Құрметті теміржолшы Бақыт Шыманов өз таңдауын жасады

 

Нарын ауылындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан №138 референдум учаскесінде дауыс беру науқаны ұйымшылдықпен өтуде. Таңғы сағаттан бастап ауыл тұрғындары өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда.

Референдум учаскесінің комиссия төрағасы Гүлбағила Ғабдісәлімқызының айтуынша, аталған учаскеде 693 сайлаушы тіркелген. Учаскеде дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, азаматтардың өз еркін білдіруіне барлық мүмкіндік жасалған. Комиссия мүшелері дауыс беру барысының ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етіп отыр.

Ауыл тұрғындарының арасында бұл маңызды науқанға ерекше жауапкершілікпен қарап келген жандар аз емес. Солардың бірі – теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, адал қызметімен ел құрметіне бөленген Құрметті теміржолшы Бақыт Шыманов.

Ол референдум учаскесіне арнайы келіп, өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті. Бақыт Шыманов мұндай саяси маңызды шаралар елдің болашағы үшін аса қажет екенін атап өтті.

– Еліміздің дамуы мен болашағы әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты деп есептеймін. Сондықтан осындай маңызды сәттерде сырт қалмай, өз таңдауымды жасау – мен үшін азаматтық парыз. Біз теміржолшылар тәртіп пен жауапкершілікті бірінші орынға қоямыз. Сол жауапкершілік елдік мәселелерге де қатысты болуы керек. Референдум – халықтың пікірін білдіретін маңызды мүмкіндік. Әр азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетуі тиіс, – дейді ол.

Теміржол саласында еңбек еткен азаматтың айтуынша, қоғамның дамуы әр адамның саналы шешім қабылдауынан басталады. Сондықтан ол ауыл тұрғындарын да осындай маңызды науқанға белсенді қатысуға шақырды.

№138 референдум учаскесінде дауыс беру барысы қалыпты жағдайда өтуде. Нарындықтар өз азаматтық борыштарын орындап, ел болашағына қатысты маңызды таңдауға үн қосуда.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT