Қуандық ағаның қуанышы

 

Бүгінде сеңгірлі 80 жасқа толып отырған ардагер қаламгер Қуандық Батырұлы Батыровтың есімі исатайлықтар үшін сонау 1977 жылы аудан қайта құрылып, аудандық газет «Нарын таңы» сынды жаңа атаумен жылнамасын жалғастырғанда оның бас редакторы болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, редакция ұжымын қалыптастырып, журналист кадрларды дайындауға қосқан үлкен еңбек үлесімен жақсы танымал. Аудан айнасына он жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз басшылық еткен журналист кейінгі жылдарда облыстың ақпарат саласында тер төге жүріп сеңгірлі белеске сергек қалпында қадам басып отыр. 

 

 

Өткен жұмада «АтырауАқпарат» ЖШС баспасөз орталығында Т.Амандосов атындағы сыйлықтың алғашқы иегерлерінің бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі, республикалық «Сахара» газетінің бас директоры-редакторы, Индер ауданының Құрметті азаматы Қуандық Батырұлының 80 жасқа толуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Атырау облыстық бас редакторлар клубының мұрындық болуымен өткен бұл салтанатта ақпараттық сала қызметкерлері мен ардагерлері бас қосты. Шараға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов арнайы қатысып, мерейтой иесіне облыс әкімі С.Шәпкеновтің құттықтау хатын табыстады.

 

 

«Баспасөздің сардары» аталған шара мерейгер хақында сыр толғайтын «Журналистік жылдар жаңғырығы» (құрастырушы - Қазақстанның Құрметті журналисі Сүйеу Халықов) кітабының тұсауын кесумен ашылып, облыстық бас редакторлар клубының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин ардагер әріптестің еңбек жолымен таныстырып, игі тілегін арнады. Салтанаттағы сөз кезегін алған Исатай ауданынан барған делегация жетекшісі, аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов аудан басшысы Н.Мусиннің құттықтау хатын табыс етіп, мерейгерге сыйсияпат ұсынды. 

 

 

Осындай жылы лебізді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Өтешовтің атынан орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі Исатай Балмағамбетов білдіріп, Қуандық Батырұлына құттықтау хатымен бірге «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» ескерткіш төсбелгісін табыстады. «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директоры Н.Елеусіновтің құттықтауын орынбасары Серік Қабдолов табыс етсе, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика бөлімінің деканы Сәлімгерей Аймұратов университеттің «Алтын медалін» тақты, облыстық полиция департаменті бастығы О.Бекеевтің құттықтауын ұсынған құзырлы орган өкілі Ерлан Биғамбаев қарт журналистің иығына ұлттық нақыштағы шапан жауып құрмет көрсетті.

 

 

Ізгі ниетті құттықтаулар мен игі тілектерін жолдаған Қазақстан Журналистер одағының Атырау облыстық бөлімшесі төрағасы Алма Қалусариева, облыстағы ақпарат саласы ардагерлері ұйымының төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі Нұрлан Қабылов, облыстық кәсіподақ федерациясы басшысы Әлібек Семғалиев, «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Қайрат Сатаев, «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Азамат Базарбаев, «Нарын таңы» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Жоламан Дәулетияр және басқалары да мерейгер жайлы естеліктерімен бөлісті, жыр жолдарын арнады.

 

 

Соңында мерейгер Қуандық Батырұлы шараны ұйымдастырушы облыс әкімдігі мен бас редакторлар клубына алғыс сезімін білдіріп, үлкен-кіші әріптестері мен тілеулестерінің баршасына шынайы ризашылығын жеткізген жиын көңілде көрікті әсер қалдырды.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT