Көше тұрғындары бірлікпен дауыс берді

 

Аққыстау ауылдық округіндегі АТП мөлтек ауданының тұрғындары бір мезетте дауыс беріп, азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Аудан орталығы Аққыстау ауылындағы Абай атындағы орта мектепте орналасқан №134 сайлау учаскесіне келген көршілер ел болашағына қатысты маңызды таңдауды бірге жасады.

АТП тұрғындары тек сайлау науқандарында ғана емес, қоғамдық және қайырымдылық шараларда да белсенділігімен ерекшеленіп келеді. Көршілік қарым-қатынасты нығайту мақсатында өзара айналмақ қонақтықтарын ұйымдастырып, қуанышты күндерде бірге бас қосып, қиын сәтте бір-біріне қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырған.

Көршілердің пікірінше, мұндай өзара сыйластық пен ауызбіршілік – ауылдағы татулықтың берік негізі. Бүгінгі дауыс беру де тұрғындардың елдік мәселеге бейжай қарамайтынын аңғартты.

АТП мөлтек ауданының тұрғыны Қожаберген Сыдихов бұл таңдаудың ел үшін маңызды екенін атап өтті.

– Бүгін әр азамат өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне үлесін қосуы керек. Көшенің бірлігі – ауылдың бірлігі. Сондықтан әр адам ел тағдырына бейжай қарамай, азаматтық міндетін орындауға шақырамын, – деді Қожаберген Сыдихов.

Айта кетейік, №134 сайлау учаскесінде барлығы 1323 сайлаушы тіркелген. Мұнда дауыс беру белгіленген тәртіпке сәйкес жалғасуда.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT