Еліміздің өркендеуі жолында қажырлы қызмет етіп жүрген білікті мамандарға, әр өңірдің инфрақұрылымы мен әрбір қала, ауыл көркінің келісті болуына тер төге еңбектеніп жүрген құрылысшыларға деген құрмет Құрылысшылар күнінен көрініс табады десек қатесі жоқ. Жыл сайын елімізде тамыздың екінші жексенбісінде тойланып келе жатқан бұл күннің салмағы аз емес. Кәсіби мереке қарсаңында ауданның құрылыс саласындағы жұмысты жүйелеп, өңірдің бүгіні мен ертеңі жолында жасалынып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Байтұрсын Сегізбаевты әңгімеге тарттық.
- Кез келген мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі аян. Құрылысшының қолымен құйылған әрбір іргетас, қаланған кірпіштер ауылдың дәулеті мен сәулетіне қосылған үлес. Құрылысшы мамандығының жауапкершілігі осыдан бастау алады емес пе?
- Құрылыс индустриясы – экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Тәуелсiздiк жылдарынан бері елiмiзде құрылыс саласы дами түсті деуге болады. Алысқа бармай-ақ, ауданымызда, оның ауылдарында жолдар салынып, тұрғын үйлер мен мектептер, балабақшалар мен мәдениет ошақтары бой көтеріп, ойын, спорт алаңдары да көптеп пайдалануға беріліп жатқаны соның куәсі. Елімізде отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндiрiс орындары көбеюі де бұған серпін берген жайы бар. Қазіргі күні де ауданымызда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұның бәрі аянбай тер төккен құрыш білекті құрылысшылардың еңбегінің нәтижесі. Аудан орталығының ғана емес, ауылдың шырайын келтіріп құрылыстардың бәрiнде құрылысшылардың өзіндік қолтаңбасы жатыр.
- Енді аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыс саласындағы жұмыстарға тоқсалсаңыз. Әрине, оның қайсыбіреулеріне басқа да бөлімдер жауапты болар, десек те аудандағы құрылыс бөлімі басшысы ретінде сол жұмыстардан құлағдар қылуыңызға болатын шығар?
- Иә, құрылыс туралы айтқанда аудан бойынша атқарылып жатқан жобалардың бірнешеуін мысал етуге болады. Биыл Нарын ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде, 2027 жылдың қыркүйек айының соңына дейін ел игілігі үшін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ауылдарда бой көтеріп жатқан тұрғын үй құрылыстары да көптің көз алдында, нәтижесінде өткен жылы бірнеше отбасы қоныс тойын тойласа, биыл да ол жалғасын табуда. Тұщықұдық ауылындағы өнер мектебі филиалына салынған жаңа ғимарат пайдалануға берілуге дайын. Томан ауылында 80 орындық бөбекжай-бақша ғимараты құрылысы жүруде, бұл жаңа нысанның да тапсырылар уақыты таяу. Аққыстауда аяқжолдар салынуда. Жалпы, ауданда қолға алынған осы және басқа да нысандарда құрылысшы мамандардың қолтаңбасы қалып жатыр.
- Инфрақұрылым жүйесіндегі жазғы су желілері де негізінен құрылыс жұмыстары саналады, яғни ауданның төрт ауылындағы бұл істе де құрылысшылар еңбегі бар. Бұл нысандар бойынша қандай жұмыстар атқарылуда, пайдалануға қашан берілмекші?
– Ауданның төрт ауылында жүзеге асырылған жазғы су желілерінің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда нысандарды пайдалануға қабылдау және оларды тиісті коммуналдық мекеменің басқаруына беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық рәсімдер аяқталған соң су желілері толыққанды іске қосылып, тұрғындардың игілігіне беріледі.
- Әңгімемізді құрылыс бөлімінің қызметіне бұрсақ. Бөлімде қанша қызметкер бар, олардың міндеті мен жауапкершілігі жайына қысқаша тоқталсаңыз.
- Қазір бөлімде 5 қызметкер бар. Әрбірінің өзіне жүктелген міндеттемелері де бар. Құрылыс жөніндегі мемлекеттік қызметте 2 бас маман жұмыс істейді. Барлық қызметкердің жауапкершілігі өз алдына, біліктілігі ескеріледі.
- Әңгімеңізге рахмет, мерекелеріңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР


