Қазір аудан орталығы Аққыстау ауылының ішкі жолдарында әрлі-берлі жүріп жатқан шағын автобустар көзге жиі шалынатын болды. Жолаушы тасымалындағы бұл шағын автобустар ауылдар мен аудан аралығына тұрақты қатынап тұрғанына да көзіміз үйреніп қалды. Жыл бойына жыр болған жолаушылар тасымалы осылайша жолға қойылып, ауданішілік автобустар қатынасы қолға алынғалы ауылдастардың да ризашылығы көп. Ал бұл жұмыстардың бәрін үйлестіріп отырған мекеме - «БатысТехИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Жақсы десе жан сүйінеді» деген, қызметі көптің көңілінен шығып келе жатқан ұжымдағы бүгінгі хал-ахуал төңірегінде аталған серіктестіктің Аққыстау учаскесі бойынша өкілі Ғаділ Боранбаевпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Қоғамдық көліктің қызметі осылай қалыптасуы бәрімізді қуантады. Ол өзі қалай бастау алып еді? Қазір ауылішілік, ауыларалық жолаушылар тасымалы толық қамтылып отыр ма?
-Иә, шындығы керек, ауыл, аудандағы жолаушы тасымалының жайы бұрындары күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе болғанын бәріміз білеміз. Жолаушы тасымалында жүрген такси көліктерінің жүрісі, жолақысы туралы талай-талай тартысты әңгімелердің болып тұратыны да бар еді. Соңғы уақытта осы автобус қатынасы жолға қойылғалы бұл мәселе өз шешімін тапты деп сеніммен айтуға болады.
Жасыратыны жоқ, жұртшылықтың жыр болған жолаушылар тасымалының жайын шешуі қиын мәселе санап кеткені сонша, алғашқыда осы автобус тасымалына сенімсіздікпен қараған ауылдастар аз болмады. Бұл «БатысТехИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылдың 15 тамызында алғаш үш айға тест-сынақ мерзіммен осы жұмысты қолға алғанда қалыптасқан жағдай болатын. Сол уақытта серіктестік өз қаражаты есебінен жолаушылар тасымалына кірісіп, Аққыстау ауылы бойынша 6 автобус шығарып, Тұщықұдық, Жанбай ауылдары бағытында да 2 маршрутпен жұмысты бастаған болатынбыз. Кейін кезең-кезеңімен, яғни қазан айына дейінгі уақыт ішінде ауданның барлық жеті ауылдық округін де қамтыдық , ол үшін барлығы 11 автобус шығарылды. Осылайша өткен жылдың аяғына дейін сол тест әдісімен жұмыс жасадық.
-Бұл жұмыс жолаушы тасымалын жолға қоюмен бірге ауданда адамдардың жұмыспен қамтылуына да оң әсер еткені анық. Қазір ұжымда қанша адам еңбекке тұрды? Жаңаның аты жаңа, жаңадан ұжымды қалыптастыруда, мамандармен қамтуда қиындықтар кезікпеді ме?
-Әрине жаңа ұжым қалыптастыру оңай шаруа емес қой. Дегенмен де аудандық, ауылдық әкімдіктермен, жергілікті жерден сайланған депутаттар және де қоғамдық ұйымдармен бірлескен іс-әрекеттің арқасында қолға алған жұмысымыз толықтай жүзеге асты деуге негіз бар. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар да үлкен қолдау танытқанын айта кетуіміз керек деп есептеймін.
Бастапқы кезеңде аудан аумағынан «Д» категориялы жүргізушірлер табу оңай болмады. Бұған ең басты себеп - сынақ мерзімде еңбек ақының төмен болуы және қызметіміздің болашағына сенімсіздік, тағы басқа да мәселелер қиындық келтіргені рас. Күні бүгін мекемемізде 58 адам жұмыс жасайды, барлығы да жергілікті тұрғындар. Жалпы, қызметкерлердің 98 пайызы аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп алынған, тиісті жолдамамен келіп орналасқан мамандар. Нақтылап айтсақ, күні бүгін біздің учаскеде 26 жүргізуші, 16 кондуктор, 4 моторист-жөндеуші, 1тазалықшы, 4 күзетші, 2 фельдшер, 2 механик, 2 диспетчер және өзім, яғни 1 учаске басшысы еңбек етуде.
Автобустардың қозғалу бағыттары, аялдамалар, жүру кестелері және басқалары тиісті жергілікті атқарушы органдармен келісіліп, талқыланып, бекітіліп берілген кесте бойынша жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жұмысымыз бір қалыпқа түскен, 14 автобус таңғы сағат 07.15-те бекітілген жүру кестесіне сәйкес қызмет көрсетуді бастап, кешкі сағат 19.40-та базаға жинақталады, жұмысты қорытындылаймыз, есеп айырысылады.
-Сырт қараған адамға қазір бәрі де бір қалыпқа түсіп, жұмыс ырғағы қалыпты көрініс тапқанға ұқсайтыны рас. Алайда орайы келмей жатқан тұстар да болуы мүмкін ғой, ол енді істің басындағыларға белгілі болар?
-Негізінен алғанда, қазіргі уақытта жолаушы тасымалдау қызметі толықтай қалыпқа түсті деуге келеді. Күні бүгін 14 автобус жолаушы тасымалында тұрақты әрі сапалы қызмет етуде. Мұның сыртында тағы төрт қоғамдық көлігіміз қызмет етуге дайын тұрғанын айтсақ та болады, олар өз кезегінде ақаулы автбустарды алмастыруға дайын.
Бірақ та, әлі де жасалынатын жұмыстар баршылық. Мәселен, мекеме автобустарының қозғалысын бақылап қарап отыру тұрғындар үшін қиындық келтіруде. Осы ретте интернет желісінің жұмысы реттелсе жақсы болар еді дейміз. Сондай-ақ аудан орталығының З.Гумаров көшесіндегі аяқталмай қалған жол құрылысы жасалынса көліктердің жүріп-тұруына оңтайлы болар еді, әрі сапалы жол техникаларды күтіп ұстауға, сапалы қызметке көп себеп етері анық. Сондай-ақ биыл аялдамалар салынып, пайдалануға беріліп, халыққа қызмет көрсетуге қолайлы жағдайлар жасалынады деген де үміттеміз.
-Бір құптарлық жайт - жолаушылар тасымалында белгілі бір санаттардағы адамдарға жасалынып отырған жеңілдіктер. Бұл қалай ұйымдастырылуда?
-Серіктестік Қазақстан көлеміндегі заңдылықтарға сәйкес белгілі бір санаттағы жолаушылар үшін барлық жеңілдіктерді толық пайдалануға мүмкіндік жасап отыр. Олардың арасында оқушылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқалары бар. Олар үшін тиісті карталар жасалынған, жұмыс солар бойынша жүзеге асады. Ал автобуста жүруге тиісті жеңілдіктер қарастырылған сондай ауылдастардың бәріне де карталарды пайдалану, оларды қалай, қай жерден алуына болатындығы туралы түсініктер жүргізіліп келеді. Нәтижесінде қазір ауылдастардың дені осы жеңілдіктерді пайдаланып отыр деп айта аламын.
-Жолаушылар тарапынан қызметтеріңізге байланысты туындаған мәселелер болды ма? Серіктестік өкілі ретінде оларға не айтар едіңіз?
-Жалпы, бұған дейін де Құлсарыда, Бейнеуде халыққа осындай қызмет қылып келе жатқан серіктестің жолаушылар тасымалын жолға қоюдағы, оларға жайлы қызмет ұсынудағы, жолаушылардың ұсыныс-пікірлерімен санасудағы тәжірибелері баршылық дей аламыз. Қазір біздің учаске бойынша да тұрғындар тарапынан түсетін ұсыныс-пікірлер, өтініштер жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, толық шешімін табуына жұмыс жасалатын болады.
Әрине қай жұмыстың да өзіндік ерекшеліктері кездеседі ғой. Соның ішінде халыққа қызмет етуде ескеретін жайттар аз емес. Тұрғындар, яғни жолаушылар қызмет көрсетушілерге өз тараптарынан құрмет көрсетіп, еңбектерін бағалап, адамгершілік пен мәдениеттілікті сақтап, жалпы бір-бірімізді құрметтеп, тиісті талаптарды, заңдылықты орындап жүрсек ғанибет. Қолдау көрсетіліп, өзіміздің игілігіміз үшін атқарылып жатқан барлық іс-шараларымызға түсіністікпен қарау болса, бәріміз бірлесе туындаған мәселелерді оң шешіп отырсақ, нұр түстіне нұр.
-Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


