Астана қаласында «Атырау Ардақтысы» республикалық байқауы өтіп, еліміздің әр өңірінен келген білікті мамандар кәсіби білімдерін ортаға салды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығы ұйымдастырған екі күндік додада қатысушылардың өз мамандығын қаншалықты меңгергені, теориялық білімі мен ойлау қабілеті сараланды. Байқау қорытындысында жерлесіміз Қуаныш Тахаев топ жарып, І орын иеленді.
Сайыс бағдарламасы мамандардың кәсіби дайындығын жан-жақты бағалауға негізделді. Қатысушылар жоғары оқу орнында білім алып, диплом алған мамандығы бойынша 30 сұрақтан тұратын тест тапсырды. Сонымен қатар «Мен неге осы мамандықты таңдадым?» тақырыбында эссе жазып, кәсібінің өміріндегі және еңбек жолындағы мән-маңызын тарқатты. Осы екі тапсырма арқылы мамандардың білімі екі қырынан сыналды. Тест олардың өз мамандығы бойынша теориялық дайындығын көрсетсе, эссе кәсіби көзқарасын, ой қорыту қабілетін және өз ісіне деген ұстанымын танытты. Яғни байқауда білімді білу ғана емес, оны түсіну мен ойын сауатты жеткізу де маңызды болды.
Қуаныш Мәдиұлының мамандығы – құқықтану. Ол байқауда осы салаға қатысты сұрақтар бойынша тест тапсырып, кәсіби білімін сынады. Құқық саласында алған білімін еңбек тәжірибесімен ұштастырып келе жатқан маманның жалпы еңбек өтілі – 10 жыл. Оның 7 жылы мемлекеттік қызметке арналған. Бүгінде ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарады.
Халықпен тікелей жұмыс істейтін бұл салада құқықтық сауат пен кәсіби тәжірибенің маңызы зор. Өйткені тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу барысында заң талаптарын дұрыс қолдану, әр жағдайды жан-жақты саралау және нақты шешім қабылдау қажет.
Иә, мамандыққа деген құрмет оның атауымен емес, сол кәсіпке адал еңбекпен өлшенеді. Өз ісінің қыр-сырын меңгеріп, жылдар бойы тәжірибемен шыңдалған маманның кәсіби додада топ жаруы да – еңбектің еленгені. Қуаныш Мәдиұлының бұл жетістігі өз мамандығына деген адалдық пен кәсіби ізденістің қатар жүретінін көрсетті.
Жайна ИСЛАТ


