Көктемнің шуағымен бірге келетін Амал мерекесі – халқымыздың бірлік пен татулықты дәріптейтін ерекше дәстүрі. Осы игі дәстүрді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған «Көрісу – жыл басы» атты мерекелік шара ауыл тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинап, ұлттық салттың көркем көрінісіне айналды.
Шара барысында жүргізушілер жиналған жұртты Амал мерекесімен құттықтап, көрісу дәстүрінің мән-маңызына тоқталды. Қазақ халқы үшін көрісу – тек амандасу ғана емес, бұл – үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін, адамдардың бір-біріне ақ тілегін айтып, татулықты нығайтатын ерекше күн. Сондықтан бұл мереке ел ішіндегі ынтымақ пен бауырмалдықтың жарқын белгісі ретінде аталып өтеді.

Мерекелік шарада аудан тұрғындарын құттықтау үшін сахна төріне аудан әкімі Нұрым Мусин көтеріліп, жиналған қауымды көктем мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен татулығының маңызын атап өтті. Сондай-ақ аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин бата беріп, елге амандық, жұртқа тыныштық тілеп, ақжарма тілегін білдірді.
Көрісу дәстүрінің бүгінгі заманмен үндестігін көрсету мақсатында мерекеде ЛЭД экран арқылы «Қашықтан көрісу» көрінісі де ұсынылды. Бұл көрініс ата дәстүрдің уақыт өткен сайын жаңарып, жаңа сипат алып отырғанын айқын көрсетті.
Шараның көркін қыздырған – өнерпаздардың әсерлі өнері болды. Мерекелік кеште Илья Жақановтың «Ағады, Жайық» әнін «Дәстүр» ансамблінің ардақты әжелері орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар сахнада халық әндерінен топтама ұсынылып, ұлттық ән өнерінің әсемдігі паш етілді.

Кеш барысында халық әні «Беу-айдай» әнін орындаған Әділбек Жұмашевтің өнері де көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ сахнада күй өнері де шырқалып, күйші Мирас, Әлішер және Айтқабылдың орындауындағы күй көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Мерекелік бағдарламада Аманбек, Берікбол, Мирас секілді өнерпаздар да өз өнерлерін көрсетіп, ән-жырмен кештің көркін аша түсті. Ал жастардан құралған жігіттер тобы орындаған «Шамбауын» биі көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық би өнерінің әсемдігін танытты.
Ән мен күй, дәстүр мен тағылым тоғысқан бұл мерекелік шара ауыл тұрғындарына ерекше әсер қалдырды. Осындай тағылымды шаралар арқылы халқымыздың көне дәстүрлері жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Көрісу күні – адамдардың бір-біріне амандық тілеп, көңіл жарастыратын мейірім мерекесі. Сондықтан бұл күн ел ішінде әрдайым бірлік пен берекенің белгісі болып қала бермек.

