Құрмет төрінде – Аналар

 

Отбасы құндылығы – ұлттың ұстыны, қоғамның берік тірегі. Ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағы ең алдымен ананың алақанында қалыптасатыны анық. Осы бағытта аудан көлемінде көп балалы аналарды қолдау мен дәріптеу ісі жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан әкімі Нұрым Мусин Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 ақпандағы №1184 Жарлығына сәйкес, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерін арнайы қабылдады. Шараға Әжелер кеңесі, Аналар кеңесінің төрайымдары және мекеме басшылары қатысты.

 

 

Жиын барысында аудан басшысы батыр аналарға жылы лебізін білдіріп, олардың қоғамдағы орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі өлшеусіз еңбегін атап өтті. Салтанатты сәтте «Алтын алқа» төсбелгісі Қамысқала ауылының тұрғыны Әлия Өмірзақоваға табысталды. Ал «Күміс алқамен» Аққыстау ауылынан Айдана Иманғалиева, Әсел Мұхамбедина, Толқын Нұрашева, Альбина Сыдихова, Тұщықұдық ауылынан Нұргүл Өтепқалиева, Зинеден ауылынан Жаннат Урбисинова, Қамысқала ауылынан Нұрсұлу Мырзағалиева, Ольга Мұхамеджанова және Жаннат Орынғалиева марапатталды.

 

 

Марапат иелерінің ішінде «Алтын алқа» иегері атанған Әлия Өмірзақова – көпке үлгі болар ана. Ол жолдасы Саясат Қадыровпен бірге жеті ұл тәрбиелеп отыр. Ерекшелігі – олардың ата-аналары да көп балалы отбасынан шыққан. Әлияның енесі де, анасы да «Алтын алқа» иегері атанған. Бұл – ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.

 

 

Отағасы Саясат Қадыров «КазТехМұнайСервис» мекемесінде бұрғылаушы көмекші болып еңбек етеді. Ал Әлия – кәсібін дөңгелентіп отырған іскер ана. Қамысқала ауылының бетке ұстар тігіншісі ретінде ол аудан орталығы мен Х.Ерғалиев ауылында жеке дүкендерін ашып, өз ісін ұршықша иіріп отыр. Отбасында жеті ұл өсіп келеді, үлкені – жоғары оқу орнында 3-курс студенті болса, кенжесі – 1 жаста.

 

 

Өз сөзінде Әлия Өмірзақова бұл марапаттың үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.    

— Мен үшін «Алтын алқа» – аналарға көрсетілген айрықша құрметтің белгісі. Бұл атақ көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп қана қоймай, ана ретінде жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі. Біздің шаңырақтағы берекенің бастауы – әулетіміздің үлкені, 83 жастағы әжеміздің ақыл-парасаты мен қамқорлығында. Ол кісі немерелерін бағып, маған отбасы мен кәсібімді қатар алып жүруге тірек болып, ұрпақ сабақтастығының үзілмеуіне өз үлесін қосып келеді,-деді ол.

 

 

Кездесу соңында қатысқан мекеме басшылары ізгі тілектерін білдіріп, марапат иелерін құттықтады. Мұндай тағылымды шаралар отбасы құндылығын дәріптеп, аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.

 

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT