Қызығушылық бар, мүмкіндік болса – кәсіптің бастауы дайын. Ауданның жұмыссыз жастарына аспаздық, бет әрлеу және жиһаз құрастыру бағыттарын тегін меңгеруге мүмкіндік берілді. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Talaptan» жобасы жастарды жай ғана оқытып қоймай, қолына нақты кәсіп үйретуді мақсат етті. Қатысушылар тәжірибелі мамандардан үйреніп, жаңа дағдыларын іс жүзінде сынап көрді.

Бет әрлеу бойынша визажист Оксана Бисенбай жеті қатысушыны оқытып, макияж жасаудың түрлі тәсілдерін үйретті. Солардың бірі Аяна Санақбаева үшін курс бұрыннан қызықтырған саласын жақынырақ тануға мүмкіндік берген.
– Бұған дейін бет әрлеуге қызығушылығым болғанымен, кәсіби маманнан үйреніп көрмеген едім. Енді алған білімімді жетілдіріп, болашақта кәсіби бағытта пайдаланғым келеді,-дейді ол.

Ал аспаздық бағыттағы сабақтарды Шырайлым Молдағалиева жүргізіп, жастарға тағам дайындаудың қыр-сырын үйретті. Қатысушылар теориямен шектелмей, түрлі тағамдарды өз қолдарымен әзірледі.

Жобаның үшінші бағыты – жиһаз жасау және құрастыру. Бұл бағыт бойынша Аққыстаудағы жиһаз цехының мамандары тәжірибесімен бөліспек. Әзірге қатысушылар аз болғанымен, ұйымдастырушылар сұранысы бар бұл кәсіпке қызығушылық алдағы уақытта артады деп отыр.

Бірі ас үйге, бірі сұлулық саласына, енді бірі қол еңбегіне бейім. Ең маңыздысы – жастардың қызығушылығын нақты дағдыға айналдыратын мүмкіндік бар. Ал үйренген кәсіптің ертең табыс көзіне айналуы өз қолдарында.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН


