Көрермен көңілін толқытқан қойылым

 

Өнер – қоғамның айнасы десек, сол айнадан бүгінгі болмысымызды анық көруге мүмкіндік берген тағылымды қойылым көрерменге жол тартты. Таяуда ғана ауданымызға арнайы іссапармен келген Атырау Жастар театры көрермен назарына Қолғанат Мұраттың 2021 жылы сахналанған «Мұғалім» әлеуметтік драмасын ұсынды. Бұл туынды қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген маңызды қойылымдардың бірі ретінде танылып келеді. Қойылымда мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы күрделі қарым-қатынастар, мектеп ішіндегі ахуал, ұстаз беделі сынды бүгінгі күннің өткір тақырыптары шынайы әрі әсерлі бейнеленген. Сонымен қатар отбасының адам өміріндегі орны мен маңызы кеңінен ашылып, әр көрерменді өз өміріне үңілуге жетелейді. «Мұғалім» – адам мен қоғам арасындағы жауапкершілік, ар мен таңдау мәселесін терең қозғайтын әлеуметтік драма. 

Шығармада ұстаз бейнесі арқылы бүгінгі қоғамдағы моральдық дағдарыс, жүйе мен жеке тұлға арасындағы қайшылық, үнсіздік пен батылдықтың тартысы сахналық тілмен шебер жеткізілген. Режиссер Данияр Базарқұлов интерпретациясында спектакль көрерменді «мұғалім кім?» деген сауалдан «адам қандай болуы керек?» деген ауқымды ойға жетелейді. Бұл – тек бір мамандық төңірегіндегі туынды емес, әр адамның ішкі ұстанымы мен азаматтық таңдауына ой салатын әсерлі қойылым.

Мұғалім қойылымы – аты айтып тұрғандай, жас маманның сахна төріндегі алғашқы бейнесінен бастау алды. Кейіпкер өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы ұстаз мәртебесінің күрделі қырларын ашып көрсетті. «Қазіргі қоғамда бәрі өзгерді. Оқушы сабақ оқымаса – мұғалім кінәлі. Төбелессе де, түрлі келеңсіз жағдайлар орын алса да жауапты тағы да біз. Буллинг болсын, суицид мәселесі болсын – бәрі ұстазға тіреледі. Оның үстіне қағазбастылықтан бас көтере алмайтын мұғалімдер бар. Оқушылар тентек болса, жоғары жақтан да, ата-аналардан да сөз естиміз», – деп, ол ішкі жанайқайын жеткізді. Осылайша көрермен көңілі келесі көрініске ойысты. Бұл жолы сахнада – жоғары сынып оқушылары. Еркін мінез, өз ойын ашық айтатын жасөспірімдердің бейнесі арқылы бүгінгі буынның болмысы айқын көрініс тапты.

 

 

Алайда шетелде білім алып, озық тәжірибені меңгеріп келген жас ұстаз оқушылардың тілін таба білді. Ол әр баланың ойын тыңдап, ішкі жан дүниесіне үңілу арқылы аз уақыттың ішінде-ақ шәкірт жүрегінен орын табады. Жаңашыл көзқарастағы мұғалім ескі жүйеден шыға алмай жүрген әріптестеріне де әр оқушының ішкі үніне құлақ асудың маңызын жеткізуге тырысады. Дегенмен мектеп басшылығы мен ата-аналар оның бұл әдісін құп көрмей, керісінше, балаларға тым еркіндік бергені үшін кінә тағады. Ақыры, ата-аналар бірауыздан жас мұғалімді қызметінен босату туралы шешім қабылдап, арыз жазуға дейін барады. Осындай қысымға қарамастан жас ұстаз өз ұстанымынан таймай, сабыр сақтайды. Ол ата-аналарды байыппен тыңдап, әрқайсысына өз баласымен жеке сөйлесіп, шынайы байланыс орнатуға кеңес береді. Ал өзі болса, жағдайды ушықтырмай, өз еркімен қызметтен кетуге дайын екенін білдіреді.

Алдымен сырласу бөлмесіне әке мен бала қатар енеді. Әкесі ұлына тағы да тентектікке салынып, бірдеңе бүлдіріп жүргенін меңзеп, «бар жағдайыңды жасап, қалағаныңның бәрін алып беріп жүрмін, тіпті бренд киімге дейін әпердім емес пе?Болды, тентектігіңді қой, сенсіз де жұмысым жетіп артылады» деп біресе зекіп, біресе сұрақтың астына алады. Сол сәтте бала әкесіне іштегі ауыр сауалын бүкпей жеткізеді.

– Әке, мені көптен бері мазалайтын бір сұрақ бар. Неге сіз соған ешқашан жауап бермейсіз? Менің анам қайда? –дейді ол ренішін жасыра алмай. Бұл сұрақтан қашқақтап жүрген әке бұл жолы үнсіз қала алмады. Алайда сөз кезегін баласы жалғап, – Мен анамды таптым. Онымен кездестім. Ол ауыр дертке шалдыққан екен, жағдайы өте мүшкіл. Өтінемін, әке, оған көмектесейікші. Сіздің қолыңызда бәрі бар ғой –байлық та, мансап та, билік те, – деп көзіне жас алады.

Әке де көптен бері іште тұнған сырын ақтаруға мәжбүр болды. Ол кезінде қиын жағдайға тап болып, төсек тартып жатқанда туыстары мен достарының сырт айналғанын, мұны өмірдің заңдылығындай қабылдағанын айтады. Бірақ ең ауыр соққы – жарының дәл сол сәтте қолдау білдірмей, жалғыз тастап кетуі болғанын жасырмайды. Әке сөз соңында «мен оған өткенім үшін емес, тек сен үшін көмектесемін,» – деп түйіндейді.

 

 

Осылайша әке мен бала бір-бірін тереңірек түсініп, жүректеріндегі ауыр жүктен сәл болса да арылғандай күйде тарасады.

Келесі кезекте сырласу бөлмесіне анасы мен қызы келеді. Ашуға булыққан ана қызының сөзіне құлақ асқысы да келмей, бірден кейістік танытады. Өз сөзінде: «Тағы кіммен төбелесіп жүрсің? Қыз бала бола тұра, бұлай жүруге ұялмайсың ба? Жұрттың қыздарын қарашы…» деп, үнемі салыстыру мен кінәлауға көшеді. Сол сәтте ішіне жиналған өкпе-ренішін жасыра алмаған қызы да жарылып кете жаздайды: – Мама, мені басқалармен салыстыруды қойшы! Менің де өз ойым, өз пікірім, өз ұстанымым бар. Мен үнемі біреуге ұқсауым керек пе? –деп қысқа қайырады.
Бірақ қыздың жанын мазалаған ең ауыр сауал – әкесінің жоқтығы еді. Ол үні дірілдеп:

– Менің әкем қайда? – деген сұрақты қайта көтереді. Қыз өз сөзінде әке мейірімін көрмеген баланың ішкі әлемі босап, жылулық іздеген жанның түрлі бұзақылыққа, ерте есеюге, тіпті қателіктерге ұрынуы да мүмкін екенін ашық айтады.

– Әкенің жан жылуын көрмей өскен мен үшін қиын. Сіз соны түсінесіз бе? Сіздің қазіргі күйеуіңізді мен әкем ретінде ешқашан қабылдай алмаймын, – деп бар өкпе-назын ақтарады.

Қызының жанайқайын естіген ана да үнсіз қала алмай, көзіне жас алады. Оның да жүрегінде талай жылдан бері жиналған ауыр мұң бар еді. – Сонда менің де бақытты болуға еш хақым жоқ па? Әр жалғызбасты ана бәрін арқалап жүруі керек пе? – деп, өз тағдырына, өз күресіне, өз жан жарасына үңіледі. Бөлме ішін ауыр үнсіздік басады. Ана мен қыз бір сәт бір-біріне қарап, кейін құшақтасып,алғаш рет шынайы сезінгендей күй кешеді.Осылайша бірінен соң бірі түрлі тағдыр иелерімен оқиға жалғасын таба береді...

Шынында да әр баланың жүрек түбінде ата-анасына айта алмаған сыры, іште тұншыққан жанайқайы бар. Олар кейде сұрақтарына жауап таба алмай, шындықтың бұлың тұсында жалғыз қалады. Мектеп жасындағы бала үшін ең қымбат дүние – қымбат киім де, молшылық та емес, ең алдымен ата-ананың махаббаты, мейірімі мен жылы сөзі. Қанша жерден материалдық қажеттіліктері толық өтелсе де, жүрекке жылу жетіспесе, ол бос кеңістік бәрін жоққа шығарады.

 

 

Сол кеште залдағы әр көрерменнің жанарына жас үйіріліп, көңілдерінің босап кеткені анық байқалды. Қойылымдағы оқиғалар бір ғана сахнада емес, кейбірінің өмірінде де болып жатқандай әсер қалдырды. Дәл осындай терең мазмұнды туындыдан кейін көрерменнің ерекше әсермен қайтқаны сөзсіз.

Біз де көрермендердің пікіріне зер салып, олардың ойларын тыңдаған едік. Солардың бірі – Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Ермұханова.

– Қойылымда ұстаз бейнесі тек білім беруші маман ретінде ғана емес, тағдыр қалыптастырушы тұлға, адам жанының бағбаны ретінде терең ашылған. Әр көрініс арқылы мұғалімнің күнделікті еңбегі, ішкі жан толғанысы, оқушы алдындағы жауапкершілігі көрерменге шынайы жеткізілді. Әсіресе, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен рухани байланыстың нәзік қырлары өте әсерлі көрсетілді. Актерлердің шебер ойыны мен сахналық шешімдер қойылымның мазмұнын одан әрі байыта түсті. Кей сәттерде өзіңді сол оқиғаның ішінде жүргендей сезініп, ұстаздың қуанышы мен күйзелісін бірге өткергендей боласың. Бұл – театр ұжымының кәсіби деңгейінің айқын көрінісі. «Мұғалім» қойылымы маған ұстаз мамандығының қаншалықты қадірлі әрі жауапты екенін тағы бір мәрте ұғындырды.Осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні жоғары қойылымды сахналаған театр ұжымына алғысымды білдіремін,-деген ол қойылымның әрбір көрерменге ой салып, жүрегіне жылулық ұялататынына сенімді болды.

Қоғамда түрлі жағдайлар, сан алуан тағдыр иелері кездесетіні белгілі. Өкінішке қарай, олардың қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болатын отбасылар да жоқ емес. Осындай күрделі әлеуметтік мәселелермен тікелей жұмыс істейтін бүгінгі таңда арнайы мекемелер де қызмет атқарады. Соның бірі – Отбасын қолдау орталығы. Кеш барысында аталған орталықтың директоры Гүлнара Хайырденова да қойылымнан алған әсерімен бөлісіп, ерекше толғаныспен өз ойын ашық жеткізді.

– Әлеуметтік драма қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді терең қозғап, көрерменге үлкен ой салған әсерлі туынды болды. Онда мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастар, жастардың қоғамдағы орны, отбасындағы түсініспеушілік мәселелері шынайы бейнеленді. Сонымен қатар шетелде білім алған жас ұстаз бен ескі көзқарас арасындағы қайшылық, оқушылардың ішкі жан дүниесі мен айтылмай жүрген сырлары нанымды жеткізілді.

Қойылымның тәрбиелік мәні зор. Ол әрбір көрерменге баланы тыңдау мен түсінудің, оның ішкі әлеміне үңілудің маңызын ұғындырды. Осындай мазмұнды туындылардың жиі сахналанып, мектеп оқушыларына кеңінен ұсынылғаны құптарлық. Ана ретінде бұл қойылымды қызыммен бірге тамашалап, оның әсері туралы ой бөлісу біз үшін маңызды тәжірибе болды. Қойылым жасөспірімдер мәселесін ашық көтеріп, ата-ана мен бала арасындағы байланысты тереңірек түсінуге ықпал етті,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.

 

Түйін

Мағынаға толы спектакль жас маманның жанайқайын да, бүгінгі қоғамдағы мұғалім бейнесінің күрделі жүгін де айқын көрсетті. Бір жағынан жауапкершілік пен талап күшейген ұстаз еңбегі, екінші жағынан еркін ойлы жас ұрпақтың мінезі қатар өріліп, өмір шындығы сахна тілімен ашылды.Осы көріністер арқылы көрерменге ой салған басты түйін – білім беру ісі тек мұғалімнің емес, ата-ана, оқушы және қоғамның бірлескен жауапкершілігі екенін ұғындыру. Тек өзара түсіністік пен қолдау болған жағдайда ғана ұстаз еңбегі бағаланып, болашақ ұрпаққа сапалы білім мен дұрыс тәрбие беруге жол ашылары сөзсіз.

Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов бұл қойылымның маңызына тоқталып, бұл көріністің қазіргі қоғам шындығымен үндескенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Жастар театр ұжымына шығармашылық табыс тілеп, аудан әкімінің атынан Алғыс хатын табыстап, ілтипат танытты.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT