Көрнекі ақпараттағы кемшілік түзетіледі

 

Қазақ тіліндегі қоғамдық ортаны одан әрі қалыптастыруға ықпал ететін негізгі бағыттар – білім беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мәселелері аудан көлемінде тұрақты назарда. Осы бағытта мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының орындалуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі таңда аудан әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс қағаздарының  мемлекеттік тілдегі үлесі 99 пайызды құрайды.

Сонымен қатар жарнама және көрнекі ақпарат құралдарын мемлекеттік тілде орналастыру мәселесіне де ерекше мән берілуде. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, нұсқағыштар және өзге де көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс тілінде және басқа да тілдерде орналастырылуы тиіс. Осы талаптардың сақталуы тұрақты түрде қадағаланып келеді.

2026 жылдың І жартыжылдығында аудан аумағында аталған бағыт бойынша 5 зерделеу жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 14 кемшілік анықталды. Қазіргі таңда оның 7-еуі талапқа сай түзетіліп, қалған кемшіліктерді жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Кезекті зерделеу жұмыстары 21 қыркүйек күні аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Жанбай ауылдық округіне қарасты мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарында жүргізілді.

 

 

Зерделеу барысында кәсіпкерлік нысандарындағы маңдайшалар, сыртқы жарнамалар, баға көрсеткіштері, ас мәзірлері, хабарламалар және басқа да көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының болуы, мазмұны мен сауатты рәсімделуіне назар аударылды. Нәтижесінде бірқатар нысандарда тілдік талаптарға сәйкес келмейтін көрнекі ақпараттар анықталды. Атап айтқанда, «Мадияр» кафесінде ас мәзірінің орыс тілінде орналастырылғаны анықталды. «Жанар» тігін шеберханасында хабарламалардың орыс тілінде рәсімделгені белгілі болды. Сондай-ақ Атырау–Астрахань тас жолының бойында орналасқан «Асхана» кәсіпкерлік нысанында сыртқы жарнаманың өзбек тілінде, ал баға көрсеткіштері мен ас мәзірінің орыс тілінде орналастырылғаны анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали кәсіпкерлік нысандарының жауапты тұлғаларына қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, тиісті хабарламалар берілді. Сондай-ақ көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеп, заң талаптарына сәйкестендіру үшін 1 ай мерзім белгіленді.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – бір реттік шара емес, жүйелі түрде жүргізілетін жұмыс. Осыған орай, аудан көлемінде тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қоғамдық ортадағы қолданысын арттыру және көрнекі ақпараттардың заң талаптарына сәйкес рәсімделуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сонымен қатар ауданның басқа да ауылдық округтеріндегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы талаптарының орындалуына зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Жадыра ЖАНДОЛОВА,
аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT