Қылқалам сөйлеген кеш

 

Қазақ руханиятында ән мен суретті, сезім мен сағынышты қатар өрген тұлғалар сирек. Сондай дара дарындардың бірі – Ілия Жақанов. Биыл өнер иесінің туғанына 90 жыл толуына орай Қамысқала ауылдық мәдениет үйінде өткен «Саз әлеміндегі сурет» атты аудандық фестиваль өнердің үндестігін айшықтаған тағылымды шараға айналды.

Фестивальдің басты ерекшелігі – әнмен танылған тұлғаның суретшілік болмысын жас ұрпаққа өзгеше қырынан танытуында. Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы Ілия Жақанұлының шығармашылығын насихаттап қана қоймай, ұлттық өнерге қызығушылықты арттыруды, ел ішіндегі жас суретшілерге қолдау көрсетуді мақсат еткен. Бүгінде рухани құндылықтар мен ұлттық өнердің салмағы жиі сөз болғанымен, ауылдағы осындай мазмұнды бастамалар оның нақты көрінісіне айналып отыр.

Кеш шымылдығы поэзия мен театрланған қойылым арқылы ашылды. Сахнадағы көріністе суретшінің қиялы мен ішкі әлемі бейнеленіп, көрерменді өнердің тылсым кеңістігіне жетеледі. Содан соң Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің бейнелеу өнері, еңбекке баулу және сызу пәндерінің мұғалімі Нұрболат Жолдасқалиұлы фестивальдің мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, мұндай шаралар жас буынның шығармашылық ізденісіне серпін береді әрі ұлттық өнерге деген құрметті күшейтеді.

 

 

Екі кезеңнен тұрған байқауда алты қатысушы бақ сынады. Алғашқы кезеңде қатысушылар үйден әзірлеп келген автордың портреттерін таныстырды. Әр суреттен суретшінің тұлғаға деген өзіндік көзқарасы, ішкі сезімі мен шығармашылық қолтаңбасы аңғарылды. Бірі композитордың ойлы жанарын бейнелесе, енді бірі оның өнерге адал болмысын бояу арқылы жеткізуге тырысқан. Ал екінші кезеңде қатысушылар өз ауылдарының табиғатын қағаз бетіне түсірді. Бұл бөлім суретшілердің тек техникалық шеберлігін ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілігін де байқатты. Сондай-ақ шара барысында ауыл өнерпаздары Ілия Жақановтың «Кемеңгер кештері» әнін орындап, кештің рухани әсерін тереңдете түсті. Ән мен бейнелеу өнерінің осылайша қатар өрілуі фестивальдің мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Фестиваль соңында қатысушылар марапатталып, арнайы сый-сияпаттарға ие болды. Алайда бұл кештің ең үлкен олжасы – өнерге деген құрметтің артуы, ұлттық рухтың жаңғыруы және Ілия Жақанов мұрасының жас ұрпақ жадында жаңаша жаңғыруы еді.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT