Кәсіп бастауға мемлекеттен қолдауды қалай алуға болады?

 

Мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жеңілдетілген несие кәсіпкерлерге нарықтық жағдайға қарағанда тиімді шарттармен қаржы тартуға мүмкіндік береді. Бұл қаражатты инвестициялық мақсаттарға, айналым қаражатын толықтыруға, өндірісті кеңейтуге немесе жаңа жобаларды іске қосуға бағыттауға болады. Бізге берген облыстық Кәсіпкерлер палатасының  мәліметінше, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында құны 200 млн теңгеге дейінгі жобаларға қолдау көрсету көзделген.

Бағдарлама шағын және микробизнесті, сондай-ақ ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлік жобаларды дамытуға бағытталған. Кәсіпкер үшін несие мөлшерлемесі кемінде 12,6 пайыз деңгейінде белгіленіп, қаржыландыру мерзімі үш жылға дейін жетуі мүмкін. Ал «Өрлеу» бағдарламасы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның аясында инвестициялық мақсаттарға 7 млрд теңгеге дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға 3,5 млрд теңгеге дейін қаржы қарастырылған. Мөлшерлеме 12,6 пайыздан аспайды, ал инвестициялық жобаларды қаржыландыру мерзімі он жылға дейін созылуы мүмкін. Кәсіпкерлер үшін несие алудағы басты кедергілердің бірі – кепілзатының жеткіліксіздігі. Мұндай жағдайда кепілдік құралдары маңызды рөл атқарады. Кепілдік қоры арқылы 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар бойынша қаржыландыру сомасының 85 пайызына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын мөлшерде кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн теңгеге дейін грант беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай қаражат әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталып, конкурс негізінде беріледі.

Кейбір кәсіпкерлер үшін дәстүрлі несие алудан гөрі техника мен жабдықты лизинг арқылы алу тиімді болуы мүмкін. Әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы және арнайы техника қажет ететін бизнес түрлері үшін лизингтің маңызы зор. Ал шағын жоба иелері үшін микрокредит тиімді қаржыландыру құралына айналуы ықтимал. Ол ауылдық жерлердегі, шағын қалалардағы және микробизнес саласындағы кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

 Мемлекеттік қолдау тек қаржыландырумен шектелмейді. Кәсіпкерлерге бизнес-жоспар әзірлеу, қаржылық жоспарлау, маркетинг, құқықтық мәселелер және бизнесті жүргізудің басқа да бағыттары бойынша оқыту мен консультациялық қызметтер көрсетіледі.

Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант – кәсіпкерге қайтарымсыз негізде берілетін қаржылай қолдаудың бір түрі. 2026 жылы 400 АЕК көлеміндегі грант сомасы 1 млн 730 мың теңгені құрайды. Алайда бұл қаржы барлық кәсіпкерге автоматты түрде берілмейді. Грант конкурстық негізде ұсынылып, белгіленген әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтарға бағытталған. Сондықтан өтінім бермес бұрын Business.enbek.kz порталы мен еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдардың сол жылға арналған ресми хабарландыруларымен танысқан жөн.
Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік жобаларға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне гранттар конкурстық негізде беріледі. Ресми мемлекеттік түсіндірмелерде мұндай гранттың көлемі 5 млн теңгеге дейін, ал жобаны іске асыру мерзімі 18 айға дейін деп көрсетіледі. Дегенмен нақты талаптар мен конкурс шарттары өңірге және сол жылғы ережелерге қарай белгіленеді. Сондықтан кәсіпкер жобасын ұсынбас бұрын конкурс талаптарын мұқият зерделеуі қажет.

Жергілікті өнім өндірушілер үшін «Бір ауыл, бір өнім» жобасының да берері мол. Оның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде жергілікті шикізатқа сүйеніп, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдау. Жобаның басты талаптарының бірі – өнім өндіруде пайдаланылатын негізгі шикізаттың жергілікті жерден алынуы. Байқауда үздік деп танылған өнім өндірушілер мемлекеттік грантқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе ауылдағы шағын кәсіпті дамытуға, жергілікті өнімді нарыққа шығаруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қысқасы кәсібін дөңгелетемін деген кәсіпкердің мүмкіндігі аз емес: бірі жеңілдетілген несие арқылы кәсібін кеңейтсе, екіншісі кепілдік көмегімен қаржы тарта алады, үшіншісі грант арқылы алғашқы қадамын жасайды. Ал ауылдағы бизнес үшін арнайы бағдарламалар мен төмен мөлшерлемелі қаржыландыру тетіктері жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.


Сағыныш ҚАЙЫР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT