Кәсіби кадр қалыптастыру – уақыт талабы

 

Қай кезеңде де елдің өркендеуі мен қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен адам капиталының сапасына байланысты. Әсіресе мемлекеттік қызмет саласында кәсіби біліктілігі жоғары, жаңашыл ойлайтын, жауапкершілігі мол мамандардың орны ерекше. Өйткені мемлекеттік қызмет – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын жауапты сала. Сондықтан бұл жүйеге білімді, белсенді әрі ел болашағына бейжай қарамайтын жастарды тарту бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Жас мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер қарастырылып, олардың қызметтік өсуіне қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде. Біз де мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, кадрлық саясаттағы жаңашыл бастамалар мен жас мамандарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды басқару бөлімінің басшысы Мұхтарова Ұлпан Қуаналықызымен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндіктері, аудандағы кадрлық қажеттіліктер кеңінен әңгіме арқауына айналды. Бұл сұхбат мемлекеттік қызмет саласына қызығушылық танытып жүрген жастар үшін де, ауданның кадрлық саясатына бейжай қарамайтын оқырман үшін де пайдалы болмақ.

Ұлпан Қуаналықызы, қазіргі таңда  жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қандай бағдарламалар жүзеге асырылып келеді?

– Мемлекеттік қызмет жүйесін білікті де білімді жастармен толықтыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға арналған бірқатар қолдау тетіктері жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен тәмамдаған түлектерге заңнама талаптарына сәйкес конкурстан тыс негізде мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігінің берілуі. Бұдан бөлек жастар арасында мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен артықшылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында тұрақты түрде ақпараттандырылады. Бос мемлекеттік лауазымдар туралы мәліметтер ашық жарияланып, үміткерлерге қолжетімді түрде ұсынылады. Сондай-ақ қызметке жаңадан қабылданған жас мамандардың ортаға тез бейімделуі үшін тәжірибелі қызметкерлер арасынан тәлімгерлер бекітіледі. Бұл олардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, қызметтік жолда сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға, білімін толықтыруға және мансаптық өсуіне қажетті жағдайлар жасалып, жастардың әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

 

–Мемлекеттік грантпен білім алған түлектерді ауданға тарту бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Ауданның кадрлық әлеуетін нығайту және білікті жас мамандармен толықтыру мақсатында жоғары оқу орындарымен және бітіруші түлектермен тұрақты байланыс орнатылған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен тәмамдаған түлектер қолданыстағы заңнамаға сәйкес уәкілетті органның келісімімен конкурстан тыс тәртіпте мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ұсынылатын әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен түсіндіріліп келеді. Атап айтқанда тұрғын үймен қамтамасыз ету, көтерме жәрдемақы беру секілді жеңілдіктер жөнінде ақпараттар беріліп, олардың ауданға келіп еңбек етуіне және тұрақтап қалуына қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған.

 

–Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары қалай ұйымдастырылады?

–Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін дамыту мақсатында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстары тұрақты негізде ұйымдастырылады. Оқыту Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалы арқылы жүзеге асырылады. Қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей лауазымдық міндеттеріне сәйкес қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке алғаш кірген және қызметте жоғарылатылған қызметшілер қайта даярлау курстарына жіберіледі. Бұл жұмыстар мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.

 

–Соңғы жылдары ауданға келген жас мамандардың саны қанша және олардың тұрақтап қалу көрсеткіші қандай?

– 2021–2025 жылдар аралығында ауданның мемлекеттік қызмет саласына 30 жас маман тартылып, өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосылды. Бүгінде олардың 17-сі туған жерінде тұрақтап, мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында табысты еңбек етіп келеді. Бұл көрсеткіш жас мамандардың ауданға деген сенімі мен қызығушылығының айғағы. Сонымен қатар олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету –уақыт талабы. Осы мақсатта жас кадрлардың кәсіби қалыптасуына жан-жақты қолдау көрсетіліп, бейімдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, әлеуметтік қолдау тетіктері де кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Басты мақсат жас мамандарға тек жұмыс орны емес, болашаққа сенім мен тұрақты даму мүмкіндігін ұсыну арқылы олардың ауданның өркендеуіне серпін беруіне жол ашу.

 

–Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына қандай мүмкіндіктер жасалған? Аудандағы жұмыс берушілердің кадрлық қажеттіліктері қаншалықты ескеріледі?

– Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін үздіксіз жетілдіру – бүгінгі басқару жүйесінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарына қатысуына толық жағдай жасалып, олардың мемлекеттік басқарудың заманауи әдістерін меңгеруіне, жаңа цифрлық дағдыларды игеруіне кең мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар тәжірибе алмасу алаңдары кеңейтіліп, тәлімгерлік институты арқылы жас мамандардың кәсіби қалыптасуына қолдау күшейтілген. Кадрлық резерв жүйесі де қызметшілердің мансаптық өсуіне жол ашатын маңызды тетікке айналып отыр. Осының барлығы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен сапасын жаңа деңгейге көтеруге зор ықпал етуде. Кадрлық саясатты қалыптастыру барысында аудандағы жұмыс берушілердің нақты қажеттіліктері жүйелі түрде ескеріледі. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелердің қазіргі және алдағы кезеңге арналған кадрлық сұранысына тұрақты талдау жүргізіліп, бос және болжамды ваканттық лауазымдар зерделенеді. Осы талдау нәтижесінде өңірге яки ауылға қажетті мамандықтар мен бағыттар айқындалып, кадр даярлау және қайта даярлау жұмыстары соған сәйкес жоспарланады. Сонымен қатар жас мамандарды тарту, оларды бейімдеу және бос жұмыс орындарын уақытылы толықтыру тетіктері де осы деректер негізінде іске асырылады. Нәтижесінде ауданның еңбек нарығындағы нақты сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті сақтауға әрі кадрлық әлеуетті сапалы түрде қалыптастыруға мүмкіндік жасалады.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT