Құтқарушылардан құралған ұжым

 

Қазіргі Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылын қоныстанған №6 өрт сөндіру бөлімі (ӨСБ) 1982 жылдың сәуір айында Халық депутаттары Новобогат аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Әжіғали Нысанбаев қол қойған өкіммен жартылай әскери №6 ӨСБ болып құрылды. Осылайша енді ғана қағаз жүзінде арнайы өкіммен дүниеге келген жаңа бөлімге теміржол саласына қарасты ПЧЛ аталатын мекеменің 1968 жылы салынған ғимараты пайдалануға берілді.

Құрылуы сол уақытта аудан өміріндегі жағымды жаңалықтардың біріне саналған аталған бөлімге басшы болып Құспанов Бердеш ағамыз тағайындалды. Бөлім басшысының орынбасарлығына марқұм Мұхтаров Қуаныш тағайындалып еді. Сонымен қатар бөлімде өрт қауіпсіздігі инспекторы болып марқұмдар Қайдаров Кенжебай мен Есмахов Аманқос және бүгінде Атырау қаласында тұратын сала ардагері Дүйсекенов Сейтжан ағаларымыз қызмет қылды. Осы бөлім ашылған алғашқы кездері Қапаев Қапсиқ, марқұмдар Қыдыралин Абат пен Ниғметов Сырым сынды азаматтар және басқа да жас жігіттер жұмысқа келіп, кейін осы саладан зейнеткерлік демалыстарына шықты. 

Аталған бөлім кейіннен, нақтырақ айтқанда, 1997-ші жылы толықтай әскери «Авариялық құтқару төтенше жағдайлардың алдын алу» №6 ӨСБ болып қайта құрылды. Қайта құрылған осы жылдан бастап бөлімге Дүйсекенов Сейтжан ағамыз басшылық етті. 2003 жылдан бастап С.Дүйсекенов облыстық департамент басшысы болып тағайындалды. Ал оның орнына сол 2003 жылы Қыдралин Бейімбет басшы болып келді. Одан кейін бөлімге басшылық лауазымда Шахабаев Серік болды. 

Уақыт бір орында тұрмайды, арада жылдар жылжып өтіп жатыр. Қазіргі уақытта 1997 жылдан бастап жұмыс жасаған қыз-жігіттер зейнеткерлікке шығып үлгерді. Олардың арасында еңбек жолдарын басқа салалардағы қызметте жалғастырып жатқандары да бар. 

Менің өзім де 1986 жылдан 2012 жылға дейін осы ұжымда өрт сөндіруші, бөлімше командирі, бөлім старшинасы, газ түтінінен қорғау қызметінің аға шебері лауазымдарында жұмыс жасадым. 

Ұжым құрылған кезден бергі уақытта өрт оқиғаларын жою бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Оның ішінде жеке тұрғын үйдегі, қора-қопсыдағы, ғимараттардағы өрт оқиғаларын жою жағдайлары жиі кездескені жадымда қалды. Сол жұмыстардың нәтижесінде адамдардың өмірін сақтаған, дүние-мүліктерді өрт құрсауынан алып шыққан құтқарушылардың, яғни бөлімнің өрт сөндірушілерінің еңбегі аз болған жоқ. Сол уақыттарда ерекше батылдық көрсетіп, белсенді жұмыс жасаған әріптестерім алғыс хаттарға және төсбелгілерге, басқа да марапаттарға ие болып, мерейлері үстегеніне талай мәрте куә да болғанымыз бар. 

Аталған ұжымның, яғни өрт сөндіру бөлімінің құрылғанына биыл 44 жыл толып отыр. Ал біздің кәсіби мерекеміз – Төтенше жағдайлар министрлігі мен азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлерінің, өрт сөндірушілердің және құтқарушылардың ерлігіне құрмет көрсетуді мақсат тұтқан Құтқарушылар күні 19 қазанға белгіленген. Абдуллин Бағдат, Ахметқалиев Дидар, Сағындықов Райымбек, Сапарғалиев Манарбек сынды азаматтар басшылық етіп келе жатқан ауданның төтенше жағдайлары саласындағы ұжымды және саланың ардагерлерін осынау кәсіби мерекелерімен құттықтап, жемісті еңбек, мықты саулық тілеймін!

Мақсот САБЫРОВ,
ауданның азаматтық қорғау органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT