Кәсіп бастағың келсе, ауылға кел!

 

Кәсіп бастау үшін міндетті түрде қалаға көшу қажет емес. Бүгінде ауыл тұрғындарына өз елді мекенінде кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалып келеді. Ауылда ауыл шаруашылығы, мал және құс өсіру, жылыжай, шағын өндіріс, қызмет көрсету, қолөнер және сауда бағыттарында кәсіп бастауға болады. Кәсіп бастамас бұрын жергілікті жердегі сұранысты зерттеп, қандай өнімге немесе қызметке қажеттілік бар екенін анықтау маңызды. Осыған сай нақты бизнес-жоспар құрып, шығын мен кірісті алдын ала есептеген жөн. Ауылда кәсіп бастаудың өзіндік артықшылықтары да бар. Жер мен жалға алу құны қалаға қарағанда төмен болуы мүмкін. Ал жергілікті тұрғындардың қажеттілігін жақсы білу кәсіпкерге өзіне тиімді бағытты таңдауға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан кәсіп бастауға арналған түрлі қолдау тетіктері ұсынылады. Оның ішінде жеңілдетілген несие, грант және басқа да қаржылай қолдау түрлері бар. Бұл мүмкіндіктер бастапқы капитал қалыптастырып, қажетті құрал-жабдық алуға және кәсібін кеңейтуге жол ашады. Ал дәл осылай сізге кәсіптің есігін ашуға мүмкіндік беретін, кілті болатын – мемлекет тарапынан ұсынылып отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы.

Сейсенбі күні ауданымызға «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Гүлден Асхатова мен мониторинг жүргізу бойынша бас менеджер Мейрамбек Ибрашов келіп, ауыл кәсіпкерлері және кәсіп бастауға ниетті азаматтармен кездесті.

Жиында бағдарламаның мүмкіндіктері мен талаптары кеңінен түсіндіріліп, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға жауап берілді. Бүгінде ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 азамат қаржыландырылып, өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Кездесуде сөз алған департамент директоры Гүлден Асхатова ауыл тұрғындары үшін бұл бағдарламаның тиімді тұстарына тоқталды.

«Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындары үшін тиімді бағдарлама. 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы елді мекенде сұранысқа ие, бірақ әлі қолға алынбаған кәсіп түрлерін дамытуға болады. Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – несиеге жұмыссыз азаматтар да, тұрақты жұмысы бар тұрғындар да қатыса алады. Дегенмен несие алушының кредиттік тарихы талапқа сай болуы және міндетті түрде кепіл мүлкі болуы қажет. Бұрынғы несиелері өтелмеген, төлем мерзімі өтіп, қара тізімге енген азаматтарға қаржыландыру алу қиындық тудыруы мүмкін. 2026 жылғы ресми түсіндірулерге сәйкес, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін микрокредит көлемі 2 500 АЕК-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қайта өңдеу жобалары үшін 8 000 АЕК-ке дейін берілуі мүмкін. Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 2,5 пайыздан аспауы. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне қаржылық жүктемені жеңілдетіп, кәсібін тұрақты түрде дамытуға жағдай жасайды. Биылғы көрсеткіш бойынша жеке жобаларға берілетін қаржы көлемі 10 млн 812,5 мың теңгеге дейін, ал кооперативтер мен қайта өңдеу жобалары үшін 34 млн 600 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қаражатты мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, кооператив құру, қызмет көрсету, өндіріс, қоғамдық тамақтану, туризм және басқа да рұқсат етілген бағыттарда пайдалануға болады, - деді ол өз сөзінде. 

Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов та ауыл тұрғындарына бағыт-бағдар беріп, кәсіпті тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жөнінде кеңестерін айтты. Басқосуға кәсіп бастауға ниетті 10-нан астам тұрғын қатысып, мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Әсіресе несие алу тәртібі, кепіл мәселесі, кәсіп түрін таңдау және бағдарламаның талаптары жөнінде нақты сұрақтар қойылды. Мамандар әр сауалға жеке тоқталып, түсінікті жауап берді.

 

 

Жалпы «Ауыл аманаты» – ауылдағы ағайынға дайын кәсіп ұсынудан гөрі, өз кәсібін өзі таңдауға, бейіміне қарай жұмысын бастауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Ең бастысы – ниет пен нақты жоспар. Ауылда сұраныс бар жерде кәсіп бастауға мүмкіндік те бар. Ал төмен пайызды несие сол мүмкіндікті іске асыруға берілген үлкен қолдау. Бүгінде ауылда мал шаруашылығы, қызмет көрсету, шағын өндіріс секілді бағыттарды дамытып, өз кәсібінен нәсіп тауып отырған жандардың қатары артып келеді. Бұл – ауыл экономикасының жанданып, тұрғындардың кәсіпке деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Жиын барысында балық шаруашылығымен айналысқысы келетін Инамат Азержанов есімді азамат өзінің кәсіп бастау жоспарын ортаға салды.

–Үлкен көлемде балық шаруашылығын дамытқым келеді. Қаржыны өз кәсібімнің айналымына салуыма бола ма? Икраға көп күтім қажет. Шабақ сатып алып, оны өсуіне қарай 50-100 теңгеден сатсам деген ойым бар, – деді ол.

Аталған сауалға жауап берген мамандар бұл қаржыны кәсіптің айналым қаражатына емес, бассейн, темір-терсек және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға ғана жұмсауға болатынын түсіндірді.

Сондай-ақ, сол Тұщықұдық ауылының тұрғыны Гаухар Төлегенова да кәсіп бастауға ниетті екенін жеткізіп, қажетті қаражатты алу үшін қандай құжаттар керектігін сұрады.

Бағдарламаның тағы бір маңызды ерекшелігі – микрокредит мерзімі жобаның бағытына қарай белгіленеді. Ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларға қаржы 5 жылға дейін, ал ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу бағыттарына 7 жылға дейін берілуі мүмкін. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жай ғана несие емес, өз ісін бастауға немесе бұрыннан келе жатқан кәсібін жаңа деңгейге шығаруға берілген мүмкіндік. Бір азамат үшін мал басын көбейтуге, енді біріне шағын цех ашуға, тағы біріне қызмет көрсету орнын іске қосуға жол ашады. Ал мұндай шағын жобалардың өзі ауылдағы жұмыспен қамтуға және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Дегенмен бағдарламаға қатысу талаптары мен өтінім қабылдау тәртібі өңірге қарай ерекшеленуі мүмкін.

Сондықтан өңір тұрғындары өз ауданындағы немесе ауылындағы бағдарламаның іске асырылу тәртібін алдын ала нақтылағаны жөн. Ол үшін аудан немесе ауыл әкімдігіне, сондай-ақ бағдарламаны іске асыратын уәкілетті ұйымға жүгініп, 2026 жылғы қабылдау кезеңі, құжаттар тізімі және нақты лимиттер туралы ақпарат алу қажет. «Ауыл аманаты» – ауылға қаржы құюмен қатар, ауыл тұрғынының өз мүмкіндігіне сенімін арттыратын жоба. Кәсіп бастауға ниет бар жерде мүмкіндік те бар. Ең бастысы – идеяны нақты жобаға айналдырып, берілген қолдауды тиімді пайдалану.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT