Бүгін, 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау аясында еліміздің барлық өңірінде дауыс беру басталды. Исатай ауданында да сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, тұрғындарға конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бұл сайлауға жеті саяси партия қатысып отыр. Партиялардың бюллетеньдегі орналасу реті жеребе нәтижесімен анықталған.

Бюллетеньде партиялар мынадай ретпен орналасқан:
1. «Әділет» партиясы;
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
4. «Қазақстан Халық партиясы»;
5. «Ауыл» партиясы;
6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы;
7. «Respublica» партиясы.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Исатай ауданында дауыс беруге құқығы бар 15 678 сайлаушы тіркелген. Аудан аумағында жеті ауылдық округті қамтитын 15 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Біз аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіндегі Аққыстау орта мектебінде орналасқан №133 сайлау учаскесіне барып, дауыс берудің ашылу барысын бақыладық. Учаскеде сайлау комиссиясының мүшелері өз міндеттерін атқарып, сайлаушыларды қабылдауға дайын отыр. Дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылған.
Сайлаушы дауыс беру үшін жеке басын куәландыратын құжатын ұсынуы қажет. Сайлауға сот әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтары тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы.

Дауыс беру кезінде азамат өзі таңдаған саяси партияның атауы орналасқан тұстағы шаршыға белгі қояды. Сондай-ақ бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген нұсқа қарастырылған.
Өз кезегінде сайлаушыларды құлақтандыру мақсатында жергілікті Нарын таңы газеті арқылы хабарлама берілсе, сонымен қатар әр сайлаушыға комиссия мүшелері арқылы шақыру таратылды. Сонымен қатар әр сайлаушы өзі дауыс беретін сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын Call орталығы, онлайн-сервистер арқылы тексере алады. ОСК мәліметінше, GOV.KZ платформасында ЖСН енгізу арқылы өз учаскесі туралы ақпаратты анықтауға мүмкіндік бар.
Сайлау процесінде азаматтардың, соның ішінде ерекше жағдайды қажет ететін сайлаушылардың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге де басымдық берілген. Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, аудан бойынша ерекше көмекті қажет ететін мүгедектігі бар 104 сайлаушы тіркелген.
Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашевтың айтуынша, сайлау учаскелерінде дауыс берушілер үшін қажетті жағдайлар жасалған.
– Мүгедектігі бар азаматтар мен қарт адамдардың дауыс беруіне ерекше назар аударылған. Заңнамаға сәйкес денсаулық жағдайына байланысты немесе басқа да заңда көзделген себептермен сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына ұсынған жазбаша өтініші негізінде үйде дауыс бере алады. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде медициналық және техникалық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Әр учаскеде полиция, дәрігерлер, газ, электр және телекоммуникация салаларының мамандары жауапты болып бекітілген. Қандай да бір жағдай туындаған жағдайда, олар жедел әрекет етуге дайыні, – деді комиссия төрағасы.
Осылайша, Исатай ауданындағы 15 сайлау учаскесінде дауыс беру белгіленген уақытта басталды. Енді тұрғындар өз таңдауын жасап, елдің заң шығару билігінің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың құрамын қалыптастыруға қатысады. Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады.


