«Көреген ене, ибалы келін»

 

«Отан отбасынан басталады» деген даналық сөз бекер айтылмаған. Өйткені әрбір отбасында қалыптасқан тәрбие, ізет пен ілтипат, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық қоғамның да келбетін айқындайды. Қазақы ортада ене мен келіннің қарым-қатынасы – отбасының ынтымағы мен бірлігін сақтайтын ерекше байланыстың бірі. Көреген ене – ақылдың кені, өмірлік тәжірибенің иесі болса, ибалы келін – сол тәрбиені жалғап, шаңырақтың берекесін арттыратын жан. Ұрпақ сабақтастығы да, ұлттық дәстүрдің жалғасы да осы сыйластық пен түсіністіктен бастау алады. 

Сондықтан халқымыз ене мен келін арасындағы жарасымды қарым-қатынасты әрдайым қадірлеп, оны өнеге ретінде ұрпақ санасына сіңіріп отырған. Бүгінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы бірлігін дәріптеу – уақыт талабына айналып отыр. Жас ұрпақтың бойына инабаттылық, сабырлылық, сыйластық секілді қасиеттерді дарытуда тағылымы мол шаралардың орны ерекше. Ұлттық салт-дәстүр мен отбасы тәрбиесін дәріптеуді мақсат еткен «Көреген ене, ибалы келін» атты аудандық байқау Жанбай ауылында ұйымдастырылды.

Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық мұрасын кеңінен дәріптеу, ене мен келін арасындағы татулық пен жарасымды қарым-қатынасты насихаттау, отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында ұйымдастырылған байқауға 5 жұп қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Х.Ерғалиев ауылынан Зинагүл Кенжахметова мен Мөлдір Тұралиева, Жанбай ауылынан Шынар Құрмантайқызы мен Әсемгүл Аманжанқызы, Исатай ауылынан Зауре Пауеденова мен Наргиз Талапқызы, Тұщықұдық ауылынан Салима Жауынбайқызы мен Жанаргүл Сәрсенбиқызы және Аққыстау ауылынан Мақпал Отарова мен Жаңыл Жолдасқызы аталмыш сайыстың қатысушылары атанды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін, әулетін, шаңырағын таныстырып, ән мен өлең арқылы немесе арнайы дайындалған бейнероликтер арқылы көпшілікке ұсынды. Әр жұп өз отбасындағы сыйластық пен бірлікті көркем жеткізуге тырысып, шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Екінші кезеңде үміткерлер ұмыт бола бастаған қазақ халқының ұлттық тағамдарын дайындап, олардың әзірлену жолдарын арнайы бейнеролик арқылы таныстырды. Байқауға қатысушылар тек тағам әзірлеп қана қоймай, оның тарихы мен дайындалу ерекшеліктерін де әсерлі жеткізе білді. Соңғы кезеңде ене мен келін бірлесе отырып, әртүрлі жанрда өнер көрсетіп, өзара түсіністік пен үйлесімділіктің үлгісін паш етті. Сайысқа әділ қазылық ету үшін қазылар алқасы құрамында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Қайдар, ардагер ұстаз Бәтима Сәрсенғалиева, Жанбай әжелер ансамблінің мүшесі Зиға Төлеушова, Жанбай балалар саз мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Армангүл Бердиева және Жанбай ауылдық мәдениет үйінің директоры Құралай Ибраимқызы болды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өлең жолдары арқылы, креативті бейне жазбалар мен шағын көріністер қою арқылы өз әулеттерінің өнегелі дәстүрлерін таныстырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Байқаудың ерекше тұстарының бірі – заманауи технологияларды қолдану болды. Кейбір қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып әзірлеген бейнероликтерін ұсынып, көрермендерді таңғалдыра білді. Екінші кезеңде ұлттық тағамдардың сан түрі көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар олардың дайындалу жолдарын бейнеролик арқылы көрсетіп, әзірленген дәмдерді әділқазылар алқасына ұсынды. Үлпершек, құмаршық көже, ащы ішектен жасалған өрме төс секілді ұмыт бола бастаған тағамдармен қатар, дастарханның сәнін келтірген құрт, қаймақ, көже, шұбат сияқты ұлттық дәмдер көрерменнің тәбетін ашты. 

 

 

Қатысушылар әзірлеген тағамдарын тек қазылар алқасына ғана емес, көрермендерге де ұсынып, олардың ризашылығы мен жоғары бағасына ие болды. Ұлттық дәмнің хош иісі аңқыған бұл кезең көпшілік үшін ерекше әсерлі сәттердің біріне айналды. Сайыстың соңғы кезеңінде ене мен келін арасындағы сыйластық пен жарасымды ынтымақ ерекше көрініс тапты. Ән мен күй, тағылымды көріністер арқылы қатысушылар жиналған қауымға рухани ләззат сыйлап, көрермен жүрегіне жылылық ұялатты. Сахнада өрілген әрбір өнер туындысы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы бірлігінің қадірін тағы бір мәрте ұғындырғандай болды. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қатысушылардың бірі – Жанаргүл Сәрсенбиқызы. Оның тағдырлы өмір жолы мен сабырлы болмысы жиналған көпшіліктің жүрегін ерекше толқытты. Жолдасынан айырылып, өмірдің ауыр сынын бастан өткергеніне он жыл уақыт өтсе де, ол шаңырағының шырағын сөндірмей, ата-енесімен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Отбасының берекесін сақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген Жанаргүлдің өнегелі ісі көпшілікке үлгі болды. Оның сабыр мен мейірімге толы болмысы көрермен жүрегін әп-сәтте баурап, ерекше ықыласқа бөледі.

– Әрине, алғашында сайысқа қатысу туралы ұсыныс түскенде бірден келісе қойған жоқпын. Бұл шешімді қабылдау маған да, ата-енеме де оңайға соқпады. Бастапқыда ол кісілер де тосырқап, бірден қолдай алмады. Дегенмен ақылдаса келе өзіміздің өмір жолымызды, отбасыдағы сыйластық пен татулықтың мәнін көпшілікке үлгі ету мақсатында бұл сайысқа қатысуды ұйғардық. Бүгінде түрлі себептермен шаңырағы шайқалып, ажырасып жатқан жас отбасылар аз емес. Сондай отбасыларға кішкене болса да ой салып, үлгі болсақ деген ниетіміз болды. Ал шаңырақтан кетпеуімнің басты себебі – қос ұлым. Олар әкесінің жалғасы, көзінің нұры. Балаларым ата-әжесінің мейіріміне бөленіп, сол кісілердің тәрбиесін алып толыққанды отбасында өскенін қаладым. Қандай қиындық болса да мені өз қызындай көріп, әрдайым қолдау білдірген ата-енеме алғысым шексіз,- дейді қатысушы.

Тұщықұдықтық қатысушылардың үшінші кезеңдегі өнері де ерекше есте қалды. Олар сахнада қазіргі қоғамдағы ерекше балалардың орнын терең ой салатындай көрініс арқылы жеткізді. Көрермендер бұл қойылымды көріп, еріксіз жасқа булығып, жүректерінде нәзік толқыныс сезілді. Жанаргүл Сәрсенбиқызының айтуынша, бұл оқиға шынайы өмірден алынған. Көріністе ерекше балаға қоғамның кейде салқын көзқарасы, алшақтап қарауы, кейде ата-ененің «біздің тұқымда ондай жоқ» деп қабылдамауы сияқты күрделі мәселелер бірақ та әр мәселенің шешімі бар екенін шынайы әрі әсерлі бейнеленген.

Рухани, тағылымды әсер берген, татулық пен ынтымақты дәріптеген бұл сайыстың қорытындысын әділқазыларға шешу оңайға соқпады. Дегенмен жеңіс бар жерде жеңіліс те бар екенін ескере отырып, сахнада тұрған әрбір қатысушы – өз ауылындағы үлгілі ене мен келін – бірдей марапатқа лайықты еді. Сайыс нәтижесі бойынша Исатай ауылынан келген қатысушылар мен аққыстаулық ене мен келін алғыс хатқа ие болды. Ал Жанбай ауылының өкілдері – Шынар Құрмантайқызы мен Әсемгүл Аманжанқызы – үздік үштіктің қатарын толықтырды. Ұпай санымен бір ұпайға алда болғанымен, қамысқалалық Зинагүл Кенжахметова мен Мөлдір Тұралиева екінші орынға лайық деп танылды. Ал сайыстың ең жоғарғы жеңімпазы болып, барша көрерменнің жүрегін жаулаған – Тұщықұдық ауылының ене мен келіні Салима Жауынбайқызы мен Жанаргүл Сәрсенбиқызы атанды.

Жеңімпаздардың ұпай бойынша анықталмағанына кейбір түсінбеушіліктер мен келіспеушіліктер туындағаны жасырын емес. Сол кезде «Ері кетсе де, елінен кетпеген» деген пікір әділқазылардың соңғы шешімін дәлелдегендей болды. Шынайы өмірдегі өнегелі істер мен отбасындағы татулық сахнада көрініс тауып, көрермендер мен қазылардың жүрегінде ерекше үні қалды. «Көреген ене, ибалы келін» деген тақырыптың мән-мағынасы дәл осы сәтте ашылғандай. Нағыз сыйластық пен түсіністік, адалдық пен қамқорлық – тек сөзде ғана емес, іс жүзінде де көрініс табатынына көрермендер де, әділқазылар да көз жеткізді. Сахнадағы әрбір қатысушы өз ауылындағы үлгілі отбасының бейнесін көрсетіп, көрермендерге тағылым мен шабыт сыйлады. Осылайша, сайыс тек жарыс қана емес, рухани сабақ, өнегелі өмірдің көрінісі болып, барша қатысушылар мен көрермендердің жүрегінде ұзақ уақыт есте қалатын ерекше мерекеге айналды.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT