Еліміз Тәуелсіздік туын көтергеннен кейін мемлекет алдында жаңа міндеттер мен тың бағыттар айқындалды. Соның бірі – көші-қон саясатын жүйелі түрде қалыптастыру еді. Ішкі және сыртқы көші-қон үдерістерін реттеу, тарихи Отанына оралған қандастарды қабылдап, қоғамға бейімдеу мәселелері күн тәртібіне шықты. Осы мақсатта осыдан 33 жыл бұрын Қазақстанда көші-қон полициясы қызметі құрылып, елдегі көші-қон саласын құқықтық тұрғыдан реттеуге жол ашылды. Содан бері бұл сала азаматтардың құқықтарын қорғау мен мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Көші-қон полициясының негізгі міндеттеріне төлқұжаттық-визалық құжаттарды рәсімдеу, шетел азаматтарын тіркеу, олардың еліміздің заңнамасын сақтауын бақылау, сондай-ақ көші-қон тәртібінің бұзылуына жол бермеу жатады. Бұл – үлкен жауапкершілік пен кәсіби біліктілікті талап ететін маңызды қызмет. Бүгінде көші-қон полициясы халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, елдегі қоғамдық тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуына да өз үлесін қосып келеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі бұл құрылым уақыт талабына сай жаңарып, көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыру жолында табанды еңбек етуде.
Бүгінде аудан тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел ұсынуда көші-қон қызметінің орны ерекше. Осы бағыттағы жұмыстар аудан орталығындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы Исатай аудандық бөлімінде жүзеге асырылуда. Мұнда аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобы халыққа қызмет көрсету орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеп, азаматтарды құжаттандыру бағытындағы маңызды міндеттерді атқарады. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу, жеке куәлік пен төлқұжаттарды дайындау және мерзімі өткен құжаттарды жаңарту жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар көші-қон қызметі азаматтық мәселелерін қарау, визалық рәсімдерді жүзеге асыру, шетел азаматтарының елімізге келуі мен уақытша тұруын бақылау сияқты міндеттеріне жауапты.
Қызметтің негізгі бағыттарының қатарында азаматтарды тіркеу және есепке алу, шетелге шығуға арналған төлқұжаттарды рәсімдеу, азаматтық алу немесе одан шығу жөніндегі материалдарды қабылдап, заң талаптарына сәйкес қарау жұмыстары бар. Аталған қызметтердің барлығы аудандық полиция бөлімі көші-қон қызмет тобының аға инспекторы, полиция майоры Нұрбол Серіковтің жетекшілігімен жүзеге асырылып келеді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету жолында еңбек етуде.
–Атқаратын қызметіміздің басты бағыты – халықты құжаттандыру және азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Біз кәмелет жасына толған азаматтарға төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеп, мерзімі өткен құжаттарды жаңартамыз. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты халыққа қызмет көрсету орталығына келе алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне арнайы барып, қажетті құжаттарын әзірлейміз. Шалғай елді мекендерде тұрып, түрлі себептермен осы уақытқа дейін құжат алмаған азаматтардың да мәселесін шешіп, заң талаптарына сай құжаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын негізгі екі құжаты бар. Оның бірі – жеке куәлік, екіншісі – паспорт. Жеке куәлік республика аумағында қолданылса, паспорт шетелге шығу үшін қажет. Қазақстан азаматтарына халықаралық паспорт алу міндетті емес. Сондықтан паспорттың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда оны жаңарту немесе жаңартпау әр азаматтың өз еркінде. Алайда шетелге жұмыс бабымен немесе саяхат мақсатында шығуды жоспарлаған азаматтарға төлқұжат мерзімі аяқталмай тұрып, кемінде бір ай бұрын жаңа паспорт рәсімдеуге өтініш беруді ұсынамыз. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгені құрайды. Соған сәйкес 36 беттік паспорт үшін мемлекеттік баж мөлшері – 34 600 теңге (8 АЕК), 48 беттік паспорт үшін – 51 900 теңге (12 АЕК), ал балалар паспорты үшін – 17 300 теңге (4 АЕК). Балаларға арналған паспорт 24 беттен тұрады. Оның жарамдылық мерзімі 12 жасқа дейінгі балалар үшін – 5 жыл, ал 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар үшін – 10 жыл. Паспорт өтініш тапсырылған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Егер құжат шұғыл қажет болса, қосымша төлем арқылы оны жеделдетілген тәртіпте рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған. Көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз жүрген шетел азаматтарына қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 6 және 7-бөліктері бойынша Өзбекстан Республикасының үш азаматына қатысты әкімшілік іс қаралып, Исатай аудандық сотының қаулысымен олар ел аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылды. Аталған азаматтар «Тәжен» шекара бекеті арқылы өз елдеріне қайтарылды.Әрбір азамат пен шетелдік тұлғаның көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды кепілі болып табылады, – дейді бізбен болған әңгімесінде Нұрбол Серікұлы.
Көші-қон қызметі саласында мол тәжірибе жинақтаған Нұрбол Серікұлы 2017 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобының аға инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұған дейін де 2014-2015 жылдары осы салада еңбек етіп, кәсіби біліктілігін шыңдаған маман көші-қон заңнамасының талаптарын халыққа түсіндіру және олардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Аталған қызмет тобы инспекторының айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар аясында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу қызметі тегін жүзеге асады. Сонымен қатар аудан аумағына еңбек ету мақсатында келген шетел азаматтарының көші-қон заңнамасын сақтауын қадағалап, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тиісті іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет, сондықтан көші-қон саясатына ерекше жауапкершілікпен қарау қажет. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көші-қон үдерістерін тиімді реттей алмаудың салдарынан бірқатар Еуропа елдерінде қоғамдық пікірдің жіктелуі мен жаппай тәртіпсіздіктер орын алған жағдайлар кездеседі. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін көші-қон саласындағы жұмыстар заң талаптарына сай әрі жүйелі жүргізілуі тиіс. Қуантарлығы, ауданымызда көші-қон саласына қатысты заң бұзушылықтар тіркелмегенін сала маманы да тілге тиек етті. Халықтың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде көші-қон қызметінің орны ерекше. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіптің сақталуына негіз болады.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ


