Құтқарушылар құрметке бөленді

 

19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл күн – адам өмірін арашалап, қауіп пен қатерге қарамастан көмекке асығатын, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзететін жандарға құрмет көрсететін ерекше мереке. Өрт пен апаттың ортасында жүріп, әр секунд үшін күресетін құтқарушылардың қызметі ерлік пен жауапкершілікті, кәсіби шеберлік пен табандылықты талап етеді. Олардың күнделікті еңбегінің артында талай адамның амандығы, талай отбасының тыныштығы тұр.

Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Нұрым Мусин аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен сала ардагерлерін арнайы қабылдап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріне құрмет көрсетті. Жиында қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген мамандар марапатталып, азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне алғыс білдірілді.

Салтанатты қабылдау барысында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Ардагерлер кеңесі төрағасының атынан Бейімбет Қыдралин мен Айдарбек Хайрлиевке төсбелгі табысталды. Ал аудан әкімінің Алғыс хатымен өрт сөндіру бөлімінің аға технигі Бекболат Шатеков, өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Қасымхан Жұмаханов, радиотелефоншы, азаматтық қорғау кіші сержанты Медет Сабиров, бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Нұрбек Жайдарбек, жүргізуші, азаматтық қорғау сержанты Есет Сабитов және қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Жарас Мүтауұлы марапатталды.

Мерекелік шарада Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен оған қарасты аумақтық бөлімшелердің қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Көрсетілім сала мамандарының күнделікті қызметін, төтенше жағдайлардың алдын алу мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын таныстырды.

Жиында Исатай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бағдат Исатайұлы сөз сөйлеп, кәсіби мерекенің мән-маңызына тоқталды. Ол сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, азаматтық қорғау қызметінің қоғам алдындағы жауапкершілігін атап өтті.

Кәсіби мереке аясында қызметкерлердің тек қызметтік міндетте ғана емес, спорт алаңында да шеберлігін шыңдайтынын көрсеткен шағын футбол турнирінің жеңімпаздары марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша «Үздік сұрмерген» атағы өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Тәттімбет Меңдігереевке берілді. «Үздік шабуылшы» номинациясын жүргізуші, азаматтық қорғау сержанты Нұрберген Ізбасаров иеленсе, «Үздік қорғаушы» атағы жүргізуші, азаматтық қорғау аға сержанты Мейірбек Сыдыхқа табысталды. Ал «Үздік қақпашы» номинациясына өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты Қасымхан Жұмаханов лайық деп танылды.

Командалық есепте III дәрежелі диплом №3 қарауылға, II дәрежелі диплом №2 қарауылға, ал I дәрежелі диплом №4 қарауылға табысталды.

Шара барысында азаматтық қорғау саласының ардагерлеріне де сөз беріліп, олардың тәжірибесі мен өнегелі жолына құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ел қауіпсіздігіне арнаған аға буынның еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлгі, ал олардың кәсіби тәжірибесі сала сабақтастығының маңызды бөлігі.

Құтқарушы үшін уақыттың әр секунды қымбат, қабылданған әр шешімнің салмағы ауыр. Олар үшін ең үлкен марапат – қауіптен аман қалған адамның алғысы мен отбасына аман оралған жанның қуанышы. Ал кәсіби мереке – осы жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы орнын айшықтайтын күн.


Өз тілшіміз

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT