқашан тынбайды, ал қасиетті қара домбыраның үні әрдайым елдің жүрегінен орын таба береді.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT