Кәсіп пен қоғамдық істі қатар алып жүрген жас депутат дауыс берді

 

Қамысқала ауылындағы №129 сайлау учаскесінде аудандық Жастар мәслихатының депутаты, жас кәсіпкер Алмас Ахметқали өз таңдауын жасады. Ел үшін маңызды саяси науқанға қатысқан жас депутат азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағына қатысты шешім қабылдауға өз үлесін қосты.

Алмас Ахметқали – биыл Исатай ауданы Жастар мәслихатының бірінші шақырылымына депутат болып сайланған жастардың бірі. Жас депутаттық міндетті қоғамдық жауапкершілік деп қабылдап, аудан жастарының бастамаларын қолдауға, олардың ұсыныс-пікірлерін ортаға салуға атсалысып келеді.

Қоғамдық жұмысты кәсіпкерлікпен қатар алып жүрген Алмас өз кәсібін де жүйелі түрде дамытып келеді. Ол Қамысқала ауылында көлік жөндеу орталығын ашып, тұрғындарға автоэлектрик және көлік диагностикасы қызметтерін көрсетуде. Бұл орталықтың ерекшелігі – жас кәсіпкердің істі өз мүмкіндігіне қарай бастап, біртіндеп кеңейтуінде.

Көлік жөндеу орталығының ғимаратын Алмас Ахметқали өз қаражатына салған. Ал кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды қайтарымсыз гранттың көмегімен алған. Яғни мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, оны нақты жұмыс орны мен қызмет көрсету орнына айналдыра білді.

Бүгінде оның кәсібі ауыл тұрғындарына қажетті қызмет көрсетіп қана қоймай, жастарға «өз ісіңді бастауға болады» деген сенім береді. Жас кәсіпкердің жолы – талап пен еңбектің, мүмкіндік пен жауапкершіліктің тоғысқан тұсы.

Алмас Ахметқали үшін кәсіпкерлік – ауылда қажетті қызметті қалыптастырып, елге пайда келтірудің бір жолы. Ал Жастар мәслихатындағы депутаттық қызметі – осы қоғамдық жауапкершіліктің тағы бір қыры.

«Елдің дамуы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан бүгінгі таңдауға бейжай қарамай, өз азаматтық міндетімді орындау маңызды деп санаймын», – дейді жас депутат.

Сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы – оның қоғамдық жауапкершілігінің нақты көрінісі. Өйткені ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге қатысу тек аға буынның емес, жастардың да міндеті.

Кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық іске араласып жүрген Алмас Ахметқали сияқты жастардың белсенділігі – ауданның болашағы үшін маңызды. Себебі ел ертеңі бүгінгі таңдаудан, ал жарқын болашақ азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігінен басталады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT